ҮЗДІК МАМАНДАР МАРАПАТТАЛДЫ

Түркістан қаласындағы өнер ұжымдары ел деңгейінде мойындалып келеді. Республика көлемінде өткен түрлі сайыстар мен фестивальдерде оза шауып, қаланың атын асқақтатып жүр. Бұл ғана емес, бүгінде тарихи қаланың өнер ұжымдары халықаралық деңгейде өткен түрлі іс-шараларға да белсене қатысып, өнер атты өрісі кең жолда көштің бел ортасында келе жатқанын дәлелдей түсуде. Мұның барлығы қаланың мәдени орталық ретінде тағы бір тынысының ашылуына септігін тигізуде. Осы орайда, жемісті жұмыс пен нәтижелі бастамалардың назардан тыс қалмасы анық.

Сондықтан да жуырда Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай, Түркістан қаласы әкімдігінде салтанатты жиын өтті. Қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаев мәдениет саласында еңбек етіп жүрген өнер майталмандарын мерекемен құттықтап, қала әкімінің Алғыс хатын табыстады. Өз сөзінде «Мәдениет пен өнердің дамуына, рухани байлығымыздың еселене түсуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген баршаңызға қала әкімінің алғысын жеткізуге рұқсат етіңіздер. Рухани астанамыз — Түркістанның мерейі мәдениетімен мәнді, өркениетімен сәнді. Облыс орталығындағы барлық іс-шаралардың шырайы өздеріңіздің еңбектеріңізбен ашылатынын ел біледі, бағалайды. Сіздер төл өнеріміздің танылуына да өлшеусіз үлес қосып келесіздер» деді қала әкімінің орынбасары.
Сонымен қатар салтанатты шара барысында мәдениет саласының ардагері Ұлжалғас Мұстафаева, Р.Сейтметов атындағы сазды-драма театрының директоры Арман Алиев, «Конгрес-холл» көпсалалы кешенінің директоры Асқар Кенехан, Түркістан музыкалық драма театр директорының орынбасары Алмат Сулейменов сөз алып, әріптестеріне құттықтауын арнады.