ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚСЫЗ ОТБАСЫНДАҒЫ ТӘРБИЕ – ҰЛТТЫҢ ЖАРҚЫН БОЛАШАҒЫНЫҢ КЕПІЛІ

Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім жақындарына, туған туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады. Адамның жеке басының алғашқы қалыптасуы отбасынан басталады. Оның ержетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілер отбасында қалыптасады, сондықтан да туған үйдің жылуы оның көкірегінде көп жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде жүреді.

Отбасының басты қазығы, алтын тіреу діңгегі – бала. Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының әсері мол. Отбасының әрбір мүшесі, өзара сөйлесіп, не болмаса ата-ананың, баланың міндетін атқару ғана емес, береке-бірлік, сүйіспеншілікпен араласса, босағасы берік, шаңырағы биік отбасына айналары сөзсіз. Ата мен ана – бала тәрбиесінің қамқоршысы, өнегесі.
«Ата — асқар тау, ана — бауырындағы бұлақ, бала — жағасындағы құрақ» деп ата-ана мен баланы табиғаттың тамаша құбылыстарына теңеген халық мақалына қайран қаларсың. Отбасы – адам ғұмырының тірегі ғана емес, қоғамның да басты негізі!
Дәстүрлі қоғамда ата-ананың тәрбиесін көрмей өскен бала болмаған.
Әке — әулет басшысы, отбасы мүшелерінің тірегі, асырап сақтаушысы, қамқоршысы. Отбасындағы ұл тәрбиесінде әке мен аналардың орны ерекше.
Қазақ қоғамындағы әйелдердің орны жайлы әңгімелескенде, Орта Азияны мекендеген басқа халықтардың әйелдерімен салыстырғанда қазақ қыздары мен әйелдерінің анағұрлым еркін болғанын айтқан жөн. Олар жүздерін жамылғылармен бүркемей, ашық өмір сүрген.
Дегенмен қазақ әйелдері үшін басты міндет – отбасы беріктігін сақтау, бала тәрбиелеу, ерлерін барынша сыйлау, рухани қолдау көрсету.
Түйгені көп шешесі қызымен, келінімен өмір тәжірибелерін бөлісіп, болашақ үлкен өмірге дайындайды. Туыс ағайындардың әйелдері – абысындардың қарым-қатынасы өзара көмек пен түсіністікке құрылады. Сондықтан да «Абысын тату болса, ас көп, ағайын тату болса, ат көп» деген.
Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнер білімі ұл баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, соған қарап өсетін нысанасы. Қазақ баласы жақсы, өнегелі азамат болса «Оның әкесі немесе атасы жақсы кісі еді, көргенді бала екен, өнегелі жерден шыққан ғой» деп мадақтайды.
«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей отбасында ұлдар әкелері немесе аталарының бойындағы қасиет пен өнерін үйреніп өскен. Ата өнерін ұрпағының қууы, оны мирас етуі қазақ отбасыларында жиі кездесетін дәстүр. Билік, батырлық, әншілік, серілік, мергендік, аңшылық, зергерлік сияқты ата-баба өнерін жеті атасына дейін жалғастырған әулеттер қазір де баршылық.
«Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» дейтін қазақ қыз балаларының тәрбиесіне аса үлкен назар аударған. Кәмелетке толғанға дейін бойжеткен болашақ отбасы өмірінің басты міндеттерінен сабақ алады. Ол ерінің адал жары, ана болу, отбасы беріктігін сақтаушы қызметіне, шаруашылықтың барлық жақтарын игеріп жүргізуге, қонақты лайықты қарсы алуға, туыстарын сыйлап қадірлеуге дайындық тәрбиесі.
