ЛУДОМАНИЯНЫҢ АЛДЫН АЛУ БОЙЫНША СЕМИНАР-ТРЕНИНГ ӨТТІ
Қоғам дамиды. Техникалық прогресс алға жылжиды. Сәйкесінше, цифрлық жүйенің қоғам өміріне дендеуімен бірқатар қызметтерге қолжетімділік артады. Бұл тұрғыдан келгенде, елімізде атқарылып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Қазіргі таңда қазақ қоғамы үйде отырып-ақ талай қызметті алып жатыр. Дегенмен мұның теріс жағы да баршылық. Мәселен, әлеумет смартфонға шырмалып қалды. Ақпараттардың сүзгісіз-ақ әлеуметтік желіде кең тарауымен түрлі түйткілді мәселелер туындап жатыр. Оның ішінде жат қылық, жаман әдетті насихаттайтын түрлі жарнамалар бар. Сәйкесінше, оңы мен солы қалыптаспаған жастар осындай теріс ағымдағы жаман әдеттерге үйір болып барады. Оның ішіндегі ең өзектісі – құмар ойынға тәуелділік.
Сәйкесінше, лудомания – адам өміріне ауыр зардаптар әкелетін психологиялық дерт. Құмар ойын тәнді ауыртып, жанды жемегенімен, сананы улап, айрандай ұйып отырған отбасының шаңырағын шайқалтуға қауқарлы. Тіпті, шаңырақ құрмаған жастардың өзін шыңырауға тартып, өзіне тәуелді етіп, ақыр аяғында ауыр қылмыстар мен алаяқтыққа апарады. Оған құныққандар қоғамнан ажырайды. Өздерінің әлеуметтен бөлектенген шағын ғана өмірінде тіршілік етеді. Тілдесуден, сөйлесуден, пікір алмасып, адамдармен араласудан қалады. Тұлға ретінде дамуды тоқтатады. Сондықтан болар, әлемде бұл түйткіл әлдеқашан аурулардың санатына кіргізілген. Арнайы «лудомания» деген терминнің енуінің өзі тектен-текке емес. Бұл дерт бүгінде қазақ қоғамына ғана ауыр салмақ салып отырған жоқ. Азуын айға білеген алпауыт елдерде де тамырын кеңге жаюда. Мәселен, АҚШ-тағы құмар ойындар проблемаларымен күрес жөніндегі қауымдастықтың зерттеуіне сүйенсек, әлемдегі кез келген қала тұрғынының аяқ астынан қылмыскерге айналуы 6 процент болса, маскүнемге айналуы – 34 процент, нашақорлыққа салынуы 32 процентті көрсетсе, ойынқұмар болуы 48 процентке жетеді екен. Демек, адам құмар ойынға әп-сәтте тәуелді болып қалуы мүмкін, оның еліктіру күші есірткіден де асып түсіп тұр. Сондықтан да жаһан елдері ауқымды мәселемен күреске барын салып, түрлі бастамаларды қолға алып жатыр. Әрине, жастар беймәлім әрі тыйым салынған істерді істеп көруді құп көреді. Оның артында қандай мәселеге ұрынарын саралап, салмақтай бермейді. Сондықтан да бұл кеселді әрекеттің тұзағына түсетіндердің дені – жастар. Сондықтан елімізде бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, бір ғана Түркістан облысында жыл басынан бері ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде мектеп жасындағы мыңдаған оқушы мен орта арнаулы оқу орындары және жоғары оқу орнында оқитын жүздеген жастар тың ақпараттарға қанық болды. Қазіргі уақытта мектептегі мыңдаған шәкірт жазғы демалысқа шықты. Дегенмен жастар ұйымдары тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар бір сәтке болсын толастаған емес.
