ШИКІЗАТТЫ ТИЫНҒА САТЫП, ӨҢДЕЛГЕН ӨНІМДІ ҚЫРУАР АҚШАҒА АЛЫП ОТЫРМЫЗ

Өткен жылы Қазақстан экономикалық тұрғыда бірқатар жетістіктерге қол жеткізді. Инвестиция көлемі артты. Отандық өнімнің әлеуетін арттыру бағытында бірқатар үлкен бастамалар жүзеге асты. Бұл ғана емес, сауда саттық саласында да бірқатар өзгерістер болды. Мәселен, бұған дейін еліміздің негізгі сауда серіктесі Ресей болып келген еді. Өткен жылы солтүстіктегі көршіміз бұл поцициясын жоғалтты. Оның орнын Қытай басты. Бүгінгі материалымызда аспанасты елімен арадағы сауда байланысы турасында тарқата баяндауды жөн санап отырмыз…

Соңғы бірнеше жылда Қытайдың Қазақстанның тауар айналымындағы үлесі алғаш рет 21,3 пайызға жетті. Бұл — 2017 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Өткен жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында Қазақстан Қытаймен 21,7 млрд АҚШ долларына тауар алмасты. Бұл туралы Еnergyprom.kz зерттеуінде көрсетілген. Ұзақмерзімді деректер Қытайдың Қазақстан импортындағы да, экспорттағы да үлесін біртіндеп арттырғанын көрсетеді. Егер 2017 жылы қазақстандық тауарларды шетелге сатудың жалпы көлеміндегі бұл елдің үлесі салыстырмалы түрде төмен 12 пайыз болса, қазір ол 6 пайыздық тармаққа өсіп, 18 пайызға жетті. Қытайдың еліміздің импортындағы үлесі жыл санап 15,9 пайыздан 25,5 пайызға дейін өсті. Соңғы бірнеше жыл ішінде Қытайдың Қазақстан нарығындағы басты бәсекелесі Ресей еді. Солтүстік көрші Қазақстанның тауар айналымында тек өз тауарларын сату арқылы үлкен үлеске ие болды. Былтыр қаңтар мен қыркүйек аралығында Ресей Қазақстанмен тауар айналымының көлемі бойынша жеңіліп қана қоймай, ҚХР-дан әлдеқайда артта қалды. Еліміздің Ресеймен экспорты мен импортының жалпы көлемі 18,9 млрд АҚШ долларын құрады. Сауда-саттық серіктестерінің үштігіне мұнай сатып алушы ретінде тізімге енген Италия 11,7 млрд АҚШ долларымен кіріп отыр.
Қытайдың Қазақстанмен саудадағы тағы бір рекорды, биыл Қытай тауарларының импорты 11,3 млрд АҚШ долларын құрап, ақшалай есептегенде алғаш рет 10,4 млрд АҚШ долларын құрайтын экспорттан асып түсті. Енді ҚХР ең алдымен Қазақстан үшін жеткізуші, содан кейін ғана сатып алушы деп сеніммен айта аламыз. Өзгеріс Қытайдың біздің елге өз тауарларын жеткізудің физикалық және құндық көлемін күрт арттыруына байланысты болып отыр. Ақшаға келетін болсақ, қытайлық жеткізушілер 2021 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда өткен жылы бірден 45 пайызға өсім көрсеткен. Ал Қазақстан тауар тасымалын арттырғанымен, экспорт құндық мәнде 2,5 пайызға ғана көбейген. Бұл сәйкессіздіктің себебін түсіну үшін Қытайға шығатын экспорттың құрылымын талдап көрейік. Кедендік статистикаға сүйенсек, Қытай компаниялары негізінен Қазақстаннан шикізат сатып алуға мүдделі. Сәйкесінше, олардың көпшілігі 2023 жылы арзандады. Мәселен, былтыр қаңтар-қыркүйекте Қазақстан Қытайға 4,4 млн тонна мұнай сатты, бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,1 пайызға артық. Физикалық көрсеткіштің шамалы өскеніне қарамастан, біздің еліміз мұнай өнімдерін сатудан 2021 жылмен салыстырғанда 14,2 пайыз аз ақша тапты. Осыған ұқсас жағдай басқа да тауарлар, атап айтқанда, газ, темір рудалары мен концентраттары, ферроқорытпалар бойынша қалыптасып отыр. Жалпы осы кезеңде Қытай үшін тауарлардың орташа есептік экспорттық бағасы радиоактивті химиялық элементтер мен изотоптар позициясын қоспағанда, кестеде көрсетілген барлық санаттар бойынша төмендеді. Бұл өнім тобын тек шикізатқа жатқызуға болмайды. Былтырдан бастап Қазақстан Қытайға жоғары қосылған құны бар тауарларды — жылу бөлуші жинақтарды жеткізе бастады. Бұл — уран түйіршіктерімен толтырылған атом электр станцияларына арналған құрылымдар. Бірегей өндіріс Шығыс Қазақстанда Қазатомөнеркәсіптің еншілес кәсіпорны — Үлбі металлургиялық зауытының базасында жұмыс істейді.
Қытай, өз кезегінде, Қазақстанға негізінен терең өңделген өнімдерді жеткізеді. Қытай импортының құрылымында бірінші орынды киім-кешек, төсек-орын және көрпелер алады. Соңғы бір жылда Қытай бұл санаттағы жеткізуді ақшалай түрде екі есе, ал физикалық түрде 76,5 пайызға арттырды. Қытайлық автоөндірушілердің қазақстандық жеңіл автокөлік нарығын жаулап алуы статистикаға қатты әсер етті. Былтыр қаңтар–қыркүйекте қазақстандықтар Қытайдан 40,1 мың автокөлік сатып алды. Бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бірден 6 есеге көп. Сұраныс артқан сайын Қытайда шығарылған көліктердің орташа есептік экспорттық бағасы да өсуде. Соның арқасында Қытай қазақстандық «Geely», «Haval», «Chery» және басқа да қытайлық көліктердің тұтынушыларынан 653 млн АҚШ долларын алды. Бір қызығы, Қытай Қазақстанға смартфондар, компьютерлер мен автокөліктерден бөлек, еліміз өз бетінше өндіре алатын көптеген түрлі тұрмыстық бұйымдарды сатады. Мысалы, өткен жылдың үш тоқсанында қағаз жапсырмалар мен этикеткаларға 10,6 млн АҚШ доллары, балаларға арналған бояу кітаптарына 13,6 млн АҚШ доллары, орайтын қапшықтарға 36,2 млн АҚШ долларын жұмсаппыз. Тіпті, дәретхана қағазы, картон қорап, түйме, қарындашты да Қытайдан таситын болып барамыз. Қорыта айтқанда, табиғи ресурстарға иек артып, өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға баса көңіл аудармасақ, өзгеге жем болғанымыз болған. Мұны жоғарыда көрсетілген сандар айғақтайды…

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.