ЕЛІМІЗДЕ 1,7 МЛН АДАМНЫҢ НЕСИЕ ТӨЛЕУ МЕРЗІМІ 90 КҮННЕН АСТАМ УАҚЫТҚА КЕШІКТІРІЛГЕН
Бүгінде бұқара арасында несиеге белшесінен батқандар көп. Сондықтан елімізде онлайн несиелеу қатаң реттеледі және несие беру шарттары қайта қаралады. Коллекторлық ұйымдарға кредиттерді сатуға ішінара тыйым салынып, балалы отбасылардың жалғыз баспанасынан айырылуына жол берілмейді. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары айтып берді.
Өткен жылы еліміздің 8 өңірде «Қарызсыз қоғам» пилоттық жобасы өткізілді және 65 мың тұрғын қаржылық сауат негіздерін оқып шықты. Ал биыл 750 мың отандасымыз қаражатты ұтымды басқарып, шығындарын оңтайландыруды үйренеді. Бүгінгі таңда 9 мемлекеттік орган және екінші деңгейлі 11 банк арасында алдағы үш жылға арналған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Алты негізгі бағыт бойынша 25 іс-шараны қамтитын тиісті Жол картасы әзірленіп, іске асырылуда. Оқу және ұйымдастыру шараларынан бастап, несие беру және қарыз алушылардың құқығын қорғау саласындағы заңнама жетілдірілуде.
«AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібектің айтуынша, биыл еліміздің барлық 20 өңірінде 200 мың адамды оқыту жоспарлануда. Сондай-ақ мектеп, колледж және жоғары оқу орнына арналған әдістемелік құралдар әзірленеді. Бұл шамамен 100 мың студент пен 450 мың оқушыны қаражатқа неғұрлым жауапты қарауға үйретуге мүмкіндік береді. «Биыл қаржылық сауатты мектеп қабырғасынан бастап арттыруды қолға аламыз. Сондай-ақ еліміздің барлық 20 өңірінде партиямыздың филиалдары жанынан «Қарызсыз қоғам» жобалық кеңселері ашылады. Онда кез келген адам қаржылық және құқықтық мәселелер бойынша кеңес ала алады. Бүгінде әрбір екінші қатысушының отбасындағы ортақ табысы 100 мың теңгеге де жетпейді. Сонымен қатар курстан өткен азаматтардың үштен бірінде екі немесе одан да көп несие бар. Қатысушылар арасында баласының несиесін төлеуге мәжбүр болған зейнеткерлер де кездесті. Жобаның негізгі мақсаты – адамдарға несие ауыртпашылығын жеңілдетуге көмектесу» дейді ол «AMANAT» партиясының орталық аппаратында «Қарызсыз қоғам» партиялық жобасын жүзеге асыру бойынша жиналыста.
Ал «Қарызсыз қоғам» жобасының жетекшісі Акмарал Бекмұрзаеваның айтуынша, қарызын өтей алмай жүрген қазақстандықтар саны күннен-күнге көбейіп келеді. Қаржылық білім сапасының төмендігінен ел арасында «борышкер синдромы» кең етек алған. «Несиеге батқан халықты оңалту бойынша мемлекеттік бағдарлама қажет деп есептейміз. Біздің жоба олардың жағдайын жеңілдеткенімен, несиелену мәселесін толық шеше алмайтынын түсінеміз. Елімізде 1,7 миллион адамның несие төлеу мерзімі 90 күннен астам уақыт кешіктірілген, бұл көрсеткіш жыл сайын өсуде. Азаматтардың осы санатымен іс жүзінде ешкім айналыспайды. Біздің жобаны іске асыру тәжірибесінен айта аламын, олардың барлығы несиелік тарихы бұзылғандықтан, мемлекеттік жеңілдетілген несиелеу, грант беру бағдарламаларына қатыса алмайды. Әсіресе несие алушылар мен қарызға батқандардың көпшілігі – әйелдер» деп атап өтті Ақмарал Бекмұрзаева.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі жалпы несие алғандар саны 8-9 млн адамға жететінін, тұтынушылық несие бойынша 13 трлн теңге қаражат халыққа жүк болып отырғанын айтты. Сонымен қатар «Жағдайды түбегейлі түзету үшін Үкімет мемлекеттік органдармен бірлесіп, жүйелі шараларды іске асыруды жалғастырады. Бұл ретте азаматтардың қаржылық сауатын арттыру өте маңызды. Сондықтан еліміздің барлық өңірлерінде «Қарызсыз қоғам» жобасын толыққанды іске асырылуын жариялаймыз. Бұдан басқа, біз онлайн несиелеуді қатаң реттейміз. Несие берудің көп жағдайда шарттары өте қиын, ауыр, соны қайта қарастырамыз. Коллекторлық ұйымдарға кредиттерді сатуға ішінара тыйым салу қосымша пысықталады. Балалары бар отбасылардың жалғыз баспанасынан айырылып, көшеде қалуына жол бермеуіміз керек. Осыған байланысты, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «AMANAT» партиясымен және мемлекеттік органдармен бірлесіп, Жол картасының іс-шараларын сапалы және толыққанды орындалуын қамтамасыз етуі тиіс. Жергілікті атқарушы органдарға жоспарланған іс-шараларды жүзеге асыруға белсенді қатысуды тапсырамын. Біз халықтың шамадан тыс несиеленуін азайту үшін барынша күш салып, бірігіп жұмыс істегенде ғана нәтижеге қол жеткізе аламыз» дейді ол.
Еске сала кетейік, «Қарызсыз қоғам» жобасы былтыр 2 мамырда пилоттық режимде бастау алды. Сарапшылар дәрісінен бөлек, жобаға қатысушылар enbek.kz порталына тіркелу және жеке кәсіпкерлік ашудан бастап, соттан тыс банкроттықты сүйемелдеу және берешекті өтеу кестесін әзірлеуге дейінгі түрлі сұрақтар бойынша кеңес алады. Сондай-ақ оқыту барысында қатысушыларға заңгер көмегіне кепілдік беріледі. Олар әр қарыз алушының несие тарихын жеке зерттеп, қарыз жүктемесін жеңілдету бойынша кеңес береді. Курсқа жазылу үшін тұрғылықты жері бойынша «AMANAT» партиясының аудандық филиалына немесе әкімдікке хабарласу қажет. Жобаға қатысушылар күндізгі форматта 5 күн бойы білім алады.