TIKTOK-ПЕН ТАНЫЛҒАНДАР ДА, ЖЕЛІГЕ ТАҢЫЛҒАНДАР ДА КӨП
Аида Балаева бұғаттау мәселесіне қатысты
пікір білдірді
Қоғам өмірі қазіргі уақытта смартфонға шырмалып қалды. Бесіктен белі шықпай гаджетке басымен кіріп, айналасында не болып жатқанын білмейтін бүлдіршіндер көбейді. Сондықтан болар тілі кеш шығатын балалардың саны артып барады. Бұл ғана емес, кейбір желілерде түрлі теріс қылықтар кеңінен насихатталатын болды. Жат әдет пен жалаң ұранды жарнамалайтындардың басым бөлігі де насихат жұмыстарын түрлі әлеуметтік желілерде жүргізуді әдетке айналдырды. Оның қатарында соңғы кездері елімізде ғана емес, күллі әлемде кеңінен талқыланған TikTok желісі бар. Рас, бұған дейін әлеумет арасында жастарды жат қылыққа тартатын бұл желіні бұғаттау бастамасы көтерілген еді. Ал жауапты министрлік не дейді? Желіні жапқан дұрыс па әлде теріс насихатпен күресу тиімді нәтиже бере ме? Бүгінгі материалымызда осы тақырып турасында тарқата баяндамақпыз…
Жалпы бұл тақырып батыс елдері арасында бұрыннан талқыланып келе жатыр. Әлем алпауыты АҚШ-та мемлекеттік қызметшілерге TikTok пайдалануға тыйым салынған. Жуырда ғана ел президенті Джо Байден әлеуметтік желіні қолдануға тыйым салатын заң жобасына қол қойды. Бұл ғана емес, бұл желіге 2020 жылдан бастап Үндістанда, 2022 жылдан бері Ауғанстанда тыйым салынған. Иран тұрғындарының да қолдану мүмкіндігі жоқ. Ұлыбритания, Канада, Аустралия сынды елдерде үкіметтік құрылғыларға желіні орнату бойынша тыйым бар. Оны былай қойғанда, биылдың 18 сәуірінен бастап Қырғызстан да жоғарыда аты аталған елдердің қатарына қосылды. Сарапшылардың пікірінше, әлемде бұл желіге тосқауыл қоюдың екі себебі бар. Біріншісі – алпауыт һәм дамыған елдер оның қосымша саяси ықпалы мен ұлттық қауіпсіздікке тигізер кері әсерінен сескенеді. Ал екінші бір елдерді желіде тараған түрлі теріс қылық, жат әдеттер алаңдатып отыр. Осы орайда, біздің елімізде де бұл желіні бұғаттауға қатысты пікірлер көп. Бұдан біршама уақыт бұрын Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Қазақстанда 14,1 миллион қолданушысы бар әлеуметтік желінің зиянын тарқата баяндаған болатын. Өз сөзінде Мәжілісмен «Балалар арасында кең танымалдылыққа ие TikTok-тың жастарымызға рухани зияны артып келеді. Өкінішке қарай, бүгінгі жастар ата-баба тәлімімен емес, негізінен TikTok арқылы тәрбиеленіп жатыр. Онда пайдалы контентпен қатар, баланы жағымсыз әдеттер мен теріс қылықтарға бастайтын бейнематериалдар да жеткілікті» дей келе, зиянды контентті бұғаттау ұсынысын айтқан болатын.
Жауапты министрлік көп күттірген жоқ. 22 сәуір күні ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева желіні бұғаттау мәселесінің қаралып жатқанын баяндады. Өз сөзінде «Бұғаттау мәселесінде көрші елдердің тәжірибесін қарап отырмыз. Шынымен де, қазіргі таңда әлеуметтік желідегі материалдарда құқық бұзушылық фактілер өте көбейіп кетті. Оның барлығы біздің ұлттық қауіпсіздігімізге ықпал етеді. Әлбетте, осындай шараларды қабылдауға болады» деген ведомство басшысы министрлікте зиян әдеттер кеңінен насихатталып жатқан желіні бұғаттау немесе контентке бақылауды күшейту бойынша ауқымды жұмыстардың атқарылып жатқанын емеурінмен білдірген секілді. Министрлік таратқан дерекке сүйенсек, 3 мамырға дейін ведомство компанияға әртүрлі арналардағы 1348 бейнені жоюды сұрайтын 172 хабарлама жіберген. Оның ішінде экстремизмді насихаттайтын 727, қаржы пирамидасын жарнамалайтын 317, елдегі жиналыстар, митингілер, шерулер мен пикеттер туралы ақпарат тараған 67 бейнежазба бар. Сәйкесінше, платформа олардың тек 206-сын ғана жоюға келіскен.
Өз кезегінде, TikTok баспасөз қызметі бұл уәжге 40 мыңнан астам адамның қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында жұмыс істеп жатқанын алға тартқан. Айтуларынша, олардың арасында қазақтілді мамандар да бар. Ал атқарылған жұмыстарға келсек, өткен жылдың төртінші тоқсанында ереже бұзған 1 399 024 бейнероликті жойған. Теріс сипаттағы бейнебаяндардың 86,3 пайызы олар жарияланғаннан кейін алғашқы 24 сағат ішінде бұғатталған. Жалпы былтыр ел аумағында қауымдастық ережелерін бұзған 4 225 396 бейнеролик жойылып отыр. Сонымен қатар платформаның баспасөз қызметі «TikTok кәмелеттік жасқа толмаған, осал топтағы балалар мен жасөспірімдерге ерекше назар аударады. Оны 13 жастан бастап қолдануға болатын болғандықтан, туған күнін, жылын толық көрсетуді талап ететін тіркеу формасы бар. Модераторлар 13 жасқа толмаған балаларға тиесілі болуы мүмкін белгілерді байқауға машықтанған. Егер қауіпсіздік командасы тіркелушінің кішкентай бала екенін анықтаса, онда ол бұғатталады. Мысалы, 2023 жылы бүкіл әлем бойынша 13 жасқа толмаған қолданушыға тиесілі 76 484 236 есептік жазбаны жойды» деп мәлімдеді.
Қош делік, бұл желіде ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева сөз еткен есірткі заттарын, порнографияны, үлкендер мен балаларға қарсы буллинг, экстремистік және теріс діни сипаттағы материалдардың көбі белгілі. Бүгінде талай жасты елітіп, өзіне тартқан желіден келер қауіп те орасан. Ал платформа бұл мәселені жоюға күш салмаса, бұғаттаудан баста амалдың қалмасы анық. Қорыта айтқанда, министрлік тарапынан тиісті жұмыстардың қолға алынғаны белгілі болып отыр. Осының өзі көп нәрседен хабар берсе керек. Ал нақты шешімнің қалар боларын уақыт көрсетеді…
Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.