МӘСЕЛЕЛЕР БОЙЫНША МАҢЫЗДЫ ШЕШІМДЕР ҚАБЫЛДАНДЫ
Жуырда Шымкент қаласы мәслихатының ХVII сессиясы өткен болатын. Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен өткен сессия отырысында 12 мәселе қаралды. Олардың ішінде 2023 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы есептер, мәслихаттың 2 депутатының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының орындалу барысы, цифрландырудағы жобалар, «Шымкент қаласының Құрметті азаматы» атағын беру туралы мәселелер бар.
Жиын барысында былтыр атқарылған жұмыстар жайы да сарапталды. Өткен жылы мегаполистің әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика қалыптасқан. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 2,7 пайызға, негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 26 пайызға, бөлшек сауда көлемі 19,8 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі 13,2 пайызға, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерімен шығарылған өнім көлемі 17,6 пайызға артқан. Цифрландыру саласында да өзгерістер көп. Қазіргі уақытта Астана қаласы әкімдігінің тәжірибесі негізінде жергілікті атқарушы органдардың функцияларын тоқтаусыз автоматтандыру жоспарлануда. Ал мемлекеттік-жекешілік әріптестік аясында бүгінгі таңда қалада 58 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның ішінде 16 жоба аяқталды.
Сессия барысында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды. Қала басшысы мегаполисті дамытуда қабылданған оң шешімдерге тоқталып, мәслихат депутаттарына алғысын білдірді. Сонымен бірге сессияда сайлау комиссиясының төрағасы Қайырбек Құнанбаев жаңадан сайланған Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Бақытжан Позиловты таныстырып, төсбелгісін табыстады.