ҚҰМАР ОЙЫННЫҢ ҚҰРЫҒЫНА ІЛІНГЕНДЕРДІҢ ҚАТАРЫ ҚАЛЫҢ

заңды қатайту зардапты
азайта ма?

Бүгінде интернеттің кең қолданысқа енуімен қоғам өмірі біршама жеңілдеді. Сонымен қатар адам баласын шыңырауға тартатын, түрлі қылмысқа бастайтын қауіпті әрекеттер де кеңінен насихаттала бастады. Осының салдарынан ғасырларға созылып, тамыры тереңдеп келе жатқан отбасы институты құрдымға кетіп барады. Мұндай кеселді әрекеттің бірі – құмар ойындары. Бүгінде оңай олжа тапқысы келген талай жанның шаңырағынан тыныштық кетті. Қарызға батып, айналасына берешегі көбейгендердің біразы қылмысқа барып, алаяқтық істеп, заңнан аттап жүр. Бұл – көкейтесті мәселе. Осы орайда, бүгінгі материалымызда аталған тақырып турасында тарқата баяндамақпыз…

Кейбір деректерге сүйенсек, соңғы екі жарым жылда елімізде шамамен әрбір бесінші адамның құмар ойынға қатысы бары анықталған. Оның ішінде 400 мыңдай адам ойынға салынып, букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты тұтынушысына айналған. Сондықтан да бұл мәселені мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы көтеріп, тиісті тапсырмаларды берген болатын. Жасыратыны жоқ, әлеумет үшін бұл таңсық тақырып емес. Мәжіліс депутаттары соңғы бірнеше жыл ішінде талай рет көтерді. Зерттеу жұмыстарының нәтижесін де жариялап келеді. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, шамамен 200 мыңға жуық адам үшінші адамның атынан букмекерлік кеңселерге бәс тігіп, азарттық ойындар ойнайды екен. Бұл, әсіресе, мектеп оқушылары арасында белең алып тұр. Жуырда оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспанов жасөспірімдер арасында лудомания дертінен емделіп жатқандар жоқ екенін мәлімдеді. Әрине, мектеп оқушылары кәмелет жасына толған өзге адамның атынан бәс тігіп, барынан айырылып жатса, мұндай деректердің ресми түрде тіркеле қоюы екіталай. Мұның өзі саладағы қызметтің әлі тиімді нәтиже бермей жатқанын айғақтайды.
Қалың оқырманның жадында болса, Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 400 мыңға жуық лудомания дертіне шалдыққан адам барын тілге тиек етіп, онлайн-ойындар балалардың күнделікті ермегіне айналып бара жатқанын айтқан болатын. Яғни бұл мәселемен күні бұрын күресті қолға алмаса, арты ауқымды түйткілдерге ұрындыруы мүмкін. Бір ғана мысал, 2023 жылдың алғашқы жартысында қазақстандықтар құмар ойынға 100 млрд теңге қаржысын жұмсаған. Бұл қаржыны басқа салалармен салыстырып көрсек, кітапханалар мен мұражайлардың шығынынан 70 есе, шығармашылық пен өнер салаларынан 50 есе, ІТ қызметтеріне қарағанда 5 есе, жылжымайтын мүлік операцияларына қарағанда 2 есе көп. Осының өзі құмар ойынның құрығына ілінгендердің қатары қалың екенін айғақтайды.
Мамандардың пікірінше, лудомандардың тек 8 пайызы ғана өздерінің тәуелді екенін мойындайды. Қалғаны бұл теріс әрекетті қалыпты құбылыс санайды. Осының кесірінен шаңырағы бұзылып жатқандардың қатары қалың. Деректерге сүйенсек, елдегі ажырасудың 40 пайызына құмар ойындары себепші болып отыр. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың да дені дәл осы мәселеге тікелей байланысты. Тіпті, отбасының ойранын шығарып, әйелін өлімші етіп сабаған, өлтіруге дейін барған қылмыстардың артында лудомания тұрғанын бұқаралық ақпарат құралдары жазып жатыр. Бұл ғана емес, соңғы уақытта әскерде де бұл мәселе ушыға түскен. Бұл тақырыпты жіті зерттеген Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев «Өкінішке қарай, бұл дерт қазір әскерде де кең етек алған. Олардың көбі құмар ойынның шырмауынан шыға алмай жатқанын білеміз. Осыдан бір жыл бұрынғы курсанттың өз-өзіне қол жұмсаудағы себебі де – ойынқұмарлық дерті» деп атап өткен еді. Депутат келтірген дерек бойынша, елімізде қылмыс жасайтындардың 20 пайызы лудомандар екені белгілі болған. Олар бәске тігетін ақша табу үшін алдымен қарыз алады, содан соң ұрлық, тонау секілді қылмыстарға барады. Тығырыққа тірелгеннен кейін өмірмен қош айтысатындар да бар. 2022 жылы елімізде 3 676 адам өзіне қол жұмсап қайтыс болса, олардың әрбір бесіншісінің себебі – лудомания.
Осы орайда, жуырда арнайы заң жобасы қаралған болатын. Онда құмар ойындарының жарнамасына тыйым салу, бәс тігу жасын 21-ден 25-ке көтеру, несиесі бар, алиментін төлей алмай жатқан жандарды бәс тігу мүмкіндігінен айыру, заңсыз казино ұйымдастырушыларды жауапкершілікке тарту сынды бастамалар бар. Дегенмен олардың өзі қаншалықты мәселемен нәтижелі күресуге ықпал етері белгісіз. Өйткені интернеттің кең қолданысқа енуімен заңнан айналып өтетін түрлі тәсілдер пайда болды. Сол себепті де заңмен шектеп, жауапкершілікпен қорқыту біз күткен нәтижені бермеуі мүмкін. Қорыта айтқанда, күн сайын қарқын алып, мыңдарды құрығына іліп жатқан құмар ойындарымен күресуге әлі де қауқарымыз жетер емес. Бір ғана нәрсе айқын, бұл үрдіс жалғаса берсе, қоғамның да, биліктің де ұтылары көп.

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.