ҰЛТ МҮДДЕСІН КӨЗДЕГЕН АЛАШ СЫНШЫСЫ

Жүсіпбек Аймауытұлы — 1889-1931 жылдары-қазақ әдебиетіне өзінің мол үлесін қосқан, қазақтан шыққан жазушы, драматург, аудармашы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі болған Алаш қоғам қайраткері. 1917-1919 жылдары Алаш партиясының көрнекті өкілдерінің бірі болған. 1919 жылы 1 желтоқсанда Семейде кеңес өкіметі орнап, Губревком құрылған мезгілде көптеген қазақ жастарымен бірге мүше болады. 1920 жылы Қазақстан Кеңестерінің Құрылтайы съезіне делегат болып қатысады. 1921 жылы Семей губерниялық оқу бөлімінің меңгерушісі, «Қазақ тілі» газетінің редакторы және журналистер бюросының хатшысы қызметтерін атқарды. 1922-1924 жылдары Қарқаралыда мектеп мұғалімі, 1924-1926 жылдары «Ақ жол» газетінде бөлім бастығы міндеттерін атқарды. Қазақ институтында жұмыс істеді (Ташкент қаласында), 1926-1929 жылдары Шымкент педагогикалық техникумының оқытушысы әрі директоры болды.

Өзінің жеке өмірінде, осы қызметтерді атқара жүріп, алапат аштық қарсаңында ұлт жанашырлары күйзелген елге қол ұшын беру мақсатымен Семейде «Жанар» атты ұйым құрады. Ұйымның негізгі мақсаты — қарапайым халыққа көмек көрсету, ұлт бостандығы жолындағы жастарды қамқорлыққа алып, білімге, саясатқа тарту болды. Халыққа қасірет әкелген алапат аштық тұсында Жүсіпбек Аймауытұлы осы ұйымда жұмыс жасаған серіктестерімен бірге халыққа қол ұшын берді. Мәдени және рухани тұрғыдан, әлеуметтік жағынан қолдау көрсетіп келді. 1930 жылдардың ойранына, НКВД-нің қанды шеңгеліне түскен қайран ер таланты кемелденіп, үлкен шығармашылық кезеңге бет бұрған шағында 1930 жылдың 21 сәуірінде Мәскеудегі Бутырька түрмесінде атылды.
Қазіргі таңда қоғамда болып жатқан, жаһандық өзгерістер еліміздегі білім беру жүйесінде де жаңаша көзқарас, тың бағыттарды талап етуде. Қазіргі уақытта еліміз — жаһандық қауымдастықтың дамыған елдер қатарына ену мақсаттарын алдына қойып отырған қарқынды дамушы ел. Елдің әл-ауқаты, экономикалық жағдайы күн өткен сайын жақсаруда. Дегенмен біз өмір сүріп отырған ортамызда және біздің ортақ жер шарымыздағы дағдарысты жағдай кез келген саналы жанды толғандыратыны сөзсіз.
Еліміздің қолға алып жатқан бетбұрыстары халықымыздың рухани өрлеуі, болашақ ұрпақтың адами қасиеттерінің дамуына бағытталып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси қуғын-сүргінге ұшыраған Алаш партиясы азаматтарын толық ақтау жөніндегі бастамасы әлем елдерімен терезесі тең қатынас құрып, әлем картасында ойып тұрып орын алатын тәуелсіз армандарды ақиқатқа айналдырды.
Сондықтан да түтіні түзу, ертеңіне сенімі мол, өз ұрпағы бақытты, зайырлы қоғам орнатуда рухани-адамгершілік білім беру өте өзекті мәселе болып отыр. Болашақ ұрпақты жоғары рухани межеге жетелейтін, адамгершілік қасиеттерін жарқыратып, жандандыратын күш білім екендігін ұмытпай, рухани-адамгершілік білім бағдарламасының заманауи білім беру жүйесіне ену-бұл заман талабы болып отыр.
Әрбір адамның рухани бастауларына жол сала отырып, оның ұлылықтың бір бөлшегі екенін, Ұлы Рухтың иесі екенін сезінетін азаматтарды тәрбиелеуіміз керек. Айналадағы барлық адамдармен әлеуметтік топтар арасындағы ұлтына, дініне қарамастан «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деп Абай атамыз айтқандай, ынтымақтастықта өмір сүргеніміз дұрыс. Әрбір азаматтың шексіз білімге тереңдей түсіп, сол арқылы ақиқатты танып, айналаны риясыз сүйіспеншілікке бөлеп, шексіз мейіріммен қатыгездікке қарсы тұра білуге, ойының, өз ісінің, сөзінің бірлігімен жан тыныштығына жетуге жол нұсқайды. Жүсіпбек Аймауытұлы атамыздың шығармалары мен өлеңдерін мұқият оқи отырып, өмірдің бізге қоятын сансыз сұрақтарына өзіміздің жауап іздеуімізге көмектесетіндігін байқаймыз. Адам жалғыз қалғанда жаныңды аяздай суытатын, жүректі ауыртатын, көзіңнен шынайы жасты шығаратын, өкіндіретін, шабыттандыратын, шаттандыратын сұрақтардың жауабын табуға болады. Осы сұрақтардың жауабы шексіз, мәңгілік білімнің арқасы, сол себепті білім шексіздігіне біз даналықтың құпиясын таныған ұстазымыздан іздейміз. Адам өзін-өзі танымай өзге жұртты тани алмайды. Тіл — бұл адамның ішкі сырын сыртқа шығаратын негізгі құрал. Ұлтымыздың тілім мен бақытын сақтап қалу жолында, тер төккен атамыздың ерен еңгегі зор.
