ЖЕРАСТЫ ӨТКЕЛДЕРІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
Шымкент қаласының халқы жыл сайын өсіп келеді. Сәйкесінше, ірі жол қиылыстары мен базар маңындағы өткелдерде бірқатар қиындықтар туындап отыр. Десе де жергілікті әкімдік тарапынан мұны шешуге бағытталған бірқатар бастамалардың көтеріліп жатқанын жасыра алмасымыз анық. Мәселен, бірқатар көше бойларында жерасты өткелдері салынып жатыр.
Тарқата баяндасақ, қаладағы «Алаш», «Бекжан» базарлары көлік ағыны жоғары, халық көп шоғырланатын аумақ болып саналады. Сондықтан биыл сауда орындары маңына А-2 автомобиль жолы мен Темірлан тас жолы бойында 3 жерасты өткелінің құрылысы қолға алынған болатын. Осы орайда, жуырда қала әкімі Ғабит Сыздықбеков «Алаш» базары маңындағы жаяу жүргіншілер өткелдерінде болып, жаңа нысандардың сапасын тексерді. Осылайша құрылысы жарты жылда жүргізілген жерасты өткелдері қолданысқа берілді. Енді осы аумақтағы жаяу жүргіншілердің қатынауы жеңілдеп, көлік кептелісі азаятын болады.
Темірлан тас жолы арқылы өтетін жер асты жаяу жүргіншілер өткелінің ұзындығы 42,5 метр, ені 6,1 метр, биіктігі – 2,65 метр. Жобаға сәйкес, А-2 автомобиль жолындағы өткел ұзындығы — 36,5 метр, ені 6,8 метр, биіктігі 2,6 метрді құрайды. Қала басшысы аудан әкіміне жаңа нысандарды күтіп-ұстау жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Ал тиісті басқарма басшысына жүріп-тұруы қиын тұрғындарға қолайлы жағдай жасау бойынша нақты тапсырма берді. Айта кетейік, қазір «Бекжан» базары маңында А-2 автомобиль жолы арқылы өтетін жерасты өткелінің құрылыс-монтаж жұмыстары да аяқталуға жақын. Өндірістік кестеге сәйкес нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.