«АЛҒА ҚОЙҒАН МІНДЕТТЕРІМІЗ АЙҚЫН!»

Баршаға аян 2023 жылғы 19 наурызда елімізде Парламент Мәжілісі және мәслихаттар депутаттарының сайлауы өтіп, саяси науқанда елдің келешегі мен халықтың игілігі үшін аянбай еңбек ететін, Мемлекет басшысының тірегі болып саналатын «AMANAT» партиясы көпшіліктің қолдауына ие болды.

Саяси додада Шымкент қаласында аманаттық депутаттар жеңіске жетіп, тұрғындардың сеніміне ие болды. Сол сәттен бүгінгі күнге дейін бір жылдық жұмысымызды қорытындылаған болатынбыз. Аманаттық депутаттар мен Саяси Кеңес Бюросы маған фракция жетекшісі болуыма үлкен қолдау білдірді. Содан бері бір жыл өтті. Ұлтымыздың Ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы өзінің он бесінші қара сөзінде «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал!» деп атап өтеді. Ал Шымкент қаласының мәслихатындағы «AMANAT» партиясы фракция жетекшісі ретінде қаламыздың гүлденуі мен өркендеуі үшін партиямыздың бес жылға арналған сайлауалды бағдарламасының орындалу бойынша әр айда, тоқсанда, жарты жылдық және жылдық есептерін әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирлер мен баспа беттерінде, телебағдарламаларда жариялап отырдым.
Айта өтейін, сегізінші шақырылымдағы Шымкент қаласының мәслихаты өз өкілеттігін 2023 жылдың 30 наурыз күні өткен бірінші сессиядан бастап жүзеге асырып келеді.
Шымкент қаласы мәслихатында жалпы 32 депутаттың 16-сы бір мандаттық округтен, 16-сы партиялық тізіммен (оның ішінде «AMANAT» партиясынан 11, «Ақжол» партиясынан 3, «Ауыл» партиясынан 2 депутат) сайланып, жұмыс істеп келеміз.
Бір жыл ішінде Шымкент қаласы мәслихатында 13 сессия өткізіліп, түрлі салаларға қатысты маңызды мәселелерді реттейтін 114 шешім қабылданды. Оның ішінде 19 шешім — нормативтік құқықтық акті.
Мәслихат жанындағы тұрақты комиссиялардың көбінде аманаттық депутаттар төрағалық етіп отыр. 6 тұрақты комиссия бір жылда 91 отырыс өткізіп, сессияға ұсынылған 114 мәселені алдын-ала пысықтап, қарадық. Сондай-ақ жүйелі түрде Мәслихаттың қарауына ұсынылған әрбір шешім міндетті түрде алдын-ала тиісті тұрақты комиссияларда егжей-тегжейлі пысықталып, содан соң сессияларда талқыланып отырды.
Қала, аудан әкімдіктерімен бірлесе отырып, көптеген күрделі мәселелерді шешудің оңтайлы жолын қарастырып, тиімді шешімдер қабылдадық.
Мәслихаттағы «AMANAT» партиясының фракция жетекшісі ретінде фракция туралы қысқаша ақпарат беріп өтетін болсам, фракция мүшелерінің қатарында 13 ер (68,5%), 6 әйел (31,5%) бар. Олардың ішінде 5 депутатымыз — жастар (20%) және мүмкіндігі шектеулі азаматша ретінде депутатқа – 1 (5%) орын тиесілі. Орташа жас – 44,5 жасты құрап отыр. Ал салалар бойынша айтатын болсам, спорт саласы – 2 депутат, білім саласы – 3 депутат, кәсіпкерлік саласы – 12 депутат, квазимемлекеттік сектор және үкіметтік емес ұйымдар саласы – 1 депутат және БАҚ саласы – 1 депутат қызмет атқарып келеміз.
Фракция жетекшісі ретінде біздің басты міндетіміз — «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» атты Шымкент қаласы бойынша сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында түзілген Жол картасының іске асырылуын фракция мүшелерімен бірге бақылап, іске асырылуына барынша атсалысу.
