«СЫН САҒАТТА ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ МЫЗҒЫМАС БІРЛІГІ АЙҚЫН КӨРІНДІ»
Шымкент қаласындағы «Достық» үйінде «Береке – бірлікте» тақырыбында арнайы жиын өтті. Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында ұйымдастырылған жиынға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, ассамблея жанындағы қоғамдық құрылымдардың төрағалары, «AMANAT» партиясы филиалының атқарушы хатшысы, кәсіпкерлер палатасының директоры және бірқатар кәсіпкерлер мен волонтерлар және «Ассамблея жастары» ұйымының жетекшілері қатысты.
Жиын барысында «Сын сағатта халқымыздың мызғымас бірлігі айқын көрінді. Игі іске жұмылған белсенділер алыстағы ағайынға дер кезінде демеу болды» деген қала әкімі Ғабит Сыздықбеков зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек жинап, жөнелтуге атсалысқан азаматтарға алғыс айтып, ризашылығын білдірді. Жиында су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге гуманитаралық көмек көрсету жөніндегі қалалық ҚХА жанынан құрылған штаб жетекшісінің орынбасары, қалалық корей этномәдени бірлестігінің төрағасы Юрий Пан, Шымкент қаласы бойынша Ұлттық волонтерлік фронт офисінің жетекшісі Қайыржан Бөгенбай, қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова сөз сөйлеп, атқарылған жұмыс жайын баяндады.
Қатысушыларды тыңдаған қала әкімі Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясының 33-сессиясында жүктеген тапсырмаларын жергілікті жерде нәтижелі орындау үшін жоспар әзірлеп, кешенді жұмыстарды жүйелеуді тапсырды.
«Уақыт».