ӨСКЕЛЕҢ ҰРПАҚТЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕСІН ШЕШУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

Бүгінгі өскелең ұрпақ – ертеңгі елдің тізгінұстары. Сондықтан да мектеп оқушыларының арасындағы өзекті мәселелер едел-жедел шешімін табуы тиіс. Бұл бағытта атқарылып жатқан шаралар аз емес. Қазіргі уақытта еліміздің түкпір-түкпірінде өзекті мәселелердің алдын-алуды көздейтін түрлі шаралар ұйымдастырылып жатыр. Ол қатарда Түркістан облысында атқарылып жатқан шараларды айналып өтуге болмайды. Осы орайда, бүгінгі материалымызда осы тақырып турасында тарқата баяндауды жөн санап отырмыз.

Өткен аптада Түркістан облысы, Төлеби ауданы білім бөлімінің Б.Биболатұлы атындағы жалпы білім беретін мектебінде жоғары сынып оқушыларымен арнайы кездесу ұйымдастырылды. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Б.Маткаримов бастамашы болған жиында ойынқұмарлық тақырыбы жан-жақты талқыланды. Спикер жиын барысында «Қаламыздың әр бұрышында букмекерлік кеңселер салынып, саны жыл санап артып келеді. Осының салдарынан оңай жолмен ақша тауып, құмар ойынға құныққан жастарымыз көбеюде. Бәс тігіп, түнімен букмекерлік кеңсені торуылдап, уақытын текке өткізген жандарды көргенде налитының анық. Қоғам дертіне айналған ойынға деген құмарлықты ғалымдар лудомания дейді. Ал еліміздегі желпілдеген жастарымыздың бұл дертке шалдығуының себебі не? Бабаларымыз: «Ойынға ойсыз құмар» деп текке айтпаса керек. Өткенімізге үңілсек, құмар ойнау деген атау қазақ ұғымында болған емес. Бұл – бүгінгі қоғам дерті. Өкінішімізге қарай, алдыңғы буын ағаларымыздың жүрген ізіне соңғы буынның ере алмауы қатты қапаландырады. Бабаларымыздың салған жолын жалғай алмай жүрміз. Дегенмен де құмар ойынның жетегінде кеткен жандар үшін оңай жолмен ақша табатын букмекерлік кеңселер бүгінгі қоғамдағы қайратсыз азаматтарымыздың жұмыс орны болып алғандай. Осы жайтқа қарап отырып, «Алаш ойлаған болашағымыз күңгірт пе?» деп күйінетін жағдай болып тұр» дей келе, қазіргі қоғамның түйткілді мәселесіне айналған лудоманияның зияны мен зардаптарын баяндады.
Жиында әрі қарай сөз алған мектеп психологы лудоманияның халықаралық деңгейде ресми түрде ауру ретінде мойындалғанын, психологиялық тәуелділік қылмысқа бастауы мүмкін екенін сөз етті. Жиын соңында оқушылар тақырып аясындағы пікірлерін айтып, сауалдарын жолдады. Мамандар оларға тұшымды жауап беріп, құнды ақпараттармен бөлісті.