Осы себепті де біздің өскелең ұрпағымызды тәрбиелеуде, ақын әрі жазушы, Алаш партиясының көрнекті өкілі болған ұстазымызды естен шығармай, қазақ халқына жасаған ерліктерін ұмытпағанымыз жөн. Ұлтымыздың ұлы ұстаздары Төныкөк, Күлтегіннен бастау алып, Абай, Шәкәріммен негізі қаланып, Мағжан, Жүсіпбек аталарымыздан жалғасын тауып келе жатқан даналық ілімдер бүкіл адамзаттық сананы мұхиттың тереңіне бойлатып, шынайы ақиқатты тануымызбен бастау алмақ. Талай жылдар әділетсіздікпен көзін аша алмай жатқан сол қиыншылықтан шығу жолын іздеген аталарымыз бен ұлағатты ұстаздарымыздың жасаған ерлігіне мың алғыс білдіреміз.
Қазіргі халықтың рухани жаңаруына, жанымыздың тазаруына қызмет етіп, өзінің барлық қызметімен шығармашылығын бізге арнау етіп қалдырған атамыз — Жүсіпбек Аймауытұлы. Жазушылығымен қоса, қазақ топырағында тұңғыш педагогика, психология, көркемөнер ғылымдарының саласында қалам тартып, құнды-құнды ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысып, «Ақбілек» романының авторы болуымен дараланған тұлға.
Жүсіпбек Аймауытұлы өзінің тәлім-тәрбие саласындағы бағыт-бағдарын 1918 жылы ақпан айында Семей қаласында жарыққа шыққан, әдеби және қоғамдық «Абай» атты журналдың бас мақаласынан аңғартады. Онда атамыз «қазақ сахарасында мыңмен жалғыз алысып, жапа шеккен ағартушы Абайдың көздеген мақсаты халқын өнер-білімге, оқуға, отырықшылық мәдениетті ел дәрежесіне жеткізу еді» деп жазған болатын. Атамыз Абай ұсынған адамгершілік (гуманистік) жолды өзінің тыныс-тіршілігінің өмірлік арқауы етіп алады. Осы журналдың 1919 жылғы 12-санында жариялаған «Тәрбие» атты көлемді мақаласында тәлім-тәрбиелік ой-пікірлер ғылыми тұрғыдан терең баяндалған. Онда автор адамның жоғарғы рухани әлемінің ашылмауына, тәрбиенің дұрыс болмауын себеп етеді. «Адам мінезінің, ақыл-қайратының әртүрлі болуы тәрбиенің түрлі-түрлі болуынан…. адам баласының ұрлық істеуі, өтірік айтуы, кісі тонауы, өлтіруі сияқты бұзақылықтар жасауы, тәрбиенің дұрыс жатіспеушілігінен» дейді.
Ол тәрбиенің екі түрлі болатындығын атап көрсетті — жан тәрбиесі және дене тәрбиесі. Жан тәрбиесінің маңыздылығын алдымен отбасы түсінуі керектігін баса айтты. Ж.Аймауытұлы балаға әсер ететін құралдар медресе және тәрбиеші деп санайды. «Кейде белгісіз себептермен күшті ықпал ететін, әсер ететін жағдайлардың да болуы ықтимал. Ол замандастар (құрбы-құрдастары), туған ауылы, өскен ортасы, оның діні, тілі, һәм басқа да нәрселер» деп, тәрбие мәселесіне ықпал ететін факторларды тізбектеп талдайды. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп атамыз қазақ тауып айтқан. Балаға қайырымдылықты, қаталдықты, кішіпейілділікті, шыншылдықты, өтірікті үйрететін кім? Ол, әрине, ата-ананың тәрбиесі. Баланың бойына басынан сінген мінезді қайта түзету қиындық кетіреді. «Сүйекпен сіңген мінез сүйекпен кетеді» деген сөз ата-ана тәрбиесінің күштілігін көрсетеді» деп автор бала мінезін қалыптастырудағы отбасы мүшелерінің, ықпалын айқын ашып береді.
Бала ата-ананадан не үйренсе, ата-ана да баласы арқылы рухани өсуі керектігін алға тартады. Ол бала мінезін жас шыбыққа теңейді. Жас кезінде дұрыс тәрбие алмаған бала өскенде қисық ағаш сияқты болып өсетінін, отбасында теріс тәрбиеленген баланы қайта тәрбиелеудің үлкен қиындық келтіретінін айтады. Ж.Аймауытұлының педагогика ғылым саласындағы жүйелі ой пікірлері оның 1924 жылы Орынборда басылған «Тәрбиеші жетекші» атты еңбегінен жақсы байқалады. Бұл еңбекте Ж.Аймауытұлының «мұғалім айналысатыны-үнемі қозғалып, өзгеріп өсетін, өркендейтін тірі адам болғандықтан, біркелкі әдіспен шектеліп қалуға болмайды… Сабақ беру үйреншікті жай шеберлік емес, ол үнемі жаңадан жанын табатын өнер…» деп оқыту, білім берудің де қасиетті өнер екендігін көрсетеді. Баланың шыр етіп дүние есігін ашқаннан бойында Ұлы рухтың, Ар-ұжданның, білімге деген құштарлықтың болатынын «білімге деген ынталанушылық пен қызығушылықтың, адам бойындағы ой еңбегі күшінің қайнар көзі, сондай ақ көздерін көбірек ашу, бөгетсіз саулатып ағызу, өркендету өнері-мұғалімнің бойына біткен қасиеті болу керек» деген пікірі арқылы нақтылай келсек, ұстаздың өз бойында да осы қасиеттерді талап етеді.
