17 МЫҢНАН АСТАМ АЗАМАТ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛДЫ
Еліміздегі әлеуметтік саладағы ең маңызды шаралардың бірі – жұмыспен қамту. Өйткені әлеуметтің ахуалын өзге жолмен көтеру мүмкін емес. Осы орайда, Шымкент қаласында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұдайы өткізіліп келе жатыр. Жастарды жұмысқа орналастыруды көздейтін бірқатар бастамалар да сәтті жүзеге асуда. Ал нәтиже қандай? Тарқатайық…
Шымкентте «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасы аясында 17 мыңнан астам азамат жұмыспен қамтылды. Оның ішінде 9156 адам тұрақты жұмыс орнына орналастырылған болса, 8 мыңға жуығы субсидияланатын жұмыс орындарына жолданған. Бұл туралы Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова қалалық ақпараттық-коммуникациялық орталығында басқарманың 2023 жылдың 9 айында атқарылған жұмысы бойынша БАҚ өкілдеріне арналған брифинг барысында мәлімдеді. Басқарма басшысының айтуынша, жыл басынан бері 22 870 жаңа жұмыс орны құрылған. Оның ішінде 21 815 орын кәсіпкерлік жеке бастамамен және 1055-і ұлттық жобалар аясында ашылған.
Қазіргі таңда 2431 жұмыссыз азамат тегін 3 айлық қысқа мерзімді кәсіптік оқытудан өтуде. Оқу сәтті аяқталған соң оларға сертификат табысталып, әлеуметтік келісімшарт негізінде кемінде 12 ай мерзімге тұрақты жұмыс орындарына орналастырылатын болады. Сондай-ақ жыл басынан бері https://skills.enbek.kz/ онлайн платформасында 2 жарым мыңнан астам адам кәсіптік білім алған. Жалпы Шымкентте биыл 57 181 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланып, 9 айда 56 379 адам қатысқан. Жылдық жоспар 99 пайызға орындалып отыр.