«БҮГІНГІ БОЙЖЕТКЕН ҚЫЗ» ТАҚЫРЫБЫНДА КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Қыз баланы қазақта кішкентайынан мәпелеп, аялап, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген. Жалғандағы нәзіктік пен пәктікті, инабаттылықты әрбір қазақ қызының бойына сіңірген. Бүгінде интернет кең қолданысқа енді. Қоғамдық түсініктер де өзгерді. Отбасындағы тәрбиемен қатар қоршаған ортаның бала санасына әсері артты. Сондықтан болар, түрлі жат қылықтар мен теріс әрекеттер қылаң бере бастады. Сол үшін қоғамдағы қыз баланың тәрбиесі өте өзекті болып отыр. Бұл тұрғыдан келгенде, отбасы институтын нығайту мен түрлі жат қылықтардан жастарды алшақтату мақсатында түрлі бастамалар көтеріліп, сәтті жүзеге асып келе жатқаны белгілі. Оның ішінде Түркістан өңірінде қолға алынған жемісті жұмыстарды айрықша айта кету керек.

Бүгінде Түркістан облысына қарасты аудандар мен қалаларда ұрпақ тәрбиесі сынды маңызды бағытты ілгерілету бойынша бірқатар шаралар қолға алынып жатыр. Оның ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясы да жақсы нәтижеге жетуге ықпал етер бастамаларға қолдау көрсетіп келеді. Мәселен, жуырда Кентау қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің қатысуымен «Бүгінгі бойжеткен қыз» тақырыбында кездесу өтті. Кездесуді Түркістан облыстық «Қоғамдық келісім» КММ Кентау қалалық филиалының маманы А.Құрманбаева ашып жүргізіп отырды. Жиынға Кентау қалалық әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу бөлімінің психолог маманы Г.Таубаева, медицина бөлімінің маманы Б.Қалманбай, психолог маманы Н.Оспанова және №17 Ә.Навауи атындағы жалпы орта мектебінің ұстаздары мен 8-9 сынып қыз балалары қатысты. Шарада жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік, нашақорлық, құмарпаздық немесе лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм сияқты әлеуметтік кеселдермен күресу жөнінде сөз қозғалды. Сонымен қатар әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу орталығының міндеттері туралы ортаға салынды.
Жасыратыны жоқ, жоғарыда аты аталған мәселелердің баршасы да өзекті. Дегенмен әлеумет арасында ауқымды зардаптарымен орны ерекшеленетіні – лудомания. Жуырда Парламент қабырғасында да аталған түйткіл талқыланған еді. Міне, сонда депутаттар студенттерінің 30-40 пайызына дейін ойынға тәуелді университеттер бар деген деректі алға тартқан болатын. Осы орайда, жиынға қатысқан мамандар лудомандардың белгілері мен әрекеттері турасында кеңінен ақпарат беріп өтті. Кентау қалалық әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу бөлімінің психолог маманы Г.Таубаеваның айтуынша, лудомандардың тек 8 пайызы ғана өздерінің тәуелді екенін мойындайды. Қалғаны бұл теріс әрекетті қалыпты құбылыс санайды. Осының кесірінен шаңырағы бұзылып жатқандардың қатары қалың. Деректерге сүйенсек, елдегі ажырасудың 40 пайызына құмар ойындары себепші болып отыр. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың да дені дәл осы мәселеге тікелей байланысты. Тіпті, отбасының ойранын шығарып, әйелін өлімші етіп сабаған, өлтіруге дейін барған қылмыстардың артында лудомания тұрғанын бұқаралық ақпарат құралдары жазып жатыр. Бұл ғана емес, соңғы уақытта әскерде де бұл мәселе ушыға түскен. Сондықтан айналадағы достар мен өзге де қатарластардың әрекетін бақылап, күдік тудыратын тұстар болса, ұстаздар мен ата-аналарға алдын ала хабарлаудың маңызы айрықша.
Айта кетейік, жуырда Парламент қабырғасында Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев «Өкінішке қарай, бұл дерт қазір әскерде де кең етек алған. Олардың көбі құмар ойынның шырмауынан шыға алмай жатқанын білеміз. Осыдан бір жыл бұрынғы курсанттың өз-өзіне қол жұмсаудағы себебі де – ойынқұмарлық дерті» деп атап өткен еді. Депутат келтірген дерек бойынша, елімізде қылмыс жасайтындардың 20 пайызы лудомандар екені белгілі болған. Олар бәске тігетін ақша табу үшін алдымен қарыз алады, содан соң ұрлық, тонау секілді қылмыстарға барады. Тығырыққа тірелгеннен кейін өмірмен қош айтысатындар да бар. 2022 жылы елімізде 3 676 адам өзіне қол жұмсап қайтыс болса, олардың әрбір бесіншісінің себебі – лудомания. Сондықтан да жастармен өтетін әрбір келелі кездесуде лудомания тақырыбын жіті түсіндіріп, алдын алу шараларын дер кезінде көрудің маңызы айрықша.