ШЫМКЕНТТІК ОМАРТАШЫ ГРАНТТЫҢ КӨМЕГІМЕН ЖЫЛЫНА 9 МИЛЛИОН ТЕҢГЕГЕ ЖУЫҚ ТАБЫС ТАБУДА

Шымкент қаласының тұрғыны Олжас Сырлыбаев ара шаруашылығымен айналысуды осыдан 6 жыл бұрын бастаған. Омарташы кәсібін кеңейту мақсатында көпбалалы отбасы санаты бойынша мемлекеттік қайтарымсыз грант алады. Өтеусіз қаражатқа қажетті құрал-саймандар сатып алып, нәтижесінде жылдық табысы 9 миллион теңгеге жеткенін айтуда.

Адал еңбегімен шаруашылығын өрге дөңгелеткен отағасы мамыр айынан бастап қоңыр күзге дейін бал араларының ұясын алып, табиғат аясына кетеді. Қазіргі таңда 80 омартасы бар. Көбіне карника арасын асырайды. «Бал арасы өзі мамыр, аққурай, жантақ, мақта балы болып бөлінеді. Әрқайсысының өзіндік пайдалы әрі емдік қасиеттері бар. Жантақ суыққа, мақта тыныс алу жолдарына, аққурай иммунитетті көтеруге жақсы болса, «майский» балы көктемде шайқалатын болғандықтан, дәрумендерге бай келеді. Табиғи өнімге сұраныс өте көп. Көтерме бағамен сатып алушылар жиі хабарласады. Бірақ өзім асықпай сатуды жөн көремін» дейді омарташы Олжас Сырлыбаев.
Кәсіп егесі балдан басқа гүл тозаңын сатумен және ара шаруашылығымен айнасқысы келетіндерге кәсіптің қыр-сырын үйретіп табыс табады. Ниет пен икем болса, еңбек түбі-береке дейді ол. Жалпы Шымкент қаласы бойынша биыл 452 азамат қайтарымсыз грант алды. Халықты жұмыспен қамтуда шағын бизнесті дамытуға бағытталған мемлекеттік қайтарымсыз гранттың септігі орасан.