8 АЙДА ҚАЗАҚСТАН ЭКОНОМИКАСЫ 4,9 ПАЙЫЗҒА ӨСТІ
Биыл 8 айда ел экономикасы 4,9 пайызға өсті. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин айтты.
Оның айтуынша, биыл қантар-тамыз айларының қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,9 пайызды құрады. Оның ішінде нақты сектор – 4,4, ал қызмет көрсету саласы 4,8 пайызға өсті. Негізгі салалардың барлығында оң динамика байқалуда, әсіресе құрылыс, сауда, сондай-ақ ақпарат және байланыс ең жоғары өсімді көрсетті. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 12,2 пайызды құрады. Инвестициялар ағыны көлік және қоймалауда – 49, білім беруде – 31,9, саудада – 30,1, ауыл шаруашылығында – 20,7, сондай-ақ өнеркәсіпте – 8,5, оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібінде 5,7 пайызға артты.
Вице-министр дерегінше, өңірлер арасында ең жоғарғы өсім Маңғыстау, Абай, Түркістан және Павлодар облыстарында байқалды. «Алдын ала қорытынды бойынша 2023 жылғы қаңтар-шілдеде сыртқы саудада тауар айналымы 5,7 пайызға өсіп, 79,5 млрд долларды құрады. Экспорт 44,8 млрд долларды құрап, оның ішінде өңделген тауарлар экспорты 14,2 млрд долларға жетті. Тауарлар импорты 34,7 млрд долларды құрады. Жалпы оң сауда балансы 10 млрд долларға тең» деді Азамат Әмрин.
«Уақыт».