Ж.Аймауытұлының адам баласының мәдениет тарихынан өнердің көрнекті орын алып керегіне, өнерсіз қоғамның дамуы, рухани байлықтың молаюы мүмкін еместігіне тоқталып, мектептерде әуелі кескін мен әуез өнерін, оның ішінде сурет салу, ән-күй үйретуге негіз салу керектігін, әрбір баланың өнерге деген ынтасын қозғап, өнерпаздық қабілетін тәрбиелеу қажеттілігін баса айтады. Сонымен қатар Ж.Аймауытұлының адамның өз ұлтына ғана қызмет етуі-өзімшілдіктің бір көрінісі, халықтар тек өз ұлтының шеңберінде қалмауы тиіс, өмір өзі оған жол бермейді, ұлтшылдықтың өзі адамгершілікке жатпайды деген пікірлерін айтқан. Бұл пікірлер әр адам өз ұлтын жақсы көре отырып, басқаларды да өз ұлтындай, өз бауырындай сүйіспеншілікке бөлеудің маңыздылығын айқындай түседі. Ж.Аймауытұлының мол мұрасы, даналық ойлары сұрақтарына жауап іздеген әр адам үшін құнды. Даналар өздері кетсе де сөздері, халыққа жасаған жақсы істері, мейірімге толы ойлары адамзаттың ақиқатты іздеуі жолындағы шамшырағына тең. Рухани-адамгершілік білім бастаулары, рухани ұстазымыздың тағлымдарын зерттеп, саралап, өскелең ұрпаққа жеткізе білу кез-келген ұзтаздың басты міндеті болмақ.
Алаштың танымал тұлғасы, қазақтың қара сөзінің құлжасы Ж.Аймауытұлының жарияланбаған оншақты әңгімесі мен қазіргі оқырманға мүлдем беймәлім болып келген елуден астам мақалалары мен жазған очерктері архивтерден табылып отыр. Қапастағы қараңғы қоймадан, шаң басқан архивтен шиырлап іздеп олжа салған, сәуле түсіріп, осы інжу-маржандарды қайыра қалың жұртқа ұсынып отырған дарынды ақын, әдебиеттанушы ғылым, Жүсекең мұрасын зерттеуші-Нұржан Қуантайұлының бұл шығармалары оның «Ғылым» баспасынан жарық көрген 5 томдық толық жинағына да енбегендігін, екінші рет ешқайда жарияланбағандығын айта кеткеніміз жөн деп санаймыз. «Елеусіз ерлер» атты әңгімесі 1920 жылдары Ташкентте шығып тұрған «Ақ жол» газетінің қосымшасы-«Сәуле» әдеби журналының 1924 жылғы қараша айындағы 6-санында жарық көрген екен. Әңгімені арапшадан қазіргі қаріпке түсіріп ұсынып отырған — филология ғылымдарының кандидаты Нұржан Қуантайұлы екенін еске саламыз.
Жүсіпбек Аймауытұлы ұлттық сөз өнерінің әралуан саласында ерен еңбек еткен. Оның қаламынан туған, әсіресе, ақындық әлемін танытатын «Сарыарқаның сәлемі», «Көшу», «Нұр күйі» өлеңдері бар. Кемел прозашыл «Әнші», «Елес», «Жол үстінде», «Қарабақсы» әңгімелері, «Күнекейдің жазығы», «Ақбілек» романдары, драмалық жолда жазылған «Сылаң қыз», «Мансарқорлар», «Рабиға», «Ел қорған», «Қанапия-Шәрбану», «Шернияз», ал айтулы аудармашылық қызметінде «Сараң сері», «Тас мейман», «Бақылаушы», «Бейшаралар», «Дәмелі», «Тау еліндегі оқиға» тақырыптарында орыс ақын жазушыларының шығармаларын қазақ тіліне аударған. Сыншылығы жолында «Мағжанның ақындығы туралы», «Аударма туралы», «Сұқар жыры», адам жаны жүйесінің білікті білгір екендігін «Тәрбиеге жетекші», «Психология», «Косплекспен оқыту жолдары», «Жаңа ауыл» және басқа да ғылыми еңбектері табиғи талант қырларын жан-жақты жарқырата көрсетті. Балаларға арналған «Жаман тымақ», «Көк өгіз», «Шал мен кемпір», «Үш қыз» сынды ертегілері қарпайым мәтін мен көркем суреттің табиғи тұтастығы мен үндескен үлесін бізге терең танытты. Ең маңыздысы, бұл еңбектердің де рухани-тәлімдік қырлары мәнді болып келетіндігін біз кең ауқымды жұмыстарды атқару барсында зерттеп келеміз.