Жуырда Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Сарыағаш және Келес аудандарының келеңсіз жағдайлар мен жат қылықтардан зардап шеккен жастарына психологиялық көмек көрсету мақсатында «Құмар ойынға құмартпа!» атты лудоманияның алдын алу бойынша семинар-тренинг өткізілді. Семинар-тренингте «Komek center» тәуелділікті оңалту және емдеу орталығының психологы, педагогика ғылымдарының магистрі, практик-психолог Тұрсынбаева Айсұлу Полатқызы және «Заңғар-Медет» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Дарханбаева Лайла инновациялық технологияларды қолдана отырып, лудоманиямен күресу жолдарын түсіндірді. Лудомания – адам өмірінде басым рөл ойнайтын, әлеуметтік, кәсіби, материалдық және отбасылық құндылықтардың төмендеуіне әкелетін патологиялық ойын құмарлығы. Бұл дерт күн өткен сайын қанатын жайып, өмір шырғалаңында талайларды шырылдатты. Қоғамдық дертті, қоқысқа тастайтын уакыт жетті. Уақыт өткен сайын жастарымыздың санасын улап, құрдымға түсіруде. Мәселені уақыттың еншісіне қалдырмай, тисінше дұрыс әрекет жасап, жастарымызды дерттен сауықтырып, уақытты емшіге айналдыруымыз қажет. Осы және өзге де пікірлер айтылған жиын барысында жастарға тың ақпараттар беріліп, пікірлері тыңдалды.
Бұл мәселенің күн тәртібінен түспей келе жатқанына біраз болды. Елімізде лудомания үлкен мәселеге айналғаны соншалық, бұған ел Президентінің өзі баса назар аударды. Дәлірек айтсақ, Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың жекелеген санаттары үшін құмар ойындарға қатысты шектеулерді күшейтуді тапсырды. Өйткені елде қауіпті кеселге айналған лудоманиядан құтылудың жолдарын іздеп жүргендердің қатары 300 мыңнан асады. Масс-медиа беттеріндегі кей деректе 400 мыңға жуық азамат букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенті делінген. Сол мәжілісте Президент сөзіне тұздық қылған депутаттар да құмар ойындар жылжымайтын мүлік нарығын басып озып, алдыңғы орынға шыққанын айтты. Нақтырағы, Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев өз сөзінде «Деректерге жүгінсек, кейінгі екі жарым жылда еліміздің әрбір бесінші адамы ойын ойнайды немесе құмар ойындарға қандай да бір қатысы бар. Ажырасудың 40 пайызына осы лудомания тікелей себеп болып отыр. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа баратындардың дені – құмар ойынға шалдыққандар. Мәселен, 2022 жылы елімізде 3 мың 676 адам өзіне-өзі қол жұмсап қайтыс болса, олардың әрбір бесіншісінің себебі – лудомания. Араға 1,5 жыл салып ойын бизнесін реттеу бойынша заң жобасын қолға алып отырмыз. Құжатқа Үкіметтен қорытынды алу оңай болмады. Әдетте басқа заңдар бойынша қорытындыны 1–2 ай күтетін болсақ, бұл заңға келгенде тым созылып кетті. Екі шақырылымдағы депутаттық тәжірибемде осыншама ұзақ уақыт бойы Үкімет қорытындысын алуды бірінші көріп отырмын. Демек, мұның айналасында мүдделі топтар, лоббистер бар деген сөз. Яғни, мұнда үлкен қаражат айналып жатыр. Мәселен, былтыр букмекерлік кеңселердің жылдық айналымы бейресми ақпараттар бойынша 1 триллион теңгеге жеткен екен» деп атап өткен болатын. Осының өзі мәселенің қазіргі уақытта қаншалықты ауқымды екенін айғақтаса керек. Жоғарыда біз сөз еткен жиын барысында осы салада атқарылып жатқан жұмыстар, статистикалық көрсеткіштер спикерлер тарапынан айтылып, кеңінен сараланды. Құмар ойынның құрдымға апаратыны айтылды. Жалпы кеселді дүниемен күресті ақпараттық-насихат жұмыстарын жүргізу арқылы шешу мүмкін емес. Сондықтан да елімізде арнайы заң қабылданғанын айта кеткеніміз жөн. Заң жобасына сәйкес, құмар ойнайтындар қатысушылардың бейне-биометрикалық идентификациядан өтуі міндеттеледі. Ал мемлекеттік қызметшілердің, құқық қорғау және әскери қызметкерлердің құмар ойындарына қатысып, бәс тігуіне мүлде тыйым салу көзделген. Бұл норма күшіне енсе, 220 мыңға жуық мемлекеттік қызметкердің құмар ойын ойнауына шектеу қойылмақ. Бұл ғана емес, заң жобасында құмар ойындарда бәс тігу жасы ұлғайтылады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес 21 жастан асқан азамттарға құмар ойындарына бәс тігуге рұқсат етілген. Жаңа заң жобасында бұл шектеу кеңейтілген, енді 25 жасқа толмаған адамға бәс тігуге тыйым салынбақ. Ал ойнау жасына келмеген азаматтарға заңсыз ойын ойнауға мүмкіндік берген заңды тұлғаларға қомақты көлемде айыппұл салынып, қайталанатын жағдайда лицензиялары тоқтатылады. Бір қызығы, енді жастарға энергетикалық сусындар да сатылмайтын болды. Бұл туралы мәжілісмен Елнұр Бейсенбаев «Құмар ойындарға тәуелді азаматтар түні бойы ұйықтамай құмар ойын ойнау үшін энергетикалық сусындардың негізгі тұтынушылары болып отыр. Сонымен қатар, ҚМА мәліметтері бойынша, бүгінде 200 мыңнан астам кәмелетке толмағандар үнемі құмар ойындар ойнаған. Қазір тіпті 10 жасар бала да энергетикті оңай сатып ала алады. Осыған байланысты, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін 21 жасқа дейінгі адамдарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынды» деп атап өтті.
