ЖАС МАМАНДАР МЕН ҰСТАЗДАРҒА АРНАЛҒАН ЖИЫН ӨТТІ

Қаржылық сауаттың адам баласына берер пайдасы орасан. Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта елімізде несиеге кіріптар болған азаматтар көп. Айлық табысты ретімен, қажет жерге жұмсай алмаудың салдарынан берешегі күн сайын өсіп жатқандардың да қатары қалың. Кейде бірқатар азаматтар осындай тығырықтан шығу үшін оңай олжаға кенелгісі келіп, құмар ойындардың шырмауына түсіп жатады. Ал мұның соңы – өкініш. Осы орайда, елімізде қаржылық сауатты арттыру мен құмар ойындардың зардаптарын қоғамға, оның ішінде жастарға түсіндіру бағытында қыруар іс атқырылып келе жатыр. Бүгінгі материалымызда осы тақырып турасында тарқата баяндамақпыз.

Газетіміздің бұған дейінгі сандарында Түркістан облысына қарасты аудандар мен қалаларда ел тұрғындарын құмар ойындардың құрығынан құтқару мақсатында ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатқанын тілге тиек еткен едік. Мектеп оқушыларынан бастап мемлекеттік қызметшілерге дейін қамтыған бұл насихат жұмыстары бұл жолы Жетісай ауданында жалғасын тапты. Тарқата баяндасақ, Жетісай ауданының білім бөліміне қарасты «№74 жалпы білім беретін мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде, Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Е.Алданиязовтың 26.04.2024 жылғы №1060 хатына, Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары А.Джанадиловтың 03.04.2024 жылғы №17/1048 санды хатымен жолданған «Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің көлеңкелі экономикалық қылмыстардың алдын-алуға бағытталған 2024 жылдың алғашқы жарты жылдығына арналған» жұмыс жоспарына сәйкес, ұстаздар мен жас мамандарға түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Жиналыс барысында жастар арасында құмар ойынға тәуелділік деңгейін төмендету және оның алдын алу, мемлекеттік және мемлекеттік қызметшілерге теңестірілген қызметкерлер арасында құмар ойындарға әуестіктің және олардың ойын мекемелеріне бару фактілерінің болмауы, қаржылық пирамидалардың алдын-алу және мектеп оқушыларының қаржылық сауаттылығын арттыру бойынша тұрақты түрде алдын-алу шараларын өткізу керектігі туралы айтылды.
Кездесуде спикерлер құмар ойындарының зардаптарына айрықша тоқталып өтті. Айтуларынша, осы күні ұрпақ тәрбиесі бұрын-соңды болмаған соққыға ұшырауда. Түрлі теріс көзқарастар, жат әдеттер, шамадан тыс ойын-сауық кейінгі буынның бойына дерт болып сіңіп жатыр. Сондай заман кеселдерінің бірі – құмар ойынға тәуелділік. Тапқан-таянғанын бәске тігетін жастарды жөнге салу – аға буынды алаңдатып отырған мәселе. Құмар ойындардың қай-қайсысы болмасын адам санасын улау арқылы өмірін құрдымға кетіреді. Бір рет жеңіл ақшаның дәмін татқан соң, әрине қарызға батқан кезде де адам одан шығудың осындай жеңіл жолдарын іздейді. Осылайша, алғашында маңызсыз болып көрінген кішігірім ойындар да ішкі тірегі жоқ адамдарды соңында үлкен қателіктерге әкеліп ұрындыруы мүмкін. Әрине, қазір ғылым-білім дамыған заманда кез келген тәуелділікті емдеуге болады. Бірақ ең бастысы, одан айыққан азаматтар мұндай дүниелерден бойын аулақ салуға бел байлағаны абзал.