Тіресіппіз, күресіппіз сан ғасыр
Қазақ елім — асқар тауым белесім,
Жүрегімде қалды сенің елесің,
Сан ғасырлық тарихымның куәсі,
Өткен өмір зерттеп мені келесің

Аязды күн, аязды түн өткенде,
Ашаршылық кең далама жеткенде,
Қызылдар мен ақтар болып бөлініп,
Ойран салып ауылдарды кеткенде.

Ақ пен қызыл аямады қазақты,
Көрді жұртым қара ниет азапты.
Ауыр жылда құрбан болды жазықсыз,
Шет ел асып ұрпақтары тарапты.

Құжаттарды талдап бүгін қарасақ,
Ресей асып, Қытай асып тарасақ
Тіресіппіз, күресіппіз сан ғасыр,
Талып жетті содан бізге болашақ
(Авторы: Досыбай Н.Ж.)

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Шымкент өңірлік комиссиясының Жұмыс тобының жетекшісі, М.Әуезов атындағы ОҚУ «Рухани жаңғыру және ҚХА» орталығының басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Гүлнар ЖАНЫСБЕКОВА және М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті колледжінің директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әлібек Сейдехан Нұрмаханұлымен бірге, тарихи құжаттарды анықтап, зерттеп, республикалық және облыстық мұражайларда байланыстар орнатып келеміз. Өткен уақытымыз бен өткен өміріміздің, тарихи құжаттарымыздың құнды деректерін зерттеу арқасында, жастарға зиялы қауым өкілдерінің өмірі кеңестік саясаттың қыспағына ұшырап, құнды деректердің бізге жетпей, құпия архивтерде сақталып, шаң басып жатқаны өкінішті. Сол заманғы кеңестік саясаттың кесірінен елімізге өзінің мол мұрасын қалдырып, қазақ әдебиеті мен тарихына өшпестей із қалдырған зиялы қауым өкілдерінің еңбектерін зерттеу біз үшін басты құндылықтың бірі болып отыр.

Н.Ж. Досыбай,
Қазақстан тарихы пәні оқытушысы, саясаттанушы магистр үздігі, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Универсиеті колледжі, Альзакова Р.К. Орыс тілі және орыс әдебиеті пәні оқытушысы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Универсиеті колледжі.