61 МЫҢНАН АСТАМ АДАМ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ШАРАЛАРЫНА ҚАТЫСҚАН
Жыл басынан бері Шымкент қаласындағы кәсіпкерлік салада ілкімді өзгерістер болды. Түрлі мемлекеттік бағдарламалармен кәсіп бастағандардың қатары артты. Жұмыспен қамтылған әлеуметтің үлесі де көбейді. Осы және өзге де халықты жұмыспен қамту және жұмыссыз азаматтарды әлеуметтік қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы жуырда Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Сабыржан Арапбай қалалық ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифинг барысында баяндады.
Спикердің айтуынша, халықтың әл-ауқатын жақсартуда жұмыспен қамту — аса маңызды мәселе. Жоспарлы жұмыстың нәтижесінде Шымкентте жыл басынан бері 61 мыңнан астам адам жұмыспен қамту шараларымен қамтылған. Оның ішінде, «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасы шеңберінде 36 мың адамға жұмыспен қамтудың түрлі бағыттары бойынша қолдау көрсетілді. Кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы аясында кәсіби білім беру, кәсіпкерлікті дамыту, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерге оқыту, субсидияланатын жұмыс орындарымен қамту қарастырылған.
БАҚ өкілдеріне арналған жиында атап көрсетілгеніндей, субсидияланатын жұмыс орындары бойынша биыл 6 065 адамға жұмыспен қамту шараларын көрсету жоспарланған. Қазіргі таңда нақты 8349 адам қамтылды. Жұмыссыз азаматтар әлеуметтік жұмыс орындарына, жастар практикасы, ақылы қоғамдық жұмыстар мен «Алғашқы жұмыс орындарының жобасы», «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы, «Күміс жас» жобасы бойынша жұмыс орындарына орналастырылған. Сонымен қатар қазіргі таңда жұмыссыз азаматтарды қысқа мерзімді кәсіптік оқыту жүзеге асырылуда. 800-ге жуық азамат жұмыс беруші мекемелерде және 1500-ден астам адам оқу орталықтарында тегін кәсіптік білім алып жатыр. Оқу сәтті аяқталған соң оларға сертификат табысталып, жұмыс беруші мекемелермен әлеуметтік келісімшарт негізінде тұрақты жұмыс орындарымен қамтылатын болады. Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту онлайн платформа арқылы да жүзеге асырылады. https://skills.enbek.kz/ сайты арқылы бүгінгі таңға 2 жарым мыңнан астам азамат онлайн білім алған.
Жалпы, Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары бойынша биыл 23 420 жұмыс орыны құрылатыны жоспарланған. Бүгінгі таңға 25 462 жұмыс орны ашылып отыр.
Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.