ШЫМКЕНТТЕ АЛҒАШ РЕТ РЕСАЙКЛИНГ ТӘСІЛІМЕН ЖОЛ ЖАБЫНЫ ТӨСЕЛДІ

Шымкент қаласының республикалық мәртебесі бар қала атанғанына да бірнеше жылдың жүзі болды. Сәйкесінше, қала аумағына қосылған шағынаудандар мен елді мекендердің инженерлік инфрақұрылым мәселелерін шешу бойынша қыруар іс қолға алынып, жұмыстар жүзеге асып жатыр. Жасыратыны жоқ, қазіргі уақыттағы өзекті мәселелердің біріне жол түйткілдері жатады. Осы орайда, үшінші мегаполисте топырақ жолдар мәселесін шешу бойынша нақты жұмыстар басталды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәжілісінде Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы атап өтті.

Өз сөзінде «Жыл соңына дейін қалада жақсы жолдардың үлесі 71 пайызға жетеді. Дегенмен бұл салада өзекті мәселе бар. Мәселен, шет аумақтарда 1 мыңнан аса шақырым жол асфальтталмаған. Биылдан бастап топырақ жолға заманауи технологияларды қолданып, ресайклинг тәсілімен жол жабыны төселуде. Бұл тәсіл оң нәтижесін беріп отыр. Өзекті мәселені ескеріп, келесі жылы жолдарды күтіп ұстауға бөлінген қаржы көлемін едәуір ұлғайттық. Осының есебінен ұзақ жылдан бері келе жатқан топырақ жолдар мәселесі шешіледі» деді қала басшысы.
Сондай-ақ мегаполистегі көлік ағынын реттеп, кептелісті азайту мақсатында 150 қиылыстағы бағдаршам заманауи интеллектуалды жүйеге қосылады. Брифинг барысында қала әкімі жолаушылар тасымалы бойынша да сөз қозғады. Нақтырағы «Қала халқына қолайлы болу үшін қоғамдық көлік жүйесін одан әрі дамытамыз. Бұл салаға тұрғындар тарапынан сын жиі айтылып жүр. Резонанстық оқиға да көп болуда. Салада түйткілді мәселе жеткілікті. Қазіргі таңда зерделеу жұмыстарын жүргізіп отырмыз» деді Ғабит Сыздықбеков. Қала басшысының айтуынша, мегаполисте жеке инвестор есебінен жаңа әуежай терминалының құрылысы аяқталу сатысында. Келесі жылы іске қосылып, жолаушыларды өткізу қабілеті он есеге артады. Жаңа терминалда жолаушыларға халықаралық стандартқа сай қызмет көрсететін озық үлгідегі құрал-жабдықтар орнатылады. Сол секілді теміржол вокзалының ғимараты, перрон, аумағындағы автотұрақ қайта құрудан өтіп, жолаушыларға ыңғайлы жағдай жасалады.