1 ЖЫЛДА ДӘРІ-ДӘРМЕК БАҒАСЫ ҚАНШАҒА ҚЫМБАТТАДЫ?
Басы ауырып, балтыры сыздаған ағайынның ақ халаттылар мен дәріханалардың көмегіне жүгінері белгілі. Мынадай қымбатшылық заманда қызмет көрсетуды былай қойғанда, тауар бағалары да күн сайын шарықтап барады. Ол қатарда дәрі-дәрмек те бар. Жуырда Денсаулық сақтау министрлігі еліміздегі дәрілік заттардың қымбаттауына қатысты түсінік берді.
Денсаулық сақтау министрлігінің жауабында «2023 жылы дәрілік заттардың бағасы 2022 жылмен салыстырғанда орта есеппен 13,6 пайызға өскенін көрсетті, бірақ белгіленген шекті бағадан аспайды. Негізінен, антипиретикалық, вирусқа қарсы, антибиотиктер мен антикоагулянттар бағасының өсуі байқалып отыр» делінген. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 245-бабы 2-тармағына сәйкес, уәкілетті орган жартыжылдықта бір рет монополияға қарсы органмен келісу бойынша бағалық реттеуге жататын, бөлшек және көтерме саудада өткізуге арналған дәрілік заттың саудалық атауына шекті бағаларды бекітеді. Қазіргі кезде Денсаулық сақтау министрінің 2023 жылғы 3 шілдедегі бұйрығымен бөлшек және көтерме саудада сату үшін дәрілік заттардың 6 890 саудалық атауына шекті бағалар бекітілген.
Осы орайда, дәріханаларда дәрі-дәрмек бекітілген шекті бағадан төмен бағада сатылуы мүмкін екенін айта кеткен жөн. Бірақ Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 245-бабының 7-тармағына сәйкес, бағалық реттеуге жататын тізбеге енген дәрілік заттарды шекті бағасынан жоғары көтерме және бөлшек саудада сатуға жол берілмейді. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 426-бабына сәйкес, дәрі-дәрмекті бекітілген шекті бағадан асыра сатқаны үшін жауапкершілік көзделген. Сонымен қатар шекті бағадан асыра сату фактісі анықталған жағдайда, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаменттеріне дәлелді құжаттармен (дәрі-дәрмек және сату түбіртегімен) немесе DARIKZ мобильді қосымшасы арқылы өтініш қалдыруға болады. Осы тұста айта кетерлігі, 2022-2023 жылдары препараттардың бағасын бақылау аясында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың шекті бағасынан асып кетудің 16 фактісі анықталды. Нәтижесінде 2,1 миллион теңгеден астам айыппұл салынған.
Ж.БАЛАУСА.