ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДА ҚАНША ЯХТА МЕН ЖЕКЕ ҰШАҚ БАР?

Қазақ қоғамындағы ең өзекті мәселенің бірі – несие. Бүгінде мерзімі өткен несиені қайтара алмай, табаннан тозып жүрген отандастарымыздың саны көп. Уақыт өткен сайын халықтың банкке берешегі де артып барады. Қала берді, күн сайын құбылып бара жатқан баға да әлеуметтің қалтасына ауқымды салмақ салып келеді. Десе де елімізде литрі миллиондаған теңге тұратын ащы суды шеттен алдыратын ағайын да бар.

Жуырда Ұлттық экономика министрлігі қазақстандықтардың меншігінде қанша яхта мен ұшақ бар екенін жария етті. «Қазіргі уақытта елімізде келесі қымбат тауарлардың импорты тіркелді: 0,70 литрі 5 995 968 теңге тұратын «MACALLAN 50YO» вискиі және ликер-арақ бұйымдары, 3 литрі 4 225 131 теңгеге бағаланатын «Cognac Remy Martin Louis XIII» коньягі, 0,75 литрі 888 929 теңге болатын «Сhateau Petrus» шарабы әкелінді. Сондай-ақ 15 данасы 143 100 теңге болатын «Cohiba» сигаралары, 40 данасы 120 000 теңге сомасына «Don Antonio Churchills» сигаралары әкелінді» деп Ұлттық экономика министрлігі жаңа Салық кодексінің консультативтік құжатында деректер келтірген.
Сонымен қатар онда қазақстандықтардың иелігенде қанша жеке яхта мен ұшақ бар екені де көрсетілген. Оған сенсек, яхталар мен жеке ұшақтар шектеулі адамдар тобында ғана бар. Жеке тұлғалардың меншігінде – 490, ал заңды тұлғалардың меншігінде 176 яхта, жеке тұлғалардың меншігінде 248 ұшақ, заңды тұлғалардың меншігінде 665 ұшақ бар. Осыған байланысты құжатта «Халықтың бай топтары халықаралық тәжірибеге сәйкес бағалы тауарларға көбірек салық төлеуі керек» деп жазылған. Атап айтқанда, бұл мәселенің шешімі ретінде сән-салтанат салығын енгізу ұсынылып отыр.
Қош делік, Қазақстанда сіңірі шыққан кедей де, миллиондарды санаулы сәтте қылғыта салатын бай-бағландар да бар. Дегенмен алғашқысының салмағы басым, қарасы көп. Елдің ен байлығына иелік етіп отырғандарға сән-салтанат салығы салынбаса, алшаң басып жүре берері анық. Мұның өзі қоғамдағы бай мен кедейдің арасын алшақтатып, бір-біріне деген көзқарасқа кері әсерін берері анық…

Н. НАМАЗ.