Бұл ғана емес, кеселді дүниемен күрес бағытында арнайы жұмыс жоспары да бекітілген. Нақтырағы, жуырда Үкімет заңсыз ойын бизнесіне және лудоманияға қарсы күрестің 2024-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарын қабылдады. Бұл туралы Ерлан Қарин Telegram-дағы парақшасында жазған болатын. Атап айтсақ, «Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен үшінші отырысында лудоманиямен күресу үшін жүйелі жұмыс жасап, кешенді жоспар құруды, сондай-ақ тиісті заңды тезірек қабылдауды тапсырған еді. Естеріңізде болса, Мәжіліс бұған дейін осыған қатысты заң жобасын бірінші оқылымда қарастырған болатын. Қабылданған кешенді жоспардың іс-шаралары заң жобасының негізгі ережелерімен толық үндеседі. Кешенді жоспардың жобасын сарапшылар, сондай-ақ Жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшелері кеңінен талқылады. Жоспар 4 бөлімнен және 28 тармақтан тұрады. Оның сапалы орындалуына 15 орталық және 20 жергілікті мемлекеттік орган жауапты болады» деп жазды Мемлекеттік кеңесші. Сондай-ақ ол лудоманияға қарсы күресте мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың және бүкіл қоғамның жұмылуы, дәйекті әрі жүйелі жұмыс жасауы аса маңызды екенін ескертті.
Қош делік, қорыта айтсақ, лудомания сынды қоғамдық кеселмен күресте қоғамның бірлігі мен ынтымағы аса қажет. Сонымен қатар түйткілдің ауыр зардаптарын қоғамға кеңінен насихаттаудың да маңызы айрықша. Өйткені жастар арасында оның салдарын салмақтамай, қызығушылықпен тәуелділікке ұрынып жатқандардың қатары қалың. Мұны статистика көрсетіп отыр. Тіпті, бұған дейін халық қалаулылары мектеп оқушыларының өзі өзгенің атынан құмар ойын найнайды деген деректер айтыла бастаған еді. Демек дерт қоғамға дендеп бара жатыр. Кейбір ата-аналардың баласының мұндай жат қылық, жаман әдетке үйір болуын өткінші әрі қалыпты құбылыс санайтыны мәселені ушықтыра түсуде. Сондықтан да біз сөз еткен ақпараттық-насихат жұмыстарының бір сәтке болсын тоқтамауы тиіс. Бұл тұрғыдан келгенде, Түркістан облысында атқарылып жатқан жұмыстар жайын газетіміздің әр санында тарқата баяндап жатырмыз. Күнгейде қазіргі уақытта ата-аналармен, психологтармен, құқық қорғау органы қызметкерлерімен ұдайы жиналыстар өткізіліп жатыр. Мемлекеттік қызметшілерге де түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Мұның өзі жағдайдың оң бағытқа өзгеруіне әсер етері айқын. Ең бастысы, мәселенің ауыр екенін, мұның қалыпты құбылыс емесін қоғам жіті түсініп, жауапкершілікті сезінуі керек. Әйтпегенде түйткілдің түйіні тарқай қоймайды.