ЖИҺАЗ ШЫҒАРАТЫН ОТАНДЫҚ КӘСІПОРЫН ТУРАСЫНДА НЕ БІЛЕМІЗ?

Елімізде отандық өнімді қолдау шаралары қарқынды жалғасып келеді. Қазіргі таңда елімізде өндірілетін өнімдерді кеңінен насихаттау ісіне бұқаралық ақпарат құралдары үлкен үлес қосып келеді. Мәселен, жуырда Шымкент қаласында отандық өнеркәсіпті дамыту мен танымалдылығын арттыруды көздейтін «Отандық өндіріс» медиа-жобасы аясында баспасөз туры ұйымдастырылды. Аталған шара барысында бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшінші мегаполис аумағында орналасқан «Тассай» индустриялық аймағындағы жиһаз шығаратын «Mega SMART» ЖШС қызметімен жақыннан танысты.

Бұған дейін ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Шымкент қаласының әкімдігі отандық өнеркәсіпті танымал ету және қазақстандық тауарлардың имиджін арттыру мақсатында бірлескен «Отандық өндіріс» медиа-жобасын іске қосқан болатын. Жоба еліміздің өнеркәсіптік кәсіпорындарының оң тәжірибелерін көрсету, отандық тауарлар мен қызметтердің имиджін жақсартуды көздейді. «Мега Смарт» ЖШС МДФ жылтыр плитасын дайындап, кеңселер мен үйге қажетті жиһаздарды өндіреді. Аталған өндіріс орны 2016 жылы іске қосылып, күні бүгінге дейін жемісті жұмыс істеп келе жатыр. Кәсіпорын Оңтүстік Корея технологиясымен жабдықталған. Жылына 120 мың плита шығаруға қауқарлы. Цех басшысы Мардан Сәлімбековтің айтуынша, дайын өнімдер Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Моңғолия сияқты елдерге экспортталады. Ішкі нарықта 11 аймаққа тауарларын жіберіп отыр. Кәсіпорында қазіргі уақытта 60-қа жуық жұмысшы қызмет етеді. Цех басшысы мамандардың барлығы жергілікті тұрғындардан жасақталғанын алға тартты.
Кеңселерге және білім беру мекемелеріне қажетті жиһаздар шығаратын «Мега Смарт B2B» ЖШС былтыр іске қосылған болатын. Кәсіпорынның техникалық бөлімінің басшысы Руслан Тұрмаханов қазіргі таңда жылына 5000 дана жиһаз жиынтығы дайындалатынын айтады. Өндіріске қажетті құрал-жабдықтар мен қосалқы бөлшектер Ресей, Германиядан алынады екен. Мұнда барлығы автоматтандырылған. Дайын өнімдер Астана, Алматы қаласына, Түркістан облысына жіберілуде. Қазіргі уақытта жиһаз өндірісінде 150 адам жұмыс істейді. Кәсіпорын басшылары өндірісті одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр.

Ж.БАЛАУСА.