ИНФЛЯЦИЯ 11,8 ПАЙЫЗҒА ДЕЙІН ТӨМЕНДЕДІ
азық-түлік бағасын реттеу
жұмыстары қалай жүзеге
асып жатыр?
Қымбатшылықтың халықтың қалтасына ауқымды салмақ салып отырғаны белгілі. Дегенмен Үкімет тарапынан инфляцияны ауыздықтау мақсатында қыруар іс атқарылып жатыр. Нәтиже де жоқ емес. Шарықтаған инфляция бірте-бірте түсіп келеді. Жалпы бүгінгідей сын сағатта бағаның өсуін реттеу мен тежеудің экономикалық тұрақтылыққа, азаматтардың өмір сапасын жақсартуға тигізер пайдасы орасан. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар саябырсымақ емес.
Жуырда Ranking.kz кезекті зерттеу нәтижелерін жариялаған болатын. Оған сенсек, елімізде инфляция бәсеңдеп, 11,8 пайызды құрап отыр. Ал тамызда 13,1 пайыз шамасында еді. Оның ішінде азық-түлік бағасына қатысты оң өзгерістер айқын байқалып отыр. Мәселен, аталған саладағы бағаның жыл сайынғы өсуі биыл тамызда 12,9 пайыз болса, өткен жылдың қыркүйегінде 24,2 пайыз шамасында еді. Ал биылғы қыркүйекте көрсеткіш 11,6 пайызды құрады. Ай сайынғы динамика бойынша қыркүйекте азық-түлік бағасы 0,2 пайызға аздап өзгерді. Оның үстіне тамызда, шілдеде және маусымда секторда бағаның аздап төмендеуі байқалды. Қазан айына келетін болсақ, 1–17 қазан аралығында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы өзгеріссіз қалды деуге болады. Тіпті, кейбір тауар түрлері, нақтырағы, пияз 5,5 пайызға, сәбіз 5,2 пайызға, картоп 4,1 пайызға арзандаған. Ал азық-түлік бағасын реттеу жұмыстары қалай жүзеге асып жатыр?
Тамыз айында еліміздегі ең ірі мегаполис Алматыда «Алматы қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидаларын бекіту туралы» қаулы жобасы дайындалған болатын. Аталған қалада қазіргі таңда әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарларының бағасын қамтамасыз етудi, сондай-ақ реттеу мен ұстауды жасалған келiсiмдер шеңберiнде «Алматы» әлеуметтiк кәсiпкерлiк корпорациясы» АҚ жүзеге асырады. Оның негізгі міндеттеріне мыналар жатады — өңірлік тұрақтандыру қорын сатып алу және қалыптастыру бойынша жұмыс, «демалыс күндері» жәрмеңкелерін ұйымдастыру, жеке әлеуметтік сауда павильондарын басқару, ресурстармен қамтамасыз ету. Қабылданған шаралардың арқасында 2023 жылдың басынан 17 қазанға дейін қарақұмық жармасы 40,4 пайызға, күнбағыс майы 24,1 пайызға, картоп 11,3 пайызға, қант 11 пайызға, пияз 4,5 пайызға арзандады. Әлеуметтік нанның бағасы өзгеріссіз қалды.
Аталған корпорация азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету аясында бірқатар іс-шаралар өткізуде. Мәселен, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясында 28 әлеуметтік сауда павильоны бар, онда ауыл шаруашылығы өнімдері нарықтағы орташа бағадан 10-15 пайыз төмен бағамен сатылады. Сонымен қатар апта сайын қаланың төрт ауданында 270-тен астам Алматы қаласының және оған жақын жерлердің тауар өндірушілері мен кәсіпкерлерінің қатысуымен «демалыс күндері» жәрмеңкелері өткізіліп, онда қала тұрғындары қолжетімді бағамен жаңа піскен ауылшаруашылық өнімдерін сатып алуға болады. Осының арқасында қаладағы көрсеткіштер жақсарып келеді. Нақтырағы, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының төмендеуі бойынша еліміздегі жетекші өңірлердің қатарына еніп отыр. Мұндай жақсы нәтижелер Қонаев, Түркістан, Ақтау қалаларында да байқалып отыр. Басқа ірі қалаларда бағаның өсуі орташа республикалық көрсеткішке тең немесе одан айтарлықтай жоғары.
Инфляцияны ауыздықтау әлеуметтік саясаттың маңызды элементі, өйткені инфляцияның жоғары қарқыны азаматтардың сатып алу қабілетін нашарлатып, өмір сүру құнын арттырып, оның сапасын төмендетуі мүмкін. Мәселен, қарапайым отбасы айлық табысының белгілі бір бөлігін үй алуға, ұл-қызын оқытуға жұмсау үшін қор ретінде жинады делік. Міне, осы уақытта инфляция шарықтап, 10 пайызды құрайды. Осының салдарынан азық-түлікке жұмсайтын қаржы көбейіп, қорға түсетін қаражат азаюы мүмкін. Бұл ғана емес, болашаққа жиналған қаржыны жұмсау қаупі де жоқ емес. Осылайша, жылдар бойы жиналған қаражат құнсызданып шыға келеді. Сондықтан инфляцияны реттеу бұқараны, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарын қорғау үшін аса маңызды. Бұдан бөлек, баға тұрақтылығы инвестиция мен экономикалық өсу үшін қолайлы жағдай жасауға көмектеседі. Бұл инвестиция тартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және бизнесті дамытуға ықпал етуге мүмкіндік береді.
Қорыта айтқанда инфлияцияны бәсеңдету бойынша атқарылып жатқан жұмыстар өз нәтижесін беріп келеді. Әйткенмен біз көздеген, билік қалап отырған межеге жете қойған жоқ. Әлі де көрсеткіштер жоғары. Сондықтан мұндай қысылтаяң сәтте несиеге белшеден батып, қаржылық ахуалды қиындатудан сақтану керек.
Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.