ЖАС ҒАЛЫМДАР БАС ҚОСТЫ

Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының «QazScience: жас ғалымдар слеті» ғылыми іс-шарасы өтті. Өңірдегі ғылым, бизнес пен индустрия өкілдері арасындағы диалогты нығайтуға арналған басқосуда отандық ғылым мен ел экономикасын ілгерілетуге арналған түрлі идея айтылып, қатысушылар тәжірибе алмасты.

«Ғылым мен бизнестің интеграциясы: өңірлік индустриялардың өсу жолы», «Технологиядағы инновация: жас ғалымдар үшін перспективалар мен міндеттер» және «Ғылыми революция майданындағы жас ғалымдар: ашылулар, қиындықтар, перспективалар» тақырыбы кеңінен талқыға түскен жиынның негізі мақсаттарының бірі — жаңа ғылыми ізденістерге қолдау білдіру. Бұдан басқа іс-шара аясында ғылымды дәріптеуге арналған бастамалардың тұсауы кесіліп, ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Сондай-ақ түрлі секцияда ғылымның басым бағыттары бойынша арнайы семинар мен пікір алмасу өтті.
Шымкент қаласы әкімдігінің Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз конференциясында бірқатар ғалымдар «QazScience: жас ғалымдар слеті» ғылыми іс-шарасының мақсат-міндеттері туралы айтты. Баспасөз мәжілісінде ҚР Президент жанындағы ҰҒА басқарма басшысы Мақсат Бөленбаев «Ғылым саласын насихаттауда мемлекет тарапынан бұйырықты күтпей, өзіміз де насихаттаумен айналысып жатырмыз. Яғни ғылымды насихаттау, ғалым болудың артықшылықтары туралы оқушылармен, студенттермен кездесулер ұйымдастырудамыз. Қазақстанның өзінде «Жас ғалымдар кеңесі», «Жас ғалымдар альянысы» дегендей ұйымдардың түрлі-түрі платформалары бар. Сол ұйымдардың барлығының ортақ идеясы — жас ғалымдардың мәртебесін арттыру» деді.
Ал Астана IT университетінің ғалымы Нұрхат Жакиев «QazScience» жас ғалымдарының слетінен күтер үмітіміз көп. Біз барлық өңірлерді араладық, барлық өңірлердің өндірістік, ғылыми әлеуетімен таныстық. Ендігі біздің мақсат — сол ғалымдарды бір-бірімен байланыстырып, коллаборация жасау. Жас ғалымдарды сөз жүзінде ғана қолдамай, олардың жаңа ізденістеріне қолдау білдіру» деді. Сонымен қатар жас ғалымдарды цифрландыру саласына шақырды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы жас әрі белсенді жастарды ғылыми ортаға тарту жұмыстарын жүйелі түрде жүзеге асыруда. Шымкентте өткен шара осы бастаманың жандана түсуіне мұрындық болмақ. Бұл туралы ҚР Президент жанындағы ҰҒА бас сарапшысы Рашид Сейітов былай деді «QazScience» жас ғалымдар слетінің пайдасына келер болсақ, біз нақты жүз жобаны алып келдік. Сол жобаларды ЖОО басшыларына және облыс әкімдеріне аймақтық ғылымды дамыту үшін арнайы жолдадық. Бұл аймақтағы мәселелерді шешіп, байланыс орнатуға өз пайдасын тигізеді. Өңірлердегі ғылымның әлеуеті өте жақсы. Мәселен, Қызылордадан Абпазов Нұрбол деген жас ғалым бар. Мемлекеттік жобаларға қатысып, жақсы нәтиеже көрсетіп жүр. Сонымен қатар Шымкент қаласынан Бибол Жақыпбаев деген жас ғалым нақты салалармен айналысып, жақсы нәтиежде көрсетіп жүр. Сондықтан оңтүстіктің ғалымдарының ғылымдағы әлеуеті өте жоғары деп айта аламыз».
Ғылыми басқосуды ұйымдастыруға Шымкент қаласының әкімдігі, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы, «Alageum Electric» АҚ мұрындық болды. Жиында сөз алған қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Бахтияр Өнербаев Шымкент қаласында ғылымды дамытуға әлеует зор екенін алға тартты. Өз сөзінде «Экономикада ғылымсыз ешқандай прогресс болмайды. Осы орайда, Шымкент қаласындағы 8 жоғары оқу орнында 7 мыңдай ғалым мен педагог жас буынға дәріс беріп келеді. Қазіргі жаңа технология мен инновация дәуірінде үшінші мегаполисті қауіпсіз қала етуге, «Смарт-сити» құруға, қолайлы ортаны жасақтауға ғылыми жобалардың маңызы зор. Бұл бағытта жас ғалымдарға үлкен сенім артамыз» деді басқарма басшысы. Жиынға қатысушы биология ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылыми академияның президенті Күнсұлу Закарьяның айтуынша, бүгінде академия жанында ғылымды дамытудың 10 басым бағыттары бойынша жас ғалымдардың жұмыс тобы құрылған. Қазір бұл топта 600-ге жуық жас ғалым бар. Жұмыс тобы жиі бас қосып, ғылымды дамыту жөніндегі ұсынысын ортаға салады. Академияның тағы бір маңызды жұмысы – өңірлік ғылымды дамыту. Бұл бағытта оңтүстік өңірге ерекше көңіл бөлніп отыр. Экономиканың басты қозғаушы локомативі ғылым болуы қажет. Сол себепті Академияда әр өңірдің басым салаларын зерделеп, зерттеулер үшін перспективалы бағыттарды анықтауға назар аударылуда. Еліміздің ғалымдары аймақтардағы кейбір түйіткілді мәселерді шешуге арналған бірқатар жобаларды іске асыруға дайын. Академияға осы күнге дейін 100-ге жуық жоба мен ұсыныс келіп түскен.