МАҚТА НАУҚАНЫНАН ЗАРДАП ШЕККЕНДЕР
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «…заңсыз қудалау құрбандарына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмысын толық аяқтауды» 2020 жылы 24 қарашадағы қаулысымен тапсыруына байланысты, Шымкент қаласы әкімдігі жанынан құрылған комиссия, міне, үш жыл болыпты жұмыс істеп жатыр. Сол комиссияның «большевиктік – сталиндік режимнің шаруаларға қарсы күшейтілген ұжымдастыру, сатып алу және басқа да саяси науқандарының құрбандарын іздеу және оларды толық ақтау ісін жүргізу» тобының жетекшісі ретінде құжаттарды оқып саяси құрбандарды анықтап жатырмын.
Түркістан облысы мемлекеттік архивінде «Советская степь» газеті және «Cайрам аудандық прокуратурасының өндірістік бақылаудағы істер» деп аталатын №168 Қор мен «Сайрам ауданы халық сотының материалдары» атты №505 Қор материалдары бойынша Шымкент қаласы мен Сайрам ауданында колхоздар құрылысының қалай жүзеге асқаны және мақта егу науқаны туралы құжаттар сақталған. Тек мақта науқанына байланысты қылмыстық істер саны — 100 ге жуық. Солардың кейбіреулеріне тоқтала кетейін.
Астық жоспарын орындау, ет дайындау жоспарынан бөлек мақта науқанының қызу жүргенін біреу білсе, біреу білмейді. «Мақта тәуелсіздігі үшін күрес», «мақта күресі — социализм үшін күрес» деген ұранмен жүрген мақта науқаны күштеу әдісімен атқарылыпты. Құғынға ұшырағандар да баршылық.
Мақта егумен айналысқан Шымкент қаласының Янгишахар, Калинин, Қызылжар, Сталин, Киров, Орджоникидзе, Қосдиірмен, Ворошилов, Тассай, Красный Октябрь колхоздары мен Сайрам ауданының Қарабұлақ, Қарамұрт, Базар Қақпа, Ярғанлық, Манкент атты жалпы 16 колхозды атап көрсетуге болады. Мақта егуге қарсы шыққаны үшін қылмыстық тәртіппен жазаланғандардың аты-жөндері анықталып отыр. Оларды соттау және құдалауды жүзеге асырған Шымкент аудандық халықтық соттары 5 участоктан тұрған және оған Ақсу селосындағы Сайрам аудандық халық сотын қоса 6 участокті көрсетуге болады.
Шымкент мақта зауытының құрылысы 1931 жылы 31 тамызда аяқталыпты. Мақта теретін 30 машина 1931 жылы 3 қыркүйекте поезға тиеліп Қазақстанның оңтүстік өңіріне жөнелтілген екен. Аталған колхоздарда жылжымалы питомниктер ұйымдастырылған. Колхозшыларды қоғамдық тамақтандыру жұмысы ұйымдастырылған. Десек те, колхоз құрылысына қарсылық барлық дерлік колхоздарда орын алған. Әсіресе, мақта егуге деген наразылық күштірек жүргендігін аңғаруға болады. Мысалы, оны Манкент пен Қарамұрттағы байлар, діндар адамдардың әрекетінен көруге болады. Ең қызық деректер Манкент селосының аға — інілі байлары саналған Бердикулов Назар мен Бердикулов Султанкұлға қатысты архив құжаттары кездесті. Олар 1930 жылы ОГПУ тарапынан тұтқындалған. Сол жылы Султанкұл 51 жаста, Назар 49 жаста болыпты. Сол жылы әрқайсынына 100 пұттан мақта салығы салынады. Оны орындаудан бас тартады. Сол әрекеті үшін бірнеше жылқысы мен ірі қара малдары кәмпескіленеді. Олар 1929 жылға дейін адамдарға пайызға ақша беріп өсімқорлықпен айналысып келген екен. Кедейлердің еңбектерін пайдаланып келгені үшін «эксплуататорлар» деп айып тағылған. Кеңес өкіметі көрсеткен осындай айыптауларға олар қарсылық көрсетіп Манкентте 1930 жылдың мамырында 500-ге жуық адам қатысқан митингі ұйымдастырады. Ол митингі милицияның, халық жасақтарының күшімен таратылады. «Бүлікшіл» Бердіқұловтар тұтқындалады. Олар кеңес билігінің колхоз жүйесіне қарсы ашық насихат жүргізгені үшін РСФСР қылмыстық кодексінің 58-10 бап, 61-3 баптарымен істі болады.
