ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАЗАҚ-ЖАПОН БАҒЫТЫНДА ОҚЫТАТЫН МЕКТЕП ЖАЙЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

Білім беру – қоғамды дамытушы негізігі элементтердің бірі. Бүгінде елімізде сапалы білімнің қаншалықты тапшы екенін ескеріп, сол салада ен бойлап, еліміздегі білім культін жетілдіруге тамшыдай үлес қосуды жөн көрген, қалалық мәслихат депутаты Қалмұратов Мұратәлі Оразәліұлының бастамасымен Шымкент қаласында «ABADAN» мектебі өз жұмысын жалғастыруда. 2017 жылы жұмысын бастаған, 700-ден аса бала білім алатын аталмыш білім ордасы бүгінде жаңа бастамалармен толықтырылуда. Оқушыларға ғылым негіздерінен мәліметтер беріп қана қоймай, оларды дүниежүзілік білім, ақпараттармен суарып отыру, әлемдік деңгейдегі озық елдердің білім беру жүйесіндегі ұтымды тұстарын өз жүйемізге енгізу мектептің басты мақсаттарының бірі болмақ.

Мәселен, Жапонияның білім беру жүйесінде мектепке дейінгі білім беруден бастап жоғары оқу орнына дейінгі білім беру жүйесінің барлық сатылары мықты жапондық концепцияға сүйенеді. Білім беру ұйымдарында балаларды тәрбиелеу ерекшеліктері басты назарға ұсынылғын. Оларда алғашқы мектеп табалдырығын аттаған күннен бастап, өздеріне тән жапондық ерекшеліктердің қалыптасу кезеңдері көрсетіледі – еңбексүйгіштік, табандылық, ұжымда жұмыс істей білу, өз орнын түсіну, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, жан жағына кедергі келтірмеу, қоғамдық ортада тазалық сақтаумен қатар жақсы компаниялармен жұмыс орындарында жұмыс істеуге деген ұмтылыс қалыптастырады. Жапон халқының қазіргі таңда ұлт ретінде жеткен жетістіктері таңдандырмай қоймайды. Олардың мемлекеттік жүйесі көп елден озық, техникалары басқалардікінен мықты, қарапайым адамдарының мәдениеті өзгелерді тамсандыратын жағдайда болуы бір немесе он жылдың емес, ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлердің жемісі.
«ABADAN» білім беретін мектебі ҚР-ның білім беру стандарттарын сақтай отырып, қазақи салт-дәстүр, төл құндылықтарды ұстанып, «қазақ-жапон» концепциясын енгізуді жүзеге асыруда. Ол 3 түрлі бағытта жоспарланды:
1. Өзін өзі басқару бағыты;
2. Әдептілік және қамқорлық бағыты;
3. Жапонтану бағыты.
Өзін-өзі басқару бағыты бойынша оқушылар сыныбын, орнын таза ұстауға, өзіне-өзі қызмет жасауды үйренуге дағдыланса, Әдептілік және қамқорлық бағыты бойынша үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге, қоршаған ортамен дұрыс байланыс жасауға тәрбиеленеді. Ал Жапонтану бағыты – жапон тілі мен мәдениетін үйретуді негізге алады:
1. Жапон тілі — жапон тілін деңгейін анықтайтын 5-1 дәрежеге дейінгі халықаралық тестке дайындық, жапонияда білім алу программаларына, жапон тілінен шешендік өнер сайысына дайындық;
2. Оригами — оқушылар мидың басқаруымен қолды жұмыс істетіп үйренеді, саусақтардың ұсақ моторикасы, көзбен өлшеу қабілеттері дамиды, өз жұмысының нәтижесін көруге бағытталған табандылыққа үйретеді;
3. Жапон мәдениеті (икебана, калиография, жапон тағамдары, жапон киімдерімен танысып, өз қолдарымен жасап, ұстап көру үйірмелері.
Аталған құндылықтар негізінде «ABADAN» мектебіндегі «қазақ-жапон» концепциясының құндалықтары:
— Қолды кеудеге қойып амандасу (кез келген жерде, кез келген адамға амандасуды үйрету);
— Үлкенге құрмет көрсету;
— Кішіге ізет білдіру;
— Рақмет айту әдебі (Жағдайға сәйкес, кез келген жерде, кез келген адамға рақмет айтып үйрену);
— Үлкеннің рұқсатынсыз тамақтануды бастамау;
— Үлкеннің рұқсатынсыз дастарханнан тұрмау;
