«АЯЛЫ АЛАҚАНДА» 100-ДЕН АСТАМ БАЛА ЕМ ҚАБЫЛДАП ЖАТЫР

Шымкент қаласы бойынша 8000-ға жуық мүгедектігі бар бала есепте тұрады. Оларды емдік-оңалту шараларымен қамту мақсатында Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтары жұмыс істеп жатыр. Тірек-қимыл аппараты бұзылған және психоневрологиялық ауытқуы бар 18 жасқа дейінгі балаларға жартылай стационарлық жағдайда қызмет көрсететін орталықтардың бірі — «Аялы алақан» №5 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы.

Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева ерекше балаларға арналған орталыққа барып, жағдайларымен танысты. Басқарма басшысы аралау барысында орталықтың ұжымымен сөйлесіп, өтініш-тілектерін тыңдады. «Аялы алақан» оңалту орталығында бүгінгі таңда 116 бала ем қабылдап жатыр. Орталықта әлеуметтік, тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбек, мәдени, және құқықтық қызмет түрлері көрсетіледі. Дәрігерлер мен әлеуметтік сала қызметкерлері орталықта аптасына 5 күн таңертеңнен кешке дейінгі уақытта түрлі емдік оңалту шараларын көрсетеді. Ғимарат сондай-ақ ЛФК, монтесори кабинеті, тұз шахтасы және толығымен бейнебақылау камераларымен қамтылған. Балалардың ерекшелігіне сәйкес арнайы спорт алаңшасы да бар.
Айта кету керек, мегаполисте қалпына келтіру мен оңалту емін ұсынатын бірнеше медициналық ұйым бар. Оларда оңалту ем-шарасы 3 негізгі бағыт бойынша жүргізілді. Атап айтқанда, неврология-нейрохирургиялық, кардиология-кардиохирургиялық және ортопедия-травматологиялық. Ресми дерек бойынша, былтыр қаладағы оңалту еміне мұқтаж 8 671 балаға реабилитациялық қызмет көрсетілген. Сонымен бірге жүйке жүйесі ауруларымен диспансерлік есепте тұратын бес мыңнан астам бала оңалту емін алған. Мұндай орталықтар шаһардағы сал ауруына ұшыраған балалардың 75 пайызын қамтиды. Жергілікті оңалту мекемелерінен бөлек науқастар республикалық «Бурабай», «Балбұлақ», «Алатау» сынды ұлттық балалар оңалту орталықтарында ем қабылдауға жіберіліп тұрады.