Сонымен қатар, Юнусходжаев Абдумажит, Зулқарнаев Маткерим, Низамутдинов, А.Швачко, К.Швачко, А.Швачко бұрынғы бай кулак элементтер ретінде айыпталғандар туралы құжат сақталыпты. Олар «Билинково», «Ярғанлик» селосынан қашып жүрген жерлері Қарабұлақ ауылы, Манкент селосы, Қарамұрт селоларынан ұсталған. Оларға 58 -8-9, 58-10 ,61-ІІІ, 111 баптары бойынша іс қозғалады. Іс 1931 жылы 9 сәуірден бастап 12 тамызға дейін Сайрам ауданының прокуроры Ибрагимовтің бақылауында жүрген. Ибрагимовтің Қазақ АССР прокурорына жазған құпия хатында бұрынғы бай, панисламист Зулқарнаев Маткеримнің 58-8 бабымен айыпталып жатқанын баяндаған. «Ол аса қауіпті контрреволюциялық элемент деп айта келе «ол мақта жиын терімі кезінде жұртшылық арасында кеңес жүйесіне қарсы үгіт жұмыстарын жүргізіп, мақта науқанының нәтижелі аяқталуына кедергі келтірді» дейді. Ол Зулқарнаев Маткеримге контрреволюциялық жұмыстары үшін ең жоғары жазалау шарасына ұсыныс білдірген.
1931 жылы 16 қыркүйектегі «Советская степь» газетінде «…Сайрам ауданында биыл 8 мың 752 гектар мақта егілді. Мемлекетке мақта жинау және дайындау жоспары 5990 тонна болып белгіленді» деп көрсетіліпті.
Осы газеттің 1931 жылдың 17 тамызындағы санында «Мақта күтпейді» атты фельетондық мақала жарияланады. Түркістандықтар мақта жинауға дайындық қарқыны мен уақытын ұмытып кетті деп басталып, мақта жинау науқанының басталуына өте аз уақыт қалғанымен мақта жинау науқанына дайындық жоқтың қасы… МТС жұмысшыларды оқытуды да жүргізбейді» деп жазыпты. Газеттің 21 қыркүйектегі санында «Чимкент өткен қателіктерді қайталады» деген баянхат жарияланды. Онда «Партияның астық дайындауды мақта жинау науқаны басталғанға дейін аяқтау туралы нұсқауы орындалмады. Мақта жинау науқаны басталғанда, бірақ олар астық жоспарының 36 пайызын ғана берді…» делінген.
Архивте сақталған 1930 жылы 26 желтоқсандағы Сайрам аудандық халық сотының мақта ісі бойынша үкім болғандары туралы мәліметті мына кестеден көруге болады.
р/с
|
Аты жөні | Тұрмысы | Тұратын қышлағы | ұлты | Қойылған баптары | Неше жыл тұтқынға үкім болған | Құқықтан ажырағаны | Бұл істегі айыптылар қанша | Босатылғаны |
1 | Садыққожа Ибыраһимқожа | саудагер | Сайрам | Өзбек | 58(10), 169-79 | 5 | 4 | 2 | 1 |
2 | Миррозы | Имам | Сайрам | Өзбек | 74 ІІ | 2 ½ | 2 ½ | 5 | 2 |
3 | Розықұл Ираұлы | Бай | Манкент | Өзбек | 169 ІІ, 131, 61 ІІІ | ||||
4 | Зиябек Ақмерұлы | Өзбек | 169 ІІ, 107, 79 І | 4 | 3 | 1 | |||
5 | Хайлат Розметұлы | Сайрам | Өзбек | 107, 61 | |||||
6 | Баян Назарбайұлы | Қарабұлақ | Өзбек | 79 ІІ, 119 ІІ | 4 | 3 | 7 | 4 | |
7 | Рахымша Сұлтаншаұлы | Сайрам | Өзбек | 61, 107 | 14 ай | ½ | 4 | 1 | |
8 | Мірхамит Міртәліпұлы | Саудагер | Сайрам | Өзбек | |||||
9 | Әбдірайымхан Тәжібаев | Кулак | Сайрам | Өзбек | 79 ІІ | 4 | 4 | 1 | — |
10 | Ғымал Исаұлы | бай | Қарабұлақ | Өзбек | 169 ІІ, 131,61 ІІ | 5 | 5 | 1 |
1931 жылы «Советская степь» газетінде жарияланған баянхаттағы мына кестеде мақта жинаудың нәтижесі бойынша «Казхлопканың» қысқаша ақпараты берілген. Көңіл аударатын жайт, Әулиеата, Шу мен Жаркентте де мақта талшықтары егілген екен.
Жаңақорған | 76,8% |
Бостандық,Қаратау | 70,9% |
Арыс | 71,7% |
Бугун | 69,6 % |
Түркістан | 62,1% |
Шымкент | 60,9% |
Талас | 58,8% |
Шу | 58,8% |
Сайрам | 58,7% |
Әулие-ата | 53,6% |
Қызыл-Құм | 51,0% |
Пахта-Арал | 49,1% |
Келес | 40,3% |
Жаркент | 19,7% |
Жаңа құрылған колхоздарға және бұрынғы байларға мақта салықтары қатты зардап боп тиген. Осыдан азық-түлік тапшылығы орын алған. Ақыр соңында халық аштыққа душар болыпты.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «…заңсыз қудалау құрбандарына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмысын толық аяқтауды» тапсыруына байланысты осы байларды саяси ақтауға ұсыну қажет деп есептеймін.
Айтай Б.С.
Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан
педагогикалық университетінің аға оқытушысы,
т.ғ.к., саяси құғын- сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі
мемлекеттік комиссияның мүшесі.