ТЫҢ ТУЫНДЫ КӨРЕРМЕНДЕРГЕ ЖОЛ ТАРТТЫ

Бүгінде қоғам арасында сан түрлі мәселе бар. Әсіресе жастар арасында қылмыстың құрығына түскендердің саны артып барады. Осы орайда, мұндай олқылықтармен күресуде қоғамның бірлігі қажет. Әркез жастарға талапқа томпақ келетін әрекеттің артында орны толмас өкініш жататын ұқтырып отырудың маңызы айрықша. Бұл бағытта елімізде, оның ішінде Шымкент қаласында жүзеге асып жатқан жұмыстар аз емес. Бүгінгі материалымызда сондай бастаманың бірі турасында тарқата жазуды жөн санап отырмыз…

Жуырда Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының Жастар ресурстық орталығының тапсырысымен толықметражды «Бақыт кілті» фильмінің алғашқы көрсетілімі өтті. Ерекше драматургиялық оқиға арқылы, жастардың қоғамдық орында өздерін әдепті ұстауы, синтетикалық есірткінің адам өміріне әсері, құмар ойын мен мамандықты дұрыс таңдауға бағыт-бағдар мен тұрмыстық зорлық-зомбылық сынды өзекті мәселелерді көтеру мақсатында арнайы түсірілген фильмнің режисері — Бақытжан Көшеров. Сценарий авторы — Оңғар Әлиайдар, оператор — Димаш Тұрдыматов.
Фильмге арнайы келген Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Бахтияр Өнербаев фильмнің режисері мен актерлік құрамын марапаттап, алдағы жұмыс жоспарларына сәттілік тіледі. Жалпы көркем туындының жастарға айрықша әсер ететінін ұмытпаған абзал. Яғни бір ғана фильм ондаған насихат құралынан асқан нәтиже береді. Мұны әлеуметтік зерттеулер дәлелдеп отыр.