ТҮРІКТІҢ «КААN» ЖОЙҒЫШ ҰШАҒЫ АЛҒАШ РЕТ ӘУЕГЕ КӨТЕРІЛДІ
Жаһанда орын алып жатқан геосаяси жағдайдың ушығуы көптеген мемлекеттердің қорғаныс жүйесін дамытуына себепші болды. Жасыратыны жоқ, соғыс өрті тұтанған жерлерде жаңа қаруларын сынауға көшкен мемлекеттер де бар. Бұл қатарда Түркияның аты жиі аталады. Анадолы аймағындағы түркі мемлекетінің қару-жарақ жасаудағы тәжірибесі артып, жетістіктері көбейіп келе жатыр.
Мәселен, жуырда Түркияда шығарылған бесінші буын «КААN» жойғыш ұшағы алғашқы ұшуын сәтті аяқтады. Жойғыш ұшақ Анкара маңындағы Мюртед әуе базасынан алғаш рет әуеге көтеріліп, қысқа уақытқа созылған сынақтан кейін аэродромға оралды. «КAAN» ұшағы арқылы Түркия бесінші буын ұшақтарын шығаратын бес елдің тізіміне кіреді. Жаңа буын қарулары интеграциясының арқасында «KAAN» дыбыстан жүйрік жылдамдықпен дәл соққылар жасай алады. Жасанды интеллект жүйелері мен нейрондық желілерді қолдау ұшақты қосымша қуатпен қамтамасыз етеді.
«KAAN» бағдарламасын іске асыру шеңберінде Түркияда найзағайдың әсерінен борттық жабдықты сынауға, сондай-ақ радиолокациялық бақылау аймағында ұшақтың көрінуін сынауға арналған әлемдегі санаулы ірі ұшу сынақ орталықтарының бірі құрылады.