ҚАЗАҚСТАННАН ЖЫЛ САЙЫН ШАМАМЕН 16,7 МИЛЛИАРД ДОЛЛАР ЗАҢСЫЗ ШЫҒАРЫЛАДЫ

Елімізде жемқорлықты жою мақсатында қыруар іс атқарылып жатқанымен, әлі де болса қазына қаржысын меншігіндей көретін шенеуніктер жеткілікті. Соңғы уақытта темір торға тоғытылған біраз азаматтың өткені өзгелерге өрнек болмаса керек. Өйткені Қазақстаннан шығарылатын заңсыз қаржының көлемі әлі де көп. Тиісті органдардың қатаң қадағалауы әзірге талапқа томпақ келетін әрекетке бейім тұлғаларға тоқтау бола алмай тұр.

Жуырда Сенаттағы Қаржы және бюджет комитетінің депутаттары «Капиталды заңсыз әкетудің алдын алу мақсатында валюталық реттеуді жүзеге асыру» тақырыбына арналған дөңгелек үстел отырысын өткізген болатын. Міне, сонда комитет төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов біршама дерек келтірді. Сенатордың сөзіне сенсек, Қазақстаннан жыл сайын шамамен 16,7 млрд доллар заңсыз шығарылады. Бұл дерекпен әлемдегі 148 елдің рейтингінде біздің еліміз 11-ші орында тұр. Қазақстан көмірсутегі мен металдардың экспортына өте тәуелді болып отыр. Яғни біздің экспортымыздың негізі – жер қойнауынан алынған қазбалар, ол түпкілікті өнім емес. Тиісінше, пайдалы қазбаларды экспорттау есебінен тікелей немесе жанама түрде алынған капиталды шетелге заңсыз шығару деректері тыйылмай тұр.
Бұған дейін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шетелге заңсыз қаржы шығару проблемасына ерекше назар аударылған болатын. Бұл мәселені шешу үшін арнайы мекемеаралық комиссия да құрылған. Сонымен қатар тиісті заңнамалық өзгерістер қабылданды, оның ішінде валюталық реттеу жөнінде де өзгерістер бар. Десе де бұл әдістердің баршасы әзірге өз тиімділігін көрсете қойған жоқ. Бір сөзбен айтқанда, шетке кеткен есепсіз қаржы қайтпайынша, заңсыздыққа барғыш шенеунік пен кәсіпкерлердің есебі түгенделе бермек. Ал нақты нәтиженің қашан болары әзірге белгісіз…

Ж.БАЛАУСА.