КОЛЛЕДЖ СТУДЕНТТЕРІМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Бүгінгі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу, сонымен қатар өскелең ұрпақтың болашағына балта шабатын теріс әрекеттерден қорғау. Бұл мәселе қазіргі таңда көкейтесті мәселелердің біріне айналып отыр. Осы орайда, Түркістан қаласындағы Ахмет Ясауи колледжінде жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік және лудомания, жасөспірімдік кезеңдегі аутодеструктивті мінез-құлықтың, құқықбұзушылықтың алдын алу, зорлық-зомбылық пен әлімжеттік және басқа да проблемалар бойынша кездесу өтті
Келелі кездесуге колледждің тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Ш.Надирбаев, Түркістан қалалық емханасының психологы М.Анапия, акушер-гинеколог Ж.Әмірханова және Түркістан қаласы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің маманы Д.Нысанбаева, Түркістан ҚПБ ЖПҚ ЮПТ учаскелік полиция инспекторы полиция лейтенанты Б.Мейрханов қатысты. Кездесу мақсаты – жастар мен жасөспірімдер арасындағы тәуелділік, ойынқұмарлық, буллинг, кибербуллингтің алдын алу және жастардың адам тәрбиесі мен қоғам тәрбиесіне байланысты көзқарасын дұрыс қалыптастыра отырып, болашақта ұрпақ қамын, ұлт тағдырын ойлайтын қоғамның мүшесі етіп тәрбиелеу. Бұдан бөлек, жиында қыз балаларға тақырып төңірегінде ерте жүктіліктің негізгі проблемасы — жыныстық тәрбие туралы білімнің жеткіліксіз болуы, ерте жүктіліктің салдары, келешектегі қауіп-қатері турады арнайы маман тарапынан айтылып, «Ерте жүктілік деген не?», «Ерте жүктіліктің нәтижесі мен зияны», «Ерте жүктілік немен қауіпті?», «Қыз бала тәрбиесі», сондай-ақ кәмелет жасына толмаған жасөспірімді жыныстық қарым-қатынасқа тарту, зорлық-зомбылық көрсету заңды түрде қылмыстық жазаға тартылатындығы және өзге де сұрақтар төңірегінде әңгіме қозғалды.
Жиын соңында жастар көкейіндегі сауалдарын сала мамандарына қойып, нақты жауаптарын алды. Әсіресе, лудомания тақырыбы төңірегінде құнды деректер берілді. Жастар бұл мәселені сырттай естігендерін, дегенмен бетпе-бет келмегенін жеткізіп, алдағы уақытта теріс қылықтан аулақ болатындарын айтты.