«SUPER BOL» РЕАЛИТИ ШОУЫНЫҢ ФИНАЛЫ ӨТТІ

Шымкент қаласында көптеген ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылып келе жатыр. Осының арқасында шаһардың атын алыс-жақын шетелдер жақыннан тани түсуде десек, артық айтқанымыз емес. Мәселен, жуырда үшінші мегаполистегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионда «Super bol» қазақстандық əлеуметтік жобасының финалдық матчы өтті. Ағымдағы жылы жоба ауқымдылығына байланысты, шетелдік аудиторияның елімізге деген қызығушылығы артты.

Бұл матчқа еуропалық, азиялық жəне қазақстандық клубтардың скауттары, сондай-ақ «Челси» мен Франция құрамасында ойнаған əлемдік футболдың супер жұлдызы Флоран Малуда, сондай-ақ ПСЖ мен Сенегал құрамасының бұрынғы ойыншысы Халилу Фадига арнайы келді. Жалпы бірегей жəне ауқымды жобаның ең басты мақсаты – жастардың спорт пен бəсекелестікке деген қызығушылығын арттыру. Жоба өзінің ауқымдылығы мен бірегейлігінің арқасында отандық жəне шетелдік аудиторияның елімізге əрі футболға деген қызығушылығын жоғарылатты. Қазақстандық футболды сапалы жаңа деңгейге шығару процесін бастауға көмектесетін импульске айналып жатыр. Осы орайда, шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, матчқа арнайы келген әлем футболының жұлдыздары Флоран Малуда мен Халилу Фадигаға арнайы сыйлықтар табыстады.
Сонымен қатар қала басшысы мегаполисіміздің дамуы мен гүлденуіне елеулі үлес қосқан азаматтарға «Шымкент қаласының құрметті азаматы» атағын табыс етті. Олардың қатарында белгілі режиссер, «Ника» сыйлығының және Канн кинофестивалінің лауреаты Сергей Владимирович Дворцевой және КСРО спорт шебері, қазақ футболының аңызы Евстафий Алкивиадович Пехлеваниди бар. Танымал екі тұлға да Шымкент қаласында дүниеге келген.