Біздің қалалық сайлауалды бағдарламамыздың тұрғындарды алаңдататын өзекті мәселелер басшылыққа алынып, 10 мыңға жуық өтініштерді зерделей келе дайындалғанын жеткізейін.
Сондай-ақ ҚР Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат Сайлауы науқанында тұрғындар тарапынан «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне 2581 ұсыныс мен талап-тілек келіп түсті. Оның ішінде Шымкент қалалық мәслихат фракциясына 320 ұсыныс мен талап-тілек жолданды. Бүгінгі таңда фракция мүшелерінің атсалысуымен 281 (88%) ұсыныс-тілек оң шешімін тауып, түсініктеме жұмыстары жүргізілді. Ал 39 (12%) ұсыныс-тілек орындалу барысында.
Бұдан бөлек, тұрғындардың ұсыныстары мен тілектері күнделікті келіп түсіп жатады. Әр фракция мүшесі қаладағы 16 округке жауапты етіп бектіліп, тұрғындардың ұсыныс-тілектерін жергілікті әкімдікке жеткізу үшін депутаттық сауалдарды жүйелі жолдап отырғанын айтып өтейін. Бүгінгі күнге дейін 100-ден астам депутаттық сауал жолданды.
Сонымен қатар сайлау науқанынан қазіргі күнге дейін фракция мүшелерінің қоғамдық қабылдаулары жүйелі түрде өткізіліп келеді. Бір жылдың ішінде кестеге сәйкес, 104 қабылдау өткізіп, 600-ге жуық азаматты қабылдадық. Олардың 44%-ы оң шешіліп, қалғандарына заң аясында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Көшпелі 26 қоғамдық қабылдау өткізіп, 125 тұрғынды қабылдадық. 30 пайызы оң шешіліп, қалғандарына заң аясында түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Қалалық сайлауалды бағдарламаның Жол картасы 4 басымдық, 100 тармақ пен 452 индикаторды қамтып отыр. 5 жылда бюджеттен 1,2 триллион теңге қаражат бөлінетін болады.
Жол картасының 2023-2024 жылдардағы іс-шараларына қаржыландыру мәселесі шешілген. 2023 жылға – 159,8 млрд теңге, 2024 жылға – 186,1 млрд теңге қарастырылды.
Сайлауалды бағдарламасының Жол картасының орындалуы жылдың қорытындысымен 95 пайызға жетті. Яғни қала тұрғындарына берген уәделерімізді 95 пайызға орындап отырмыз дегенді білдіреді. Бұл — жоғары көрсеткіш.
Жылдың қорытындысымен Жол картасы аясында 1 млн шаршы метрден астам тұрғын үй қолданысқа берілді. 6,1 млрд теңге инвестиция тартылып, тұрақты 102 жұмыс орнымен 6 өндіріс орны, 16 673 орындық 20 мектеп пен Оқушылар сарайы, 4346 орындық 5 спорт нысаны (Металлург, №20 спорт мектебінің кешені, Ипподром, Сарыбай спорт кешені, Медициналық колледжді спорт залы) пайдалануға берілді. Сайлауалды бағдарлама аясында 20 мыңнан астам азамат жұмыспен қамтылды. 272 жас кәсіпкерлердің жобасына жеңілдетілген несие берілді. Жұмысшы жастарға 900 пәтер берілді. 4 мектепке (54,66,78,93) күрделі жөндеу жүргізілді. 350 орындық 1 емхана (Ынтымақ 2) салынып, пайдалануға берілді. 121 аула абаттандырылып, 36 спорт алаңшалары пайдалануға берілді. 21 көпқабатты үйлерге жөндеу жұмыстары жүргізілді. 223,1 шақырымды құрайтын 256 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, асфальт төселді. Ауыз сумен қамтамасыз ету – 99 пайыз, кәріз жүйесімен – 65 пайыз, электр қуатымен – 99 пайыз, газбен жабдықтау 96 пайызды құрады.
