ИНЖЕНЕРЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫММЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫН АЛҒАН

Шымкент қаласының халқы жыл өткен сайын артып келеді. Сәйкесінше, қала аумағы да кеңейе түсуде. Мұның өзі инженерлік инфрақұрылыммен қамту жұмыстарын жеделдету керегін айғақтайды. Бұл тұрғыдан келгенде, үшінші мегаполисте атқарылып жатқан жұмыстар шаш-етектен. Қазіргі уақытта сапалы электр жарығымен, көгілдір отынмен қамту қарқын алған. Ал жүзеге асқан жұмыстар жайын шаһар басшысының өзі қадағалап келеді.

Мәселен, жуырда қала әкімі Ғабит Сыздықбеков бірқатар шағынауданды аралап, жол, инфрақұрылым мәселелерімен танысты. Тұрғындардың талап-тілегі бойынша Ұлағат елді мекеніндегі инженерлік желілер жүргізілген соң қайта қалпына келтірілмеген Қалдыбаев, Жүргенов көшелерінде болды. Қала басшысы жауаптыларға тез арада тұрғындарға қолайлы жағдай жасап, аталған көшелерді жөндеу жұмыстарын бастауды тапсырды. Ал Тассай шағынауданындағы Бумын қаған көшесін орташа жөндеуден өткізу үшін сметалық құжаттама әзірленіп, мердігер мекеме анықталған. Тұрғын алапта газ құбырларының жүргізілуіне байланысты осыған дейін көшені асфальттеу мүмкін болмаған. Жоспарға сәйкес, орташа жөндеу жұмыстары биыл сәуірден басталып, мамыр айының соңына дейін аяқталады. Қала әкімі Қаратау ауданындағы тың әдіспен жөнделген Таңбалытас көшесін асфальттеу жобасын да пысықтады. Қазір сметалық құжаттама әзірленіп, оң қорытындысын алғаннан кейін бюджеттен қаржы қаралып, биыл орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда Тұран шағынауданын кәріз желілерімен қамту жұмыстары жобаға сәйкес жүргізілуде. Осыған дейін орындалған жұмыс көлемі 90 пайызға жетті. Жалпы жоба бойынша ұзындығы 50,3 шақырым кәріз құбыры тартылады. Өндірістік кестеге сәйкес, жұмыстар биыл ақпан айында аяқталады. Қазір канализация жүйесі жүргізілген Өсиет көшесін қайта қалпына келтіру үшін тас төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қала әкімі жуырда қолданысқа берілген «Бекжан» базары маңындағы А-2 автомобиль жолы арқылы өтетін жер асты өткелінде де болды. Жаңа нысан осы аумақтағы қозғалысты реттеп, әсіресе, жаяу жүргіншілер үшін қолайлы болуда.
Ғабит Сыздықбеков аудан әкімдері мен сала басшыларына азаматтардың өтініш-тілектерін назарға алып, туындаған өзекті мәселелерді шешіп, халыққа жайлы жағдай жасау бойынша нақты тапсырмалар берді.