МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ МӘСЕЛЕСІ ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІККЕ ЫҚПАЛ ЕТЕДІ
Заң – қоғамдағы тәртіпті қамтамасыз ететін айрықша функция. Әйткенмен кейде әлеумет арасындағы кейбір келеңсіздіктерге заң емес, оның орындалмауы себеп болып жатады. Бұған мысал көп. Соның бірі – мемлекеттік тіл мәселесі. Жасыратыны жоқ, бұл бүгінде жиі көтерілетін тақырыптардың біріне айналған. Әлеуметтік желідегі жұрт жапа-тармағай талқылап, қызыл кеңірдек болып жатады. Бір ғана нәрсе анық. Қазақ тілі бүгінде мемлекеттік аппаратта «аударма тіліне» айналып барады.
Елімізде мемлекеттік тілдің тұғырын тіктейтін «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Заңы бар. Оның төртінші бабында былай делінеді «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс-қағаздарын жүргізу тілі». Осының өзі-ақ санасы сергек азаматқа ана тіліміздің маңызы мен міндетін айшықтап беруі тиіс еді. Әйткенмен іс жүзінде бұл заңның сақталып жатқаны шамалы. Бүгінде мемлекеттік биліктің түрлі тармағында жұмыс істейтін мамандар негізінен орыс тілінде ақпарат алмасады. Әрине, бұл орыс тіліне деген кертартпа ойдан шыққан тұжырым емес. Ана тіліміздің қолданыс аясы тарылып бара жатқанына күйінгеннен айтылып жатқан ұйғарым. Осының кесірінен, мемлекеттік тілге қатысты мәселе көп. Мұны өзінше түсінген әлдебір азаматтар орыс тілін мемлекеттік тілмен қатар қойып, қазақ тілінде ақпарат беруге қарсылық танытатындар да көбейіп барады.
Бұқараны былай қойғанда, елдің ішіндегі тәртіп пен тұрақтылықты қамтамасыз ететін заңдардың өзі орыс тілінде жазылады. Мәселен, ел Парламентінің VI және VII шақырылымында қабылданған 601 заңның алғашқы нұсқалары орыс тілінде әзірленген. Сосын қазақ тіліне аударылған. Мұның өзі мемлекеттік тілдің барлық салада бірдей қолданылмауына әсер етіп отыр. Мұны Тіл комитеті де растады. Осы тұста тағы да «Тіл туралы» заңға ойысайық. Оның сегізінші бабында «Мемлекеттік тіл – Қазақстан Республикасы меморгандарының, ұйымдарының және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының жұмыс және іс-қағаздарын жүргізу тілі» делінген. Демек соқырға таяқ ұстатқандай етіп заңға енгізілсе де, іске келгенде орыс тілінің үстемдігі әлі де жүріп жатыр. Дәл осылай жалғасып, мемлекеттік қызметте қазақ тілі жұмыс тіліне айнала алмаса, оның жалпы қоғамда кең сұранысқа ие болуы екіталай. Бір сөзбен айтқанда, ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейтуге қоғамдағы мемлекеттік тілді місе тұтпайтындарды былай қойғанда, белгілі біл саланың тізгінін ұстап отырған шенділердің өзі ынталы емес. Әйтпегенде қабылданғанына 26 жыл болған «Тіл туралы» Заңының талаптарын ескеру былай тұрсын, жатқа айтатын уақыт болды.
Бұған дейін мемлекеттік қызметтегі біраз мамандарды түрліше тәсілмен ақтап алуға тырысып келгеніміз рас. Мәселен, азат ел атанған уақытта еліміздегі сан түрлі саланың қыр-сырына қанық кәсіби қызметкерлердің мемлекеттік тілді білмеуіне түсіністікпен қарадық. Өйткені алып империяның құрамында болған жылдары қазақ тілінің мәртебесі турасындағы тақырыпты қозғаудың өзі қиын еді. Бұл уақыттарда ана тіліміз отбасының шеңберінен әріге аспады. Қала берді, тәуелсіздік табалдырығында тұрған тұста терминология саласында да мәселелер жеткілікті болатын. Бертін келе қоғам өзгергенімен өзгергісі келмейтін биліктегі азаматтарды көзіміз көрді. «Мен Кеңес Үкіметі тұсында орысша оқығанмын», «орыстілді ортада өстім» деген желеумен мемлекеттік тілде не баяндама жасай алмай, не депутаттық сауал жолдай алмай зейнет жасына жеткендерді де жақсы білеміз. Бертін келе бұлай ақталудың формасы өзгерді. Қазақтың кіл қаймақтарының шетелде білім алуына мүмкіндік беретін «Болашақ» бағдарламасы қолданысқа енгеннен кейін батыс көрген білімді ұрпақ ескі сүрлеуден шыға қоймады. «Шетелде пәленбай жыл оқыдым», «Еуропада жүріп қазақ тілін ұмытып қалдым», «маған уақыт беріңіздер» деген сыңайдағы сөздерді естіп келеміз, ести де беретін тәріздіміз. Міне, осылай мемлекеттік тілді місе тұтпай жүргенде қоғамда үлкен дау туды. Бұрындары ақталып құтылатын кей азаматтар енді қазақ тілінің болашағына сенбейтінін ашық айтып жүр.
