ӘСКЕРИЛЕР «ЛУДОМАНИЯ-ҚОҒАМ ДЕРТІ» АТТЫ КЕЗДЕСУДЕ БАС ҚОСТЫ
Қоғам алға жылжиды. Түсініктер өзгереді. Техникалық прогресс жылдамдайды. Мұның арқасында қоғам өмірі өзгереді. Сонымен қатар түйткілді түйіндердің қатары кеңейеді. Мәселен, интернеттің кең қолданысқа енуі цифрлық қызметтің қоғам өміріне терең енуіне себепші болды. Сонымен қатар түрлі жат ағым мен теріс қылықтардың кең тарауына да себепші болғанын жасыра алмаймыз. Қазіргі уақытта әлеумет дәл осы интернет арқылы жарнамасы жер жарып тұрған құмар ойындардан айрықша зардап шегіп отыр. Бүгінгі материалымызда осы тақырып турасында тарқата баяндамақпыз.
Соңғы уақытта «лудомания» деген ұғым пайда болды. Бұл ойынға құмарту, ессіз тәуелді болу дегенді білдіреді. Бүгінде бәрін құмар ойынға тігіп, барынан айырылып жатқандар көп. Осы орайда, мұндай кеселді әрекеттің алдын алу бойынша бірқатар шаруалар атқарылып жатыр. Тарқатсақ, Түркістан облысына қарасты Шардара ауданында 7 мамыр — Отан қорғаушылар күніне орай, шекара бөлімшесінің қызметкерлері арасында қоғамдық дерттің алдын алу мақсатында «Лудомания-қоғам дерті» тақырыбында ақпараттық түсіндіру жұмыстары өткізілді. Шараның мақсаты – қазіргі уақыттағы ойын мәселесі туралы әскерилердің түсінігін қалыптастыру, қоғамда кеңінен өріс алған құмар ойынының алдын алу, компьютерлік ойындардың таралуын азайту. Шара барысында ойынқұмарлықтың зияны туралы бейнежазба көрсетіліп, ситуациялық сұрақтар арқылы алдын алу және емдеу жолдары түсіндірілді.
Жалпы бүгінде елімізде құмар ойындарынан келетін қауіп үлкен мәселеге айналып отыр. Мұндай ойын түрі күн өткен сайын түрленіп, қоғамға келтіретін зияны ұлғайып келеді. Оңай жолмен табыс табуға құныққан адам әртүрлі қиындықтарға душар болып, қоғамнан біртіндеп ажырап, өзгелермен байланыс орнату, яғни тұлға ретінде даму секілді адами қасиеттерін жоя бастайды. Жасыратыны жоқ, құмар ойын адам баласын өз-өзіне қол жұмсау, бір-бірін өлтіру, ажырасу, ұрлық-қарлық, зорлық-зомбылық, қарызға бату сияқты халге де жеткізуде. Бұдан да сорақысы, құмар ойынға елітушілердің арасында өз үйін, көлігін, басқа да қажеттіліктерін бәске тігушілер кездесіп жатады. Осының салдарынан бейкүнә балалар жапа шегіп, қаншама отбасының шаңырағы ортасына түсуде. Сондықтан ақпараттық түсіндірме жұмыстарын кеңінен жүргізіп, құмар ойынның зардаптарын қоғамға көрсетудің маңызы айрықша.