ВЕЙП ТҮТІНІНЕ ТӘУЕЛДІЛЕРДІҢ САНЫ АРТЫП БАРАДЫ
Ұлыбритания
электронды темекілерге тыйым салмақ
Ұлыбритания бір рет пайдаланатын электронды темекілерге тыйым салмақ. Биліктегілердің пікірінше, вейптерді жасөспірімдерге сатуға рұқсат етілмегенімен балалар оны жаппай шегіп, тәуелді болып отыр. Сыншылар болса, қара нарықтың пайда болатынын және ескі темекілердің саудасы қайта қызатынын айтады.
Соңғы мәліметтерге сәйкес бір рет пайдаланатын электронды темекіге құмар балалардың саны соңғы 3 жылда 3 есеге артқан. Қазір 11 мен 15 жас аралығындағы жасөспірімдердің 9 пайызы вейп шегеді. Дәрігерлер вейпинг тәуелділік туғызып қана қоймай, болашақта өскелең ұрпақтың өкпесіне, жүрегіне және миына қауіп төндіруі мүмкін екендігін айтады. «Біз өкпесі сыр беріп, жансақтау бөліміне түскен балаларды да көрдік. Вейптің денсаулыққа тигізетін кері әсерін білу үшін зерттеулер жүргізу қажет» дейді балалар дәрігері Ронни Чанг. Үкімет тыйым салу шараларын жүзеге асыру үшін құқық қорғау органдары мен шекара қызметіне жылына қосымша 30 миллион фунт бөлуді ұйғарып отыр. Жаңа заң келер жылдың басында күшіне енеді. «Балалар вейпингтен аулақ болулары керек. Біз олардың электронды темекіге тәуелді болғанын қаламаймыз. Жалпы алғанда жас буын өкілдерінің денсаулығын жақсартуға бағытталған ұзақ мерзімді шаралар кешенін қабылдамақпыз» дейді Ұлыбритания премьер-министрі Риши Сунак.
Мамандар бір реттік вейптерді жасау үшін қолданылатын литий батареясы сияқты материалдар мен химиялық заттар қоршаған ортаны ластайды деп отыр. Өйткені электронды шылымқұмарлардың тек 17 пайызы ғана вейптерін тиісті қоқыс жәшіктеріне тастайды екен. Апта сайын бес миллионға жуық вейп далада жатады-мыс. Оппозиция тыйым салу шараларын билік тым кеш қабылдап жатыр деп сынады. «Неліктен тыйым салу үшін 2 жыл қажет болды? Премьер-министр депутаттарына заңды өткізе алмайды деген қауіп бар. Қуанышқа орай, Лейбористер партиясы ұлттық мүдде үшін әрекет етіп, заңды қолдап дауыс береді» дейді Лейбористер партиясының көшбасшысы Кир Стармер.
Ал бұл бастамаға сауда бірлестіктері мен вейп өндірушілер қарсы. Олардың айтуынша, билік партиясы осылайша сайлау алдында өзіне ұпай жинап алмақ. Сондай-ақ наразылар дәстүрлі темекіні қою үшін вейп шегуге көшкендерді назардан тыс қалдырды деген пікірді алға артады. Осы уақытқа дейін Денсаулық сақтау министрлігі шылымқорлықтан бас тартқысы келетіндерге электронды темекілерді тегін ұсынып келген болатын. Бұрын-соңды ешбір мемлекеттің мұндай қадамға бармағаны белгілі. «Егде жастағылар мен кейбір әлеуметтік топтардың өкілдері үшін бір реттік вейптер өте ыңғайлы. Миллиондаған адам темекіні тастағысы келіп, вейптерді балама ретінде қолданып келді. Тыйымнан кейін қара нарық пайда болып, темекі шегушілер шылымқорлыққа қайта оралуы мүмкін» дейді «Вейп» саудасы қауымдастығының төрағасы Маркус Сакстон.
Көптеген елдерде балалар мен жастар арасында вейпқұмарлар қатары артып барады. Бұған жауап ретінде АҚШ кейбір хош иістендіргіштерге тыйым салып тастады. Австралия электронды темекіні тек дәрігердің рецепті бойынша сатады. Ал Оңтүстік Корея, Үндістан және Бразилия вейп шегудің өте қатаң шектеулерін енгізді. Қытайда да талап күшті. Дегенмен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, 88 елде вейптер балаларға қолжетімді, 74 елде электронды темекі туралы заң жоқ.