ЖАСТАР АРАСЫНДАҒЫ КЕЛЕҢСІЗ ЖАҒДАЙЛАРДЫҢ АЛДЫН АЛУ БОЙЫНША ЖИЫН ӨТТІ
Бастапқыда қызығушылықпен басталған әдет ақыр аяғында тәуелділікке жалғасып, сан соқтыруы мүмкін. Қазірде мыңдаған азаматтарды құрығына ілген құмар ойындарының салдары осындай. Жасыратыны жоқ, дәл осы кеселдің кесірінен отбасынан, жұмысынан, туған-туысы мен балаларынан айырылып жатқандар көп. Сондықтан бұл мемлекеттік деңгейде көтерілетін мәселеге айналды. Жалпы ойынқұмарлықтан арылудан гөрі оған жоламауға күш салудың маңызы зор. Бүгінде осы мақсатты көздейтін көптеген бастамалар көтеріліп, сәтті жүзеге асып келе жатыр. Мәселен, бір ғана Түркістан облысында түрлі сала мамандарынан жасақталған ақпараттық топ түрлі мекемелерге бас сұғып, түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.
Мәселен, жуырда Төлеби аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ және аудандық білім бөлімі бірлесіп, дін саласындағы ақпараттық-түсіндіру тобының 2024 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес Қасқасу ауылдық округіне қарасты Б.Түлкиев, Б.Биболатұлы, Керегетас, Қасқасу жалпы орта білім беретін мектептерінің жоғарғы сынып оқушылары арасында келеңсіз жағдайлардың алдын алу бойынша арнайы жиын өткізді. Аталған кездесуге Түркістан облысының дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Б.Абдрахман, аудандық ішкі саясат бөлімінің маманы А.Құрманалиев, аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің психолог маманы М.Оразбай және Қасқасу ауылдық округ әкім аппаратының бас маманы К.Уралбаева қатысты. Келелі жиында ақпараттық-насихат тобының мүшелері аудандағы дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында және этносаралық қарым қатынасты нығайту, ертежүктілік, құмар ойын, мектептегі әлімжеттік, құқықбұзушылық тақырыптары бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізді.
Жиын барысында жастарға құнды кеңестер айтылды. Атап айтар болсақ, Түркістан облысының дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы Б.Абдрахман түрлі теріс діни ағымдардан сақ болуға шақырды. Сонымен қатар қоғамға кесірін тигізіп отырған құмар ойындары жайлы да кеңінен ақпарат берді. Айтуынша, әлемде ойынға тәуелділік себебінен суицидтің 15 есе артуы байқалады. Өткен жылдың 8 айында елде 2620 суицид фактісі тіркелген, оның 2080 ерлер, 540 әйелдер және 139-ы – кәмелетке толмағандар. Сондай-ақ құмар ойындарға қаражат табу үшін адамдар ортақ отбасылық мүлікті сатады, несие алады және қылмыстар жасайды. Мысалы, 2023 жылы Астана қаласында бір азамат ақшалай қаражатқа мұқтаж болуына байланысты көлігін иемденіп, одан әрі сату мақсатында өзінің досын өлтірген. Осылайша, құмар ойындарға тәуелділік ұрлыққа, сеніп тапсырылған мүлікті жымқыруға және басқа да экономикалық қылмыстарға әкеледі. Сондықтан да асыл дініміз мұндай ойындарды құптамайды. Осы және өзге де деректерді келтірген теолог жастарға зиянды әдеттерден аулақ болу керегін ескертті.
Айта кетейік, еліміздегі ажырасулардың 40 пайызына осы лудомания тікелей себеп болған. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа баратындардың дені – осы құмар ойынға шалдыққандар. Ойынқұмарлық елдегі суицидті өршіткен. Мәселен, 2022 жылы елімізде 3 мың 676 адам өзіне қол жұмсап қайтыс болса, олардың әрбір бесіншісінің себебі – лудомания. Жалпы мұндай өткір мәселемен күресте қоғамның бірлігі мен ынтымағы ауадай қажет. Бастапқыда қызығушылықпен ойнап көріп, артынша тәуелді болған азаматтардың саны да елімізде күн санап көбейіп келеді. Сондықтан ауқымды бастамалар көтеріліп, арнайы заң жобасы қаралып жатыр. Онда құмар ойындардың жарнамасына тыйым салу сынды өзекті бағыттар қамтылған.