— Ас аларда және ас соңында шүкіршілік немесе бата айтуға үйрену;
— Сабақтан кейін өз отырған орны мен сыныбын тазалау;
— Сыныпта тамақтану, өз-өзіне қызмет ету, ыдыс-табақтарын өздері жинау;
— Мектепке сыртта киетін аяқ киіммен кірмеу;
— Кезекке тұру, кезекті сақтау;
— Жан-жануарларға қамқорлық көрсету;
— Табиғатпен сырласу, өсімдіктерге күтім жасау.
Бүгінде жоғарыда аталған құндылықтарға негізделген білім беру жүйесі бойынша әр сабақтың өн бойында «адамгершілік», «құрмет», «әдептілік», «отансүйгіштік» секілді ұлттық дүниелер жан-жақты дәріптеліп, қыркүйек айы – «Құрмет айы» болып жарияланып, әр сынып мектепішілік тәрбие сағаттары мен іс-шаралар ұйымдастырылуда. Бұл жаңа бағытты енгізуді Алматы қаласында орналасқан әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Шығыстану факультеті, Жапонтану кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы Сауданбекова Шынар Тұрғанбекқызы арнайы Шымкент қаласына қоныс аудару арқылы жүзеге асырмақ.
Өмірде өлшенбейтін іс – балаға берген білімің, мейірімің, қамқор пейілің. Ол – болашақ. Болашақтың бүр жарған сабағына құйған білім нәрің мәңгілік екені хақ. Осы тұста осынау мәңгілік борышты ауырсынбай, аянбай, өзімнің адамгершілік парызым, қала берді ағалық қамқорлығым деп түсінген мектеп басшысы Омаров Оралхан Темірханұлының да еңбегі орасан зор. Мектеп басшысының басты талабы – ізгі қасиеттерді өн бойына қалыптастырған, өзгеге тәлім бере алатын озық ойлы, жаңалыққа жаны құмар, педагогикалық өзгерістерге төселгіш, рухани бай мамандардың болуы. Ол орынды да. Себебі білім сапасы ұстаз қызметінің сапасына тікелей байланысты.
Әлемдік «Мак Кинзи» компаниясының кеңесшісі және Ұлыбританиядағы білім сапасының сарапшысы М.Барбер «білім беру нәтижесін түбегейлі өзгертудің басты үш факторы бар, олар — педагогтік қызметке соған лайық адамдардың келуін қадағалау, оларды оқытушылық қызметін тиімді жүргізуге қажетті деңгейде даярлау және әрбір білім алушыға сапалы білім беруге қолайлы жағдай туғызу. Өйткені, кез-келген білім беру ұйымындағы білім сапасы онда жұмыс істейтін оқытушылар сапасынан жоғары болуы мүмкін емес» деген екен. Сонымен қатар өзінің көптеген шет елдерде жасалған зерттеулеріне сүйене отырып, «әлемдегі нәтижесі жоғары білім беру ұйымдарын басқарудағы бәріне ортақ қасиет – ұйым жұмысындағы сапалы өзгерістерге қол жеткізудің бірден-бір факторы педагогтерді дамытуға қажетті жағдайлардың жасалуы» деп тұжырым жасаған. Мектеп үшін де маңыздысы – осы. А.Байтұрсынұлы өз сөзінде «…мұғалім қандай болса, мектеп һәм сондай болмақшы» деген. Бүгінде «ABADAN–SUCCESSFUL» мектебінде 120-ға жуық білікті маман жұмыс атқаруда. «Өнер», «Спорт», «Интеллект» бағыттары бойынша жүргізілетін 18 түрлі үйірменің жұмыс істеуі жаңа заман талабына сай, тікелей балалардың жан-жақты дамуына бағытталған. Атап айтар болсақ, каратэ, бассейн, шахмат, теннис, көркем гимнастика, хореография, қолөнер, IT start, Esy English сынды үйірмелер оқушылардың қызығушылығын тудырып, мектепке деген сүйіспеншілігіне жол ашуда. Мұның барлығы — мектеп мақсатының айқындығының дәлелі.
«ABADAN» мектебі — бүгінде білім айдынындағы үлкен кеме. Мектеп ұжымы жаңа заман талабына сай, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіре білген, интеллекті жоғары өскелең ұрпақты тәрбиелеуде, оқушылардың білім көшімен алға жылжуына, адамдық шыңына шығуына күш жұмсап, қажырлы еңбек етуде.

Ә.Нұрекешова,
«Абадан» мектебінің қазақ тілі пәні мұғалімі.