АЛҚАЛЫ ЖИЫНДА АУҚЫМДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ЖАЙЫ СӨЗ БОЛДЫ
Шымкент қаласының халқы жылдан жылға артып келеді. Мұндай уақытта өзекті мәселелермен күрес шараларына айрықша мән беру керек. Әсіресе, қылмыстық құқықбұзушылықтармен күрес жұмыстарының қарқын алуы тиіс. Сонда ғана шаһардың имиджі оң болып, кәсіпкерлік, туризм сынды салалардың дамуына жол ашады. Осы орайда, жуырда қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссия отырысын өткізді.
Жиынға құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, аудан әкімдері және басқарма басшылары қатысты. Шымкент қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары А.Бейсенбаев нашақорлық, суицид, ұрлық және интернет алаяқтық қылмыстарын алдын алу бойынша атқарылып жатқан кешенді шараларды баяндады. Айтуынша, есірткінің заңсыз айналымына байланысты құқықбұзушылықтарды анықтау, олардың жолын кесу және нашақорлықты алдын алу бойынша тиісті шаралар жүргізілді. Жыл басынан қаламызда есірткіге қатысты 201 қылмыстық құқықбұзушылық анықталған. Ағымдағы жылдың 5 айында қалада 265 интернет-алаяқтық қылмысы тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 16,1 пайызға азайған. Сондай-ақ жиында Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары А.Манатұлы қаржы пирамидаларының профилактикасы туралы баяндады. Сөзінше, аталған бағытта осы жылдың 5 айында 3 қылмыстық іс анықталып, тіркелді. Оның біреуі өндіріспен аяқталды, екі іс өндірісте. Бұл ретте халық арасында түсіндіру шараларын күшейту тетіктері қарастырылып отырғанын айта кету керек.
Қазіргі уақытта сыбайлас жемқорлыққа қарсы профилактикалық жұмыстарды комиссия мүшелері тұрақты түрде жүргізуде. Дегенмен қала басшысы бұл бағыттағы шараларды күшейту қажеттігіне тоқталып, аудан әкімдері мен басқарма басшылары комиссия аясында бекітілген іс-шараларды сапалы әрі мүлтіксіз орындауы тиіс екенін жеткізді. Сонымен қатар отырыс барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департамент басшысы Д.Ерғарин жергілікті атқарушы органдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте атқарып жатқан жұмыстарына баға бере отырып, оны жетілдіру жолдарын комиссияға ұсынды. Отырыс қорытындысында қала әкімі тұрғындардың қауіпсіздігі күн тәртібінде бірінші мәселе болып қалуы тиіс екенін айта келе, жауаптыларға аудандық полиция басқармаларымен бірлесіп, кешенді шаралар қабылдауды, жұмыстың нәтижелі болуын қамтамасыз етуді тапсырды.