Осы тұста жаһанның назары ауған Украинаның тарихына үңіле кетейік. 2014 жылы Украинаның оңтүстік-шығысында Еуромайданға қарсы наразылықтар басталды. Өйткені аталған аймақтағы тұрғындар орыс тілінің мәртебесіне қатысты талаптар қойды. Билікті орталықсыздандыруды көздеді. Украина шығысында негізінен орыстілді қоғамның тұратыны баршаға аян. Нәтижесінде шерушілер Харьков, Донецк және Луганск қалаларында әкімшілік ғимараттарды басып алды. Артынша қандай оқиға болғанын біз ғана емес әлем жұртшылығы жақсы біледі. Арада 5 жыл өткенде Украина Жоғары Радасы украин тілін бірден-бір мемлекеттік тіл етіп белгілеген заң жобасын қабылдады. Міне, сол уақытта Рада төрағасы Андрей Парубий былай деген болатын «Украин тілі – елдің ұлттық қауіпсіздігі. 2014 жылы Ресей танктері қай жерде орыс тілі болса, сол жерге барды. Украин тілі мемлекеттің негізін құрайды. Бұл туралы заңның болуы украиндықтардың өзін өзі құрметтегенін көрсетеді». Қарап отырсақ, тіл мәселесі ұлттық біртұтастыққа әсер етеді. Оның артында қауіпсіздік мәселесінің жатқаны бесенеден белгілі. Тіл үшін күрес күшейе берсе, елдің бірлігі сетінеп, ынтымағына сызат түседі. Бүгінгідей жаһандық геосаясат ушығып тұрған уақытта қоғамның тілге байланысты қақ бөлінуі өте қауіпті.
Жуырда ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов жақсы бір жаңалықпен бөлісті. Белгілі ғалым, тіл жанашыры өз сөзінде «Осы немесе келесі айда Үкімет «Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын» бекітеді. Онда жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлерге мемлекеттік тілді білуді міндеттеу енгізіледі. Алғашында барлық мемлекеттік қызметкерге міндеттеуді енгізіп көрдік, бірақ түрлі қарсылықтар болды. Талқылау барысында министр, министр орынбасары, әкім, әкім орынбасары секілді тек жоғары лауазымды тұлғаларға мемлекет тіл білу міндетелді» деді. Мұның өзі – бір жеңіс. Әйткенмен комитет төрағасы атап өткен қарсылықтың өзі біздегі жағдайдың тұрақты емесін аңғартады. Сондықтан бірте-бірте мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтетін бастамаларды жүзеге асырудың маңызы зор. Оның ішінде мектепке дейінгі білім беру ісіне толықтай мемлекеттік тілді енгізу, мемлекеттік қызметке баратын әрбір азаматқа қазақ тілін толықтай меңгеру талабын қою, заңдардың алғашқы нұсқасын ана тілінде жазу сынды жұмыстардың маңызы айрықша. Рас, мұндай бастамалар көтерілсе, солтүстіктегі көршіміздің бұқаралық ақпарат құралдары ұлардай шулап шыға келеді. Қазақ тілінің беделін көтеруді мақсат еткен министрді «русофоб» деп айыптап, түрлі кедергілер келтіргенін, ақпараттық шабуыл ұйымдастырғанын әлі ұмыта қойғанымыз жоқ. Осының өзі мемлекеттік тіліміздің абыройын асыруға мүдделі еместердің көбін аңғартса керек.
Әйткенмен «бөріден қорыққан орманға бармайды» деген сөз бар. Уақыт деген алып күштің ылғи бәсі биік дөкейлердің, қаржысы мен қуаты көп алыптардың ығына жығылары белгілі. Бүгін қолға алмасақ, ертеңгі күні өзге тілде тәрбиеленген өз Отандастарымыз билікке барғанда, күрес күшейе түседі. Өзгенің «сайқымазақ» саясаткерлері бір айтады, екі айтады, үшіншісінде қоюы мүмкін. Ал енді қазақ пен қазақтың күресінен кімнің ұтып, кімнің ұтылары белгілі…
Д. ОРАЗБЕКОВ.