«ТАССАЙ» ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҒЫНЫҢ КӘСІПКЕРЛІК САЛАНЫ ДАМЫТУДАҒЫ РӨЛІ ЖОҒАРЫ
Кәсіпкерлік саланың өркендеуі мен экономиканың алға жылжуында индустриалды аймақтардың маңызы мен міндеті орасан. Бүгінде Шымкент қаласында бірнеше осындай өндірістік алаңдар жұмыс істеп келеді. Мұның игілігін көрген кәсіпкерлер де көп. Осы орайда, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков әрбір индустриалды аймаққа барып, жұмысымен жақыннан танысып келеді.
Мәселен, жуырда шаһар басшысы «Тассай» индустриалды аймағында болып, өнеркәсіптік аймақта атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. «Тассай» – Шымкенттегі қазір жұмыс істеп тұрған 5 өнеркәсіптік аймақтың бірі. 2016 жылы негізі қаланған индустриалды аймақтың аумағы 89 гектарды құрайды. Онда бүгінде 43 инвестициялық жоба сәтті жүзеге асырылып, кәсіпорындар жұмыс істеп тұр.
«Тассай» индустриалды аймағының аумағын инженерлік-инфрақұрылым желілерімен қамту бойынша ІІ кезеңнің құрылысы жүріп жатыр. Атап айтқанда, су, электр, кәріз, газ жүйелері тартылып, жаңадан пайда болатын кәсіпорындарға қолайлы жағдай жасалуда. Өндірістік кестеге сәйкес, II кезеңдегі құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады. Қала әкімі аталған өнеркәсіптік аймаққа барып, құрылыс барысын қадағалады. Шаһар басшысы жауаптыларға инвесторлардың жер телімдерін тиімді пайдалануын қадағалауды тапсырды. Тиісті сала басшыларына жұмыс сапасына және құрылыс кезінде бұзылған жолдарды ретке келтіруге қатысты бірқатар тапсырма жүктеді. Айта кетейік, жыл соңына дейін «Тассай» индустриалды аймағында 6 инвестициялы жоба жүзеге асып, жаңа кәсіпорындар іске қосылады. Бұл жобалар 150-ге жуық адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
Өз кезегінде, аталған инудстриалды аймақта жұмысын дөңгелетіп отырған кәсіпкерлік мекемелер жеткілікті. Солардың бірі — отандық «Alageum Electriс» электр машина жасау саласындағы жетекші өндіруші құрамына кіретін, Орталық Азиядағы кернеуі 110, 220, 500 кВ қуаты 500 МВА дейінгі трансформаторлық жабдықтар шығаратын ең ірі «Asia Trafo» зауыты. 2019 жылы іске қосылған кәсіпорын 12 га аумақта орналасқан. Бүгінде 250 адамды жұмыспен қамтуда. Зауыт негізінен, автотрансформаторларды, күштік май трансформаторларын, сондай-ақ қуаты 500 МВА дейінгі кернеуі 110, 220, 500 кВ реакторларды шығарады. Жобалық қуаты — жылына 120 дана жоғары кернеулі трансформаторлар өндіру. Зауыт өнімдеріне тек ішкі нарықта ғана емес, бүгінде шет елдерден де сұраныс бар.
Ал «Stroi Construction» ЖШС металл конструкцияларымен қатар, металл жарықтандыру тіректерін шығарумен айналысады. Биыл іске қосылған компания қазір жарықтандыру құрылғыларын еліміздің барлық аймағына жеткізуде. Кәсіпорындардың жұмысымен танысқан қала басшысы жауаптыларға бизнес өкілдеріне жаңа желілерді қосуда, экспортты ұлғайтуда мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде қолдау көрсетуді тапсырды.