КҮНКӨРІС ҚИЫНДАП БАРАДЫ

айлығы ас-ауқаттан артылмайтын отбасылардың саны көбейген

Бүгінде әлеуметтің ең өзекті мәселелерінің бірі – қымбатшылық. Теңгенің теңселуімен шеттен келетін тауарлардың бағасы күрт қымбаттады. Бұл, әсіресе, айлығы шайлығына жетпейтін бірқатар азаматтардың тұрмыстық әлеуетін төмендетіп жіберді. Инфляция шарықтап тұр. Жуырда Ranking.kz кезекті зерттеу нәтижелерін жариялаған болатын. Жағдай мәз емес. Ушығып барады деуге де негіз бар. Тарқатайық…

Зерттеуге сүйенсек, биыл жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша, Қазақстанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен 177,8 мың үй шаруашылығы бар. Бұл былтырғымен салыстырғанда 9,4 пайызға артық. Бұл — ҚР-дағы барлық үй шаруашылықтарының 5,1 пайызы. Мұндай үй шаруашылықтарында 1 млн адам өмір сүреді. Көрсеткіш бір жылда 4,7 пайызға көбейген. Қалаларда 88,6 мың осындай үй шаруашылығында 455,7 мың халық болса, ауылдарда 89,2 мың үй шаруашылығы бар, онда 560,8 мың адам тұрады.
Табысы азық-түлік себетінен артылмайтын үй шаруашылықтарына келетін болсақ, олардың саны 9,4 мың — былтырғыдан бірден 2,6 есе көп. Бұл — елдегі барлық үй шаруашылықтарының 0,3 пайызы. Онда 59,5 мың адам өмір сүреді — былтырғыдан 2,7 есе көп. Қалаларда 24,2 мың халқы бар 4,2 мың осындай үй шаруашылығы, ауылдарда 35,2 мың халқы бар 5,2 мың үй шаруашылығы тіркелген. Өңірлік бөліністе табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын үй шаруашылықтарының ең көп саны Түркістан облысында тіркелді. Көрсеткіш 27 мың — бір жыл бұрынғыға қарағанда 1,3 пайызға аз. Бұдан әрі Алматы және Шымкент қалалары тұр. Алматыда мұндай үй шаруашылықтарында 98,1 мың адам, Шымкентте 76,8 мың адам тұрады.
Табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен үй шаруашылықтары ең аз өңір — Ұлытау облысы. Ондағы көрсеткіш 1,6 мың — былтырғымен салыстырғанда 86,8 пайызға көп. Онда 9,9 мың адам тұрады. Биыл жылдың екінші тоқсанындағы ең төменгі күнкөріс деңгейінің орташа шамасы жан басына шаққанда айына 47,9 мың теңгені құрады. Бұл былтырғымен салыстырғанда 11,1 пайызға артық. Сонымен бірге, тұтынуға пайдаланылған кірістер 88,4 мың теңгеге жетіп, бір жылда 15,4 пайызға өсті. Тұтынуға пайдаланылған кірістердің ең төменгі күнкөріс деңгейіне қатынасы бір жыл бұрынғы 177,8 пайыз болса, қазір 184,7 пайызды құрап отыр. Қарапайым тілмен айтқанда, ең төменгі күнкөріс деңгейі өмір сүру үшін жеткіліксіз.
Тұтынуға пайдаланылған кірістер мен ең төменгі күнкөріс деңгейінің арасындағы ең үлкен алшақтық Алматыда байқалады. Мұндағы қатынас — 240,2 пайыз. Бұдан әрі Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстары тұр. Қорыта айтқанда, әдеуметтің ахуалы көңіл көншітерлік емес. Зерттеулер осыны көрсетіп отыр. Ендеше қайтпек керек? Әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған қыруар бастама нәтижесіз бе? Бұл сұрақтың әзірге басы ашық…