Көргенді отбасылары қыз баланы «қонақ» деп мәпелеп, қадірлеп өсірген. Қыз баланың тәрбиесіне ең бірінші анасы жауапты болған. Қазақ жақсы келінді қызынан кем көрмеген. Қазақ дәстүрінде үлкеннің атын атамай, тіріде өзін, өлгенде аруағын құрметтеу – жақсы келіннің әдептілігімен тәрбиелілігінің айғағы. Тұрмыстағы көргені мен түйгені, ақылдылығы, парасатты келінді есейе келе, ауыл-үй құлақ салып ақылдасатын ана дәрежесіне көтереді. Қазақ отбасында өз баласын мейірімділікке, имандылыққа баулып өсірген. Үнемі жанұясында осылай тәрбие көрген бала, өздігінен адал, тиянақты, ұқыпты болып шығады.
Әйелдің еріне қарым-қатынасы балалардың әкеге көзқарасының сипатын анықтайтыны берік есте болуы тиіс. Мұның өзі, бір жағынан, үй ішіндегі әдептің бастау көзі екені анық. Демек, балалар үшін әке беделі аналарының сөзі, іс-қимылы, қас-қабағы арқылы қалыптасады. Мысалы, ерлі-зайыптылар балаларының көзінше бір-біріне қатты, балағат сөздер айтыспақ түгіл, дауыс көтеріп, керісуге тиіс емес. Олай еткенде, өз беделдерін жоғалтудың, бала-шағаның жүрегін шошытып, зәресін ұшырудың үстіне, олардың жанына, кейін, өздері үй болғанда, алдарынан шығатын жаман әдеттің ұрығын егеді.
Бұл жағынан аналардың балаларға «әкеңмен ақылдас», «әкең біледі», «әкеңнің айтқанын істе» сияқты дәстүрімізде бар сөздерді айтып отыруы қандай ғанибет!
Атақты «Абай» эпопеясында халқымыздың осыған орайлас қадірлі дәстүрін танытатын мынадай бір тағылымды эпизод бар. «…Семей қаласында үш жыл оқып, жайлаудағы әке үйіне күн кешкіре жеткен, 13 жасар шәкірт бала — Абай аттан түскен бетте, амандасу үшін, шешеге қарай жүреді. Сонда ақылды да байсалды ана Ұлжан «Әй балам, анда әкеңдер тұр, әкеңе барып, сәлем бер!» дейді. Бір сәтке балалық сезім жеңіп, қателік жіберіп алғанын түсінген жас Абай кілт бұрылып, ортасында әкесі Құнанбай бар шеткерірек тұрған оқшау топқа қарай адымдай жөнеледі». Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов мұны халықтың жүрекке жылы осындай тамаша дәстүрінен хабардар ету үшін ғана емес, оның тәрбиелік зор маңызын жоғары бағалағандықтан да келтіріп отырғаны анық.
Ата-ана бір-бірінің қадір-қасиетін осылайша ардақтап, беделін өсіруі, араларында өкпе-наз, кикілжің туа қалғанда, оны балалардан оңашада, екеуара шешіп отыруы – шынайы инабаттылық, әдептілік.
Өкінішке орай, бүгінгі күні, жас отбасыларында өзара түсініспеушілік, әйелді кемсітушілік, отбасын сақтауға жауапкершілік пен ықыластың төмендігі, керек десеңіз, қатыгездік сияқты келеңсіздіктердің орын алу жағдай кездеседі.
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауының бесінші «Заң және тәртіп» бағдарында отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыс санатына жатқызуды, отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайтынын, отбасында ойран салатындар жазаға тартылмаса, олар басынып, жапа шеккендер мүлдем қорғаусыз қалатыны, сондықтан да жазаны күшейтетін кез келгенін атап айтты.
Сайып келгенде, қоғамды әдеп-инабат өлшемдерінің терең тамырланып, кең жайылуына отбасының маңызы орасан зор. Әрбір ұяның қос тіреуі – ерлі-зайыптылар өздеріне қатысты әдеп-адамгершілік талаптарын, құқықтары мен міндеттерін мүлтіксіз орындаса, бүкіл қоғамда, елде бейбіт те берекелі тұрмысқа негіз қаланбақ, демек ұрпақтарына құтты қоныс, жайлы болашақ қамтамасыз етілмек!

Г. Тайтелиева,
«Ордабасы аудандық әйелдер
кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы.