ҚЫЗЫЛ СУДАН КЕЛГЕН ШЫҒЫН ЕСЕПТЕЛІП ЖАТЫР

соңғы деректер не дейді?

Тасқын су әлекке салған әлеумет үйлеріне қайта бастады. Дегенмен әлі де болса қызыл судың астында жатқан баспаналар бар. Қазіргі уақытта жер-жерде арнайы комиссиялар құрылып, шығын көлемі есептеліп жатыр. Табиғи апат салдарынан баспанасынан айырылған жұрттың барлық шығыны өтеледі. Нақтырағы, мемлекет басшысы солай деген болатын. Енді жуырда су астында қалған үйлердің саны белгілі болды.

Тарқатар болсақ, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Қанат Мыңбаев тасқын салдарынан бүлінген үйлердің санын атады. Оның сөзінше, қазіргі таңда 12 мыңға жуық тұрғын үй су астында қалып, бүлінді деп есептеліп отыр. Одан бөлек 23 мыңдай саяжай бар. 3 мыңнан астам тұрғын үй техникалық тексеруден өтті. Оның ішінде 1505 үй жарамсыз деп танылды. 1700-дей үйді жөндеуге болады. Аталған деректер суға кеткен өңірлердегі ресми тұлғалардың есебі негізінде жинақталған.
Сонымен қатар комитет өкілі тасқын салдарынан баспанасыз қалған тұрғындардың алдында үш жол бар екенін еске салды. Яғни үйі су астында қалған тұрғындардың шығынын өтеу бойынша үш механизм жұмыс істейді. Оның бірі – зардап шеккен баспана жарамсыз болған жағдайда жаңадан үй салу. Екіншісі – қолданыстағы тұрғын үйді жөндеу. Үшінші – сол өңірден жаңа тұрғын үй сатып алып беру. Егер саяжай аумағындағы үй бүлінсе, ол тұрғынның жалғыз баспанасы болса, ол да мемлекет тарапынан өтеледі. Қош делік, аталған мәселенің өзекті екені белгілі. Ендігі мақсат – бөлінген қаражаттың тиісті орынға, қажет мәселеге жұмсалуы. Әйтпегенде әлдебір қаржы қаралса, қалтаның қамын ойлай кететін қулардың бізде көбі белгілі…

С.НҰРАЙ.