ТАУ-КЕН ӨНЕРКӘСІБІ САЛАСЫ ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУДАН КӨШ БАСТАП ТҰР

экономикамызға қаржы құюшылардың қатарына қай елдер кіреді?

Өткен жыл еліміз үшін табысты болды деуге негіз бар. Қазақстан үшін жаңа нарықтар ашылды. Мемлекетіміздің транзиттік әлеуетін арттыруға қатысты маңызды шешімдер қабылданды. Отандық өндірісті дамытуға да айрықша көңіл бөлінді. Бұғаусыз кеткен баға біршама тұрақтанды. Сонымен қатар елімізге қаржы құюды қалайтын инвесторлар саны артты. Осы орайда, бүгінгі материалымызда тікелей шетелдік инвестицияға қатысты Қазақстанда және жаһанда қалыптасқан жағдайға тереңірек тоқталуды жөн санап отырмыз…

Жаһандық тікелей шетелдік инвестиция 2023 жылы шамамен 1,37 трлн АҚШ долларын құрап, 2022 жылдағы көрсеткішпен салыстырғанда шамамен 3 пайызға өсті. Өйткені жылдың басында рецессия қорқынышы басылып, қаржы нарықтары жақсы нәтиже көрсетті. Дегенмен жалпы өсім негізінен бірнеше еуропалық инвестиция алушы елдердегі ағынның жоғарылауымен байланысты болып отыр. Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылы жаһандық тікелей шетелдік инвестиция 2021 жылмен салыстырғанда төмендеген болатын. Бұл туралы Finprom.kz зерттеуінде көрсетілген. Ресми дерекке сүйенсек, өткен жылы дамыған Еуропаның көптеген елдерінде тікелей шетелдік инвестиция теріс нәтиже көрсеткен. Дегенмен Люксембург пен Нидерландыға тартылған ауқымды инвестиция нәтижесінде жалпы көрсеткіш оң болып отыр. Ал аталған екі елдің нәтижесін алып тастар болсақ, қарт құрлыққа тартылған қаржы көлемі бір жылда 23 пайызға қысқарып кеткен. Өзге елдерде де жағдай мәз емес. Солтүстік Америкада өсім жоқ. Басқа аймақтарда тіпті төмендеп кеткен.
Дамушы елдерге ойыссақ, 2022 жылы шеттен тартылатын инвестиция 9 пайызға азайып, 841 млрд АҚШ долларын құраған. Оның ішінде Азияда 12 пайызға, Африкада 1 пайызға төмендеген. Ал Қазақстанда керісінше, өсім байқалып отыр. 2022 жылдың қорытындысы бойынша, елімізге тікелей шетелдік инвестицияның жалпы ағыны 17,7 пайызға өсіп, соңғы онжылдықтағы рекордтық мәнге, яғни 28 млрд АҚШ долларына жетті. Өз кезегінде, 2023 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша, тікелей шетелдік инвестиция ағыны шамамен 20 млрд АҚШ долларын құрады. Салаларға ойыссақ, ең көп қаржы тау-кен өнеркәсібіне тартылған. Оның көлемі 2023 жылдың 9 айы бойынша 8,6 млрд АҚШ долларына тең. Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібіне 3,9 млрд, сауда секторына 3,8 млрд, көлік және қойма өнеркәсібіне 854,9 млн, қаржы және сақтандыру қызметіне 725,3 млн, құрылыс секторына 412,7 млн және ақпарат және коммуникация саласына 319,3 млн АҚШ доллары құйылған. Соңғы секторға келетін болсақ, инвестицияның басым бөлігі елдің ішкі ресурстары мен нарықтың ірі ойыншылары — атап айтқанда, «Қазақтелеком» АҚ есебінен қалыптасты. 2023 жылдың небәрі тоғыз айында ірі байланыс операторы желіні дамыту мен жаңғыртуға және бесінші буын байланыс стандартын салуға 342 млрд теңге бөлді.
Қазақстанға қаржы құйған елдердің көшін Нидерланды бастап тұр. Бұл мемлекет еліміздің экономикасына 4,6 млрд АҚШ долларын құйған. Одан кейінгі орындарға 3,1 млрд-пен АҚШ, 1,9 млрд-пен Швейцария, 1,8 млрд-пен Ресей, 1,4 млрд-пен Қытай жайғасты. Оңтүстік Корея, Бельгия, Франция, Германия және Ұлыбритания да елімізге ауқымды инвестиция салған мемлекеттердің қатарына кіреді. Өңірлерге ойыссақ, тікелей шетелдік инвестиция тарту бойынша Алматы алдына жан салмай келеді. Өткен жылы еліміздің ең үлкен мегаполисіне 6 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылған. Екінші орында 5,5 млрд АҚШ долларымен Атырау облысы тұрса, үздік үштікті 1,6 млрд АҚШ долларымен Шығыс Қазақстан облысы түйіндейді.
Еліміздің инвестициялық тартымдылығын халықаралық даму институттары жоғары бағалап отыр. Мәселен, Еуразиялық даму банкінің «ЕАДБ өзара инвестицияларының мониторингі — 2023» есебінде Қазақстан тікелей шетелдік инвестиция көлемі бойынша Еуразия аймағындағы инвестиция үшін ең тартымды ел екені атап өтілген. Бұл ғана емес, Қазақстан посткеңестік кеңістікте және Орталық Азияның 15 елінің арасында тікелей шетелдік инвестицияның таза ағыны бойынша 61 пайыз үлеспен жетекші орынға шықты. Бүгінде республиканың инвестициялық тартымдылығын қолдау бойынша көптеген шаралар жүзеге асырылуда. Мәселен, 2023 жылғы 5 желтоқсанда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ел экономикасына инвестиция тарту жұмыстарының тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы» жарлыққа қол қойды. Бұл жарлықта президент Инвестициялар тарту жөніндегі кеңеске белгілі бір өкілеттіктерді берді. Бұдан бөлек, мемлекет басшысы Үкімет алдына 2029 жылға қарай экономиканың көлемін 450 млрд АҚШ долларына, яғни екі есеге ұлғайту жөнінде ауқымды міндет қойды. Сондықтан инвестицияларды тарту Қазақстан экономикасының өсуінің негізгі факторы болып қала береді.
Қорыта айтқанда, тікелей шетелдік инвестиция ағыны елдің экономикалық дамуында маңызды рөл атқарады, бірқатар жеңілдіктер береді және өсуді ынталандырады. Сондықтан алдына ауқымды меже қойып отырған елімізде бұл бағыт айрықша бақылауда бола бермек. Қош делік, қаржының экономикаға құйылуынан ұтарымыз көп. Ал енді шетелдік инвесторлар өңдеуші өнеркәсіпті қолдауға ниетті болып жатса, асығымыз алшысынан тұрушы еді. Бұл жағы енді уақыттың еншісінде…

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.