ТІЛ – ӘР ҰЛТТЫҢ ЕҢ ҰЛЫ АНАСЫ

«Тіл – жұрттың жаны. Тілінен айырылған жұрт – жойылған жұрт» деп Халел Досмұхамедұлы атамыз айтқандай, тіл – халық қазынасы, әр ұлттың ең ұлы анасы. Ал ұлттың болашағы ана тілінде екені айдан анық. Оның мерейін асқақтатын да, биікке самғататын да — өзіміз.

«Ана тілі – халық боп жасағаннан бері жан-дүниеміздің айнасы, өсіп-өніп түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі. Жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы, жанның барлық толқынын ұрпақтан — ұрпаққа жеткізіп, сақтап отыратын қазына» деп Жүсіпбек Аймауытов ағамыз айтқандай, елін, жерін сүйген әрбір азаматтың ана тіліне деген сүйіспеншілігі болуы шарт.
Бүгінгі таңда Қазақстан үшін үш тұғырлы тіл – елдің бәсекеге қабілеттілікке ұмтылудағы бірінші баспалдақ болуда. Өйткені бірнеше тілде еркін сөйлей де, жаза да білетін қазақстандықтар өз елінде де, шетелдерде де бәсекеге қабілетті тұлғаға айналады. Дегенмен тілдің мәртебесін көтеру үшін арнайы іс-шаралар жиі өткізілсе, тіл дәріптеледі. Осыған орай, Қазақстан Республикасында тілдер мерекесі 5 қыркүйекте аталып өтілуде. Бұл – барша елге ортақ, жалпы халықтық мереке, барлық ұлт өкілдеріне көрсетілген құрмет. Айта кету керек, Тіл мерекесінің 5 қыркүйек болып белгіленуінің де өзіндік себебі бар. Бұл күн — «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деп ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тағдыры, тілі үшін күрескен Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Енді барша қазақстандықтар қазақ әліпбиінің негізін салған ғалымның туған күнінде Тіл мерекесін жылда атап өтеді. Қазақтың әдебиет зерттеуші ғалымы, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылы 5 қыркүйекте қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданы, Сарытүбек ауылында дүниеге келген болатын. «…Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді» деп Сәкен Сейфуллин баға берген қазақтың асыл ұлы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні Тіл мерекесімен қоса тойланатыны қалың қазақ үшін өте қуанышты жағдай.
Иә, тіл – қазына, тіл – рух, тіл – шың. Қазақ елінде өмір сүріп жатқан әрбір азамат «Айырсаң да қымбатымнан талай бір, О, Тәңірім, тек тілімнен айырма!» деп Тұманбай атамның сөзін ту етіп, тіліміздің деңгейін жоғары көтеруге атсалысуы қажет!

Гүлнұр Белботаева,
Сайрам ауданы Құтарыс ауылы
№30 Ы.Алтынсарин мектебі
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.