ДЕМОГРАФИЯ: ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК НЕ ДЕЙДІ?
Бүгінде әлемнің көптеген елдерінде демография ауқымды мәселелерге тап болып отыр. Бірқатар елдерде қартаю үрдісі аңғарылса, енді бір елдерде халықтың шамадан тыс көбеюі әлеуметтік салаға ауқымды салмақ салуда. Ал бізде жердің көлемі үлкен болғанымен, халықтың саны аз. Сәйкесінше, мұның нарыққа, ұлттық қауіпсіздікке әсер ететіні бар. Тәуелсіздік жылдары ішінде ала шапанды ағайынның саны айтарлықтай өсті. Тәжікстан халқы да көбейіп келеді. Ал бізде халықтың өсуі тоқтап қалған жоқ па? Әлеуметтік салаға артылар жауапкершілік қандай?
Жуырда ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елімізде туу көрсеткішінің артқанын айтты. Сәйкесінше, халық санының артуы мемлекет алдына жаңа міндеттерді қойып отыр. Аида Ғалымқызының мәлімдеуінше, мемлекет басшысы демографиялық өзгерістерді болжап, олардың салдарымен күресу үшін уақтылы шаралар қабылдау қажеттігін баса айтты. Еліміздің демографиялық даму саласындағы тенденцияларға тоқталсақ, 2021 жылы соңғы 34 жылдағы ең жоғары туу көрсеткішіне қол жеткіздік. Бүгінде Алматы, Шымкент, Астана қаласы және Түркістан, Маңғыстау облысында халық санының өсімі жақсы деуге болады. Ал Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында адам азайған. Халық санының орташа деңгейде өсуі Қызылорда және Атырау облысына тиесілі.
Ресми дерекке сүйенсек, кейінгі жылдары елімізде туу көрсеткіші рекорд орнатқан. Енді халық тығыз орналасқан және саны артып жатқан аймақтар бойынша мемлекеттің алдында көптеген әлеуметтік және экономикалық міндеттер тұр. Еліміздің демографиялық дамуына әсер ететін ана мен бала өлімін азайту, отбасын қолдау, ажырасудың алдын алу секілді мәселелер жіті қадағалануы тиіс. Өйткені мемлекеттік ең бірінші байлығы – адам. Осыны ескерсек, әлеуметтік қолдау шараларының да жетіле түсуі қажет екеніне көзіміз анық жетеді. Әйткенмен жаңа Үкімет әзірге бұл тақырыпқа тұздық болар мәлімдеме жасай қойған жоқ.
Ж.БАЛАУСА.