ТӘРИБЕ САҒАТЫНЫҢ ТАҚЫРЫБЫ — ЛУДОМАНИЯ

Жастар мен жасөспірімдердің оңы мен солы қалыптасып үлгермеген. Сондықтан жат идеология мен теріс әрекеттерді олардың санасына сіңіру оңай. Жасыратыны жоқ, бүгінде қоғам арасында сан түрлі мәселе тарап жатыр. Әсіресе, ғаламтордың кең қолданысқа енуімен құмар ойындары кеңінен жарнамалана бастады. Осы тұста, мектеп оқушылары оңай олжаға қарық болуды көздеп, аталған ойындарға тәуелді болып жатады. Сол себепті қоғам үшін лудомания тақырыбы өзекті болып отыр. Ал мұндай кеселді дүниеден жастарды қорғаудың бірден-бір жолы – ақпараттық-насихат жұмыстарын күшейту.

Бұл бағытта Түркістан облысында атқарылып жатқан жұмыстардың қарасы қалың. Жыл басынан бері психолог, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, білім саласының мамандарынан жасақталған топ арнайы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келе жатыр. Мәселен, жуырда Түркістан облысы Төлеби аудандық білім бөліміне қарасты Жаңажол жалпы білім беретін мектебінде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының жоспарына сай, «Лудомания: құмар ойындарының зардабы» тақырыбында 8-11 сынып оқушылары арасында тәрбие сағаттары өткізілді. Оқушыларға лудомания туралы сұрақтар қойылып, тест алынды. Шараның мақсаты – оқушылардың құмар ойындардан аулақ болуын қамтамасыз ету, қазіргі уақыттағы ойын мәселесі туралы түсініктерін қалыптастыру,оқушыларға ойынның бар кемшілігі мен кері әсерін түсіндіру.
Шарада жоғары сынып оқушылары айрықша белсенділік танытты. Тақырып турасындағы білгендерімен бөлісті. Сонымен қатар құмар ойындарының құрдымға апаратынын жіті түсінді. Көкейдегі сауалдарын спикерлерге жолдап, нақты жауаптарын алды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, құмар ойындарымен күрес тақырыбы қазіргі уақытта жастар арасында өзекті болып отыр. Сондықтан мұндай кездесулер мен тәрбие сағаттарының маңызы айрықша. Қазіргі балалар білгеннен емес, білмегендіктен лудоманияға шалдығып жатады. Сол себепті де бұл бағыттағы жұмыстары бір сәтке болсын тоқтатпау керек.