ҚЫЗЫЛШАҒА ҚАРСЫ ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ЖҰМЫСТАР КҮШЕЙТІЛДІ

Шымкент қаласында маусымдық аурулармен күрес қарқын алған. Жуырда қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков шаһардағы №4 емханада болып, медициналық мекеменің жұмысы барысымен танысты. Үшінші мегаполистің бас дәрігері хирургия, лаборатория, дәріхана, отбасын жоспарлау, вакцинация, ем-шара кабинеттерін, дәрігерге дейінгі бөлме, call және ситуациялық орталықтарды, лор бөлмесін, қаралу бөлмесін, фильтр кабинеттерін қарап шықты.

Шаһарда эпидемиологиялық ахуалға байланысты қызылшаның алдын алу жұмыстары күн тәртібінен түскен емес. Сондықтан басқарма басшысы Нұрлыбек Асылбеков емханадағы қызметкерлерге қызылшаға қарсы күрес жұмыстарын, оның ішіндегі тәуекел тобындағы адамдарды жаппай екпе алуын және ЖРВИ, өкпе қабынуына қарсы профилактикалық жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Жалпы қалалық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен республикалық бюджет қаражаты есебінен емханаға ЛОР комбайн, цифрлық рентген аппараты, стоматология аппараты және микроскоп сатып алынды. Емханада консультативтік-диагностикалық қызметтердің түрлері ұлғайтылып, 2022 жылмен салыстарғанда сыртқы жолдамалар 28,4 пайызға төмендеді. Өзге де қызметтер түрінің спецификациясынан үнемделген қаржы есебінен емхана ғимаратының іші мен сыртына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Айта кету керек, қызылша ауруымен күрес өз нәтижелерін беріп келеді. Жуырда Шымкентте қызылшаға қарсы вакцинация жұмысын күшейту мақсатында сала мамандары ата-аналармен кездесу өткізді. Жиынға қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков, басқарма басшысының орынбасары Сәуле Дүйсенбаева, ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Инна Глазебная, сондай-ақ басқа да жауапты мамандар мен ата-аналар қатысты. Кездесуде медицина мамандары вакцинаның қажеттілігін атап өтіп, балаларда қызылша ауруының асқынуынан пайда болатын ақауларды түсіндірді. Өз сөзінде «2023 жылдың наурыз айынан бастап Шымкент қаласы бойынша қызылшамен 3082 жағдайы тіркелді. Науқастардың ішінде балалар 87 пайызды құрайды. Олардың шамамен 60 пайызы ата-аналарының бас тартуына байланысты қызылшаға қарсы екпе алмаған» деді қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков.
Кездесуге келген ата-аналар мамандарға өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, толыққанды жауап алды. Бүгінде үздіксіз ақпараттандыру нәтижесінде қалада 42 581 адам екпе алған. Жаппай екпе егу бойынша ақпараттық жұмыстар әлі де жалғасуда. Басқарма басшысы соңғы бір аптада қалада эпидемилогиялық жағдай тұрақталғанан атап өтті. Дегенмен түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп отыр.