Айта кететін болсам, биылғы жылға жоспарланып, сметалық құжаттарына түзетулер енгізіліп, жұмыстарының баяу жүруіне байланысты 2024 жылдың бірінші тоқсанына дейін аяқталатын нысандар бар. Олар — Ақжар подстанциясы, Тассай елді мекенін газбен қамтамасыз ету, Кілт саябағы, 1500 бейне камералардың орнатылуы.
Сонымен қатар «Selena Production Center» құрғақ құрылыс қоспалары өндіріс орны қаржы көздерінің жетіспеушілігіне байланысты іске қосылмайтын болды. Бұл өндіріс орнына басқа да компанияларды тартатын боламыз. Бұл нысандарды фракция мүшелерімен партиялық бақылауда ұстап отырмыз.
Тағы нақтылай кететін болсам, партия Төрағасы айтқандай, «Фракцияның өз ішінде біртұтас ұстаным қалыптастыру өте маңызды. Бірыңғай ұстаным пікірталастың жоқтығын білдірмейді. Талқылау мен пікірталас ауадай қажет. Бірақ ол Фракция шеңберінде жүргізілуі керек! Кез келген шешім нұсқау арқылы емес, ортақ келісіммен қабылдануы қажет. Естеріңізде болсын, саяси күресте фракцияның ұстанымы әрқашан бір болуы тиіс. Партиялық жауапкершілік пен тәртіп дегеніміз – осы. Бұл – барлық демократиялық мемлекеттердегі партиялардың базалық принципі».
Сондықтан да жергілікті әкімдікпен бірлесе отырып, келіп түскен өтінімдер сала бойынша зерделеніп, сайлаушылардың ұсыныс-тілектерін іске асыру жөнінде іс-шаралар жоспарын дайындадық.
Барлық талап-тілектердің орындалуын бақылауға алу үшін фракция мүшелері бекітіліп, тұрғындармен кездесудің кестесі жасақталды. Әр өтінім мен іс-шаралардың орындалғанын бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жариялап отырмыз.
Дегенмен халықпен жүйелі түрде кездесуді ұйымдастырып, көшпелі отырыстардың санын арттыруға назар аударудамыз. Жұмысымыздың сапалы әрі дер кезінде орындалуы үшін ауыл билері мен жергілікті белсенді тұрғындармен тығыз байланыс орнаттық.
Сондай-ақ «Жастар Отанға!», «Жер аманаты», «Құқықтық көмек», «Ардагерлерді ардақтайық», «Бақытты отбасы», «Кедергісіз келешек», «Ұлттық мұра», «Қарызсыз қоғам», «Кітап-Аманат» сынды партиялық жобаларға фракция мүшелері белсенді түрде қатысып келеді. Фракция мүшелері партиялық филиалмен бірлесе отырып онлайн және офлайн форматта 75 мыңға жуық азаматтарды қамтыған 1300-ге жуық іс-шараларға қатысып, ұйымдастырды.
Жол картасының орындалуын бақылау мен қоғамдағы резонансты жағдайларға үн қату мақсатында құрылған партия филиалы жанындағы 9 аймақтық кеңестің 4-еуінде фракция мүшелері төрағалық етеді.
Сонымен бірге қалалық Жол картасының орындалуын басты назарда ұстап отырмыз. Әр іс-шараның жүзеге асуына жауаптымыз. Фракция мүшелерінің белсенді жұмыс істеп жатқанын жергілікті жұрт жақсы біледі. Бұл жұмыстарды ары қарай жалғастыра береміз.
Әр тұрғынның өтініші – партия назарында болатынын жеткіземін. Бір жылдың ішінде қала тұрғындарының лайықты өмір сүруі үшін қыруар жұмыстар атқарылды. Әлі де алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарымыз көп. Мемлекет басшысының Жолдаулары мен стратегияларының сапалы орындалуына атсалысып келеміз. Сондықтан алға қойған міндеттеріміз айқын. Тұрғындармен, әкімдікпен және фракция мүшелерімен бірлесе отырып, нақты істерді жүзеге асырып, орындаймыз деген сенімдемін!

Қайрат Есенбекұлы ИМАШЕВ,
Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі.