ЖОЛ ЕРЕЖЕСІНЕ САЛҒЫРТ ҚАРАЙТЫНДАРДЫҢ САНЫ АРТЫП БАРАДЫ

бейнекамералардың көбеюі статистикаға әсер етті ме?

Елімізде жол ережесіне салғырт қарайтындардың саны артып барады. Бүгінде жоғары жылдамдықпен жүйткіп, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне қатер төндіріп жатқандарға ауқымды айыппұл салынуда. Бұрындары талапқа томпақ келетін әрекетке барғандардың дені жауапкершіліктен жалтарса, қазіргі уақытта орнатылған бейнекамералардың арқасында заң алдында жауап беруіне тура келеді. Статистикалық көрсеткіштерге көз жүгіртсек, соңғы бірнеше жылда құқықбұзушылық бірнеше есеге артып шыға келген. Осы орайда, бүгінгі материалымызда аталған тақырып турасында кеңірек тарқатуды жөн санап отырмыз…

Қазіргі таңда Қазақстанда жол ережесін бұзу фактілері жиі тіркеліп, оларға айыппұл салынып жатыр. Былтыр көліктегі әкімшілік құқықбұзушылықтар саны жылдық есеппен 21,4 пайызға өсті. Нақтырағы қаңтар мен қараша аралығында жол қызметтерінде 8,2 млн құқықбұзушылық тіркелген. Бұл туралы Finprom.kz зертеуінде көрсетілген. Ал соңғы 5 жылдық немесе 2017-2022 жылғы деректерді сараласақ, көрсеткіш 2,9 есе артқанына көзіміз жетеді. Бұл үрдіске бірнеше фактор әсер етіп отыр. Біріншіден, жеңіл автокөліктер саны осы уақыт аралығында 13,2 пайызға өсті. Екіншіден, жол қозғалысы ережелерін сақтамау фактілері бейнебақылау жүйелері арқылы автоматты түрде тіркеле бастады. Мәселен, 2022 жылы рұқсат етілген жылдамдықтан асып кету жағдайлары 2017 жылмен салыстырғанда 9 есе, яғни 344 мыңнан 3,1 млн-ға дейін өсті. Былтыр өсім жалғасты. ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің есебінше, 2023 жылғы қаңтар-қарашада «Сергек» камералары мен жол полициясы радарлары арқылы рұқсат етілген жылдамдықты асырған 3,9 млн автокөлік ұсталды. Сонымен қатар бұл бұзушылықтардың көпшілігін спидометрі ең минималды 10–20 км/сағ асырған көлік жүргізушілері жасаған.
Биыл «Сергек» камерасына түскен заңбұзушылықтар бұған дейінгі көрсеткіштен де көп болуы мүмкін. Өйткені ірі қалаларда пилоттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл камера арқылы жылдамдықты асырып қана қоймай, жаяу жүргіншілер өткелдерінен өтуге рұқсат беру талаптарының сақталмауын да түсіруге мүмкіндік береді. ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің хабарлауынша, енді қауіпсіздік белдігін тақпаған немесе көлік жүргізу кезінде телефон пайдаланатын жүргізушілерді де камералар арқылы бақылауға болады.
Жылдамдықты арттыру — ең көп таралған әкімшілік көліктік құқықбұзушылық. Мұндай фактілердің жалпы көрсеткіштегі үлесі 48,3 пайызды құрайды. Бұл антирейтингте екінші орында жүргізушінің жол белгілері мен таңбаларын елемеуі тұр. Көрсеткіш 21,7 пайыз шамасында. Соңғы жылдағы әкімшілік құқықбұзушылықтар санының өсуі 40,4 пайызға өскен айыппұл сомасының өсуіне пропорционалды емес. 2023 жылдың қаңтар-қараша айларында жол қозғалысына қатысушыларға 88,7 млрд теңгеге айыппұл салынды. Оның 74,2 млрд теңгесі бюджетке төленді. Мемлекет қазынасына ең көп ақша түсіретін заңбұзушылықтар — жылдамдықты арттыру және жол белгілерін сақтамау. Былтыр 11 айда ӘҚБтК-нің осы екі бабы бойынша жалпы сомасы 60,3 млрд теңге айыппұл салынды.
Өткен жылы жаяу жүргіншілер мен басқа да жол қозғалысына қатысушыларға айыппұл жиі салынды. Соңғы бір жылда жаяу жүргіншілер, велосипед, самокат тебушілердің жол қозғалысы ережелерін бұзуы 13,3 пайызға, ал айыппұл сомасы 34,8 пайызға өсіп, 1,7 млрд теңгеге жетті. Айыппұл көлемі бойынша үшінші орында ӘҚБтК-нің көлік бөлімінің ең «апатты» бабы — «Көлік құралдары жүргізушілерінің адам денсаулығына зиян келтіруі, көлік құралдарын зақымдауы немесе басқа мүлік». Осы бап бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылғандарға 2023 жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында 5,5 млрд теңге айыппұл салынды. Жазатайым оқиға ауыр зардаптарға әкеп соққан жағдайларда кінәлі әкімшілік емес, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Мұндай құқықбұзушылықтар үшін жазаны уәкілетті орган, яғни Ішкі істер министрлігі емес, сот тағайындайды.
Осы тұста айта кетерлігі, Қазақстанда цифрлық бейнебақылау жүйелері бірінші кезекте жолдардағы апаттар мен өлімді азайту мақсатында енгізілген болатын. Дегенмен статистика көрсеткендей, соңғы бірнеше жылда камералар көбірек ақша жинауға көмектесті, бірақ жол апаттары бойынша жалпы жағдай жақсы жаққа өзгерген жоқ. Салыстырар болсақ, 2018 жылы 15,8 мың жол-көлік оқиғасы болып, онда 2,1 мың адам қаза тапты, былтыр жол-көлік оқиғасы 15,9 мың рет тіркелсе, ал қаза болғандар саны 2,5 мың азаматты құрады. Оның үстіне, ресми деректерге сүйенсек, адам өліміне әкеп соқтырған жол-көлік оқиғаларының жартысы қала жолдарында орын алады. Көбіне жол-көлік оқиғасы жаяу жүргіншімен соқтығысады. Былтыр 15,9 мың жол-көлік оқиғасының 6,1 мыңында көліктер жаяу жүргіншілерді қағып кеткен. Автокөлік соқтығысуы жол-көлік оқиғалары арасында екінші орын алады. 2023 жылы осындай 4,5 мың қайғылы оқиға тіркелді. Өңірлер бойынша Алматы бірнеше жылдан бері жол-көлік оқиғаларының саны бойынша сөзсіз көшбасшы болып келеді. Былтыр әрбір төртінші жол-көлік оқиғасы оңтүстік астанада тіркелген.
Қорыта айтқанда, саладағы көрсеткіштер көңіл көншітпейді. Қыруар қаражатқа орнатылып жатқан бейнекамералар да біз күткен нәтижені бере алмай келеді. Ал жауапты сала басшыларының қандай нәтижеге сүйеніп, оны орнатып жатқаны тағы белгісіз. Шындығына келгенде, жол ережесі ақша табу үшін емес, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін керек емес пе?! Әзірге бұл сұрақтың басы ашық секілді…

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.