ТАЛАЙДЫ ЕЛІКТІРГЕН ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ СУСЫН ЕНДІ ЖАСТАРҒА САТЫЛМАЙДЫ

Қоғам арасында энергетикалық сусындардың зияны турасында біраздан бері айтылып жүр. Сау адамды тәуелді етіп, ақыр аяғында дертке шалдықтыратынын ақ халаттылар қанша рет айтып, дабыл қаққанымен, нақты шаралар көрілмей келе жатқан. Енді жағдай өзгереді. Нақтырағы, алдағы уақытта елімізде 21 жасқа толмаған азаматтарға энергетикалық сусындар сатуға тыйым салынады.

Аталған норма Мәжілістің жалпы отырысында қабылданған лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заңда қамтылып отыр. Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, құмар ойындарға әуестенген азаматтар түні бойы сергек жүріп, құмар ойын ойнау үшін энергетикалық сусындарды көптеп алады. Өз сөзінде «Қаржылық мониторинг агенттігі мәліметіне қарағанда, қазір кәмелетке толмаған 200 мыңнан астам адам тұрақты түрде құмар ойын ойнаған. Бұл жасөспірімдер де энергетикалық сусындарды ішіп отырып, бәс тігулері мүмкін. Энергетикалық сусындар алкогольден де қауіпті болды. Қазір 10 жасар бала да энергетикалық сусынды оңай сатып алады. Осыған орай, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 21 жасқа толмаған адамдарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынды» деді депутат.
Айта кетейік, күні кеше Мәжілісте біраздан бері қоғамда кеңінен талқыланып келе жатқан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екінші оқылымда мақұланды. Енді құмар ойынға құмартушыларды зиянды әрекеттен алшақтайтын заң нормалары болмақ. Бұл шаралар көкейтесті мәселеге айналып отырған лудоманияны ауыздықтау мақсатында қолға алынып отыр.

Ж.БАЛАУСА.