ӘЙТЕНОВТЫҢ ӘКІМ РЕТІНДЕ АТҚАРҒАН ІСІ АЗ ЕМЕС
сынға сынбайтын кадрдың қалада қандай қолтаңбасы қалды?
Жуырда Шымкент қаласының әкімі ауысты. Осылайша еліміздегі үшінші мегаполисті 3 жыл 8 айға жуық басқарған Мұрат Әйтенов қызметтен кетті. Әкімдер кетеді, әйткенмен атқарған ісі қалады. Осындайда экс-әкімнің қалада қандай қолтаңбасы қалғанын тарқата жазуымыз тиіс. Мұрат Дүйсенбекұлы басқарған жылдары қалада қандай өзгерістер орын алды? Шымкенттің экономикасы өрледі ме, «өлді» ме? Неге басымдық берілді? Тарқатайық…
Мұрат Әйтенов 2020 жылы 21 қаңтарда қала әкімі болып тағайындалды. Ал бір жыл бұрын мемлекет басшысының сеніміне ие болып, өз лауазымында қалды. Жалпы соңғы жылдары Шымкент қаласының экономикасында ауқымды өзгерістердің болғанын айрықша айта кеткен жөн. Мәселен, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына айрықша назар аударылды. Қалада инвестициялық жайлы орта қалыптастыру бойынша да қыруар іс жүзеге асты. Бір ғана мысал, биылғы жылдың алғашқы 4 айында қала экономикасына 134,2 млрд теңге инвестиция тартылды. Көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 20,1 пайызға артқан. Бұл ғана емес, мегаполис экономикасына өткен жылы 148,7 млн АҚШ долларына тікелей шетелдік инвестициялар тартылды. Шаһарға «республикалық маңызы бар қала» мәртебесі берілген уақыттан бері өнеркәсіп өнімінің көлемі 492,3 млрд теңгеден 937 млрд теңгеге ұлғайды. Осы уақыт ішінде қалаға 2 трлн теңгеден астам қаржы құйылды. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 58 мыңнан 110 мыңға дейін өсті. Бюджет көлемі 146 млрд теңгеден 613 млрд теңгеге жетті. Макроэкономикалық көрсеткіштерде өсім динамикасы бар. Ағымдағы жылдың 5 айында құрылыс жұмыстары 29 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы 73 пайызға, бөлшек сауда көлемі 25 пайызға артқан.
Өнеркәсіп өнімінің артуына Шымкенттегі арнайы экономикалық және индустриалды аймақтардың ықпал зор. Нақтырақ айтсақ, Шымкентте жалпы аумағы 869 гектарды құрайтын 5 өндірістік алаң жұмыс істейді. Онда 13 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құрумен, 358 млрд теңгеге 337 инвестициялық жоба іске асырылуда. Бүгінде бұл жобалардың басым көпшілігі іске асып, нақты кәсіпорындар өнім өндірумен және өңдеумен айналысып жатыр. Бір айта кетерлігі, Мұрат Дүйсенбекұлының тұсында өңдеуші, оның ішінде импорттық тауарларды алмастырушы жобаларға қолдау күшейді. Нәтижесінде, еліміздің ішкі нарығындағы отандық өнімнің әлеуеті артты.
Экс-әкімнің іскерлігінің арқасында өңірдің экономикалық әлеуеті турасында Үкімет сағаттарында оң пікірлер айтылып жүргенін былайғы жұрт жақсы біледі. Жуырда мемлекет басшысының тапсырмасымен Шымкентке арнайы келген премьер-министр Әлихан Смайыловтың сөзі оған дәлел бола алады. Үкімет басшысы былай деген болатын «Біз Шымкент қаласының шағын және орта бизнес үшін өнеркәсіптік аймақтар құру тәжірибесін кеңінен қолдаймыз. Биыл бұл тәжірибені барлық өңірде қолдану бағдарламасы жүзеге асырылып отыр. Шымкент шағын және орта бизнестің орталығы деп айтуға болады. Сол себепті шағын индустриялық аймақтарды іске қосу жұмыстары жалғасуға тиіс». Қош делік, осының өзі экс-әкімнің бастамасымен жүзеге асқан жұмыстардың оң бағаланғанына дәлел бола алады.
Әйтеновтың кезінде Шымкенттің үлкен құрылыс алаңына айналғанын жұрт жақсы біледі. Бұған негіз де бар. Үшінші мегаполистің «республикалық қала мәртебесін» алған уақытында шаһар маңындағы ондаған ауыл мен елді мекен қалаға қосылды. Міне, осылайша, инженерлік инфрақұрылымы реттелмеген жаңа шағынаудандар пайда болды. Алып шаһарға қарағанымен, жарық пен судан, жол мен көгілдір отыннан қысылған әлеумет бастапқыда жергілікті әкімдікті жиі сынайтын еді. Көптің пікірін ескерусіз қалдырмаған сол кездегі қала әкімі едел-жедел іске кірісіп, біраз мәселенің шешілуіне мұрындық болды. Нәтижесінде ауыз су, көгілдір отын және сапалы жарықпен қамту көрсеткіші 90 пайыздан асып жығылды. Бұқарамен жиі жүздесіп, мәселелеріне құлақ асты. Бюджеттің бүйірі созыла беретін сағыз емесін жұртқа түсіндірді. Бұдан бөлек, жол жөндеу жұмыстарын басты назарға алды. Нәтиже де жоқ емес. Атап айтқанда, 2018 жылы қаладағы жақсы және қанағаттанарлық жолдардың үлесі 53 пайыз шамасында болса, 2021 жылы 63,6 пайызға жетті. 2022 жылы 67,4 пайызды көрсетсе, биыл 71,2 пайызға жеткізу үшін 253 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әйтенов турасында сөз қозғалғанда, алып құрылыстарды айналып өтуге болмайды. Шаһарда екі бірдей жолайрықтың құрылысын қолға алды. Мұның өзі экс-әкімнің құрылыс саласында қолтаңбасы қалғанын айғақтайды деген ойдамыз.
Әлеуметтік салаларда да жүзеге асқан жұмыс көп. Тарқатар болсақ, Шымкентте 5 жылда денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жарақтандыруға 19 млрд теңге бағытталып, қамту деңгейі 67 пайыздан 79 пайызға артты. Соңғы 4 жылда 12 жеке емхана ашылып, мемлекеттік емханалардың жүктемесі 30 пайызға азайды. Білім саласына ойыссақ, үшауысымды мектептер жойылды. Аталған саладағы көрсеткіштеріміз бойынша еліміздегі үздіктердің көшін бастадық.
Қорыта айтқанда, Мұрат Әйтеновтың атқарған істері аз емес. Сынға сынбай, шыңдала білетін экс-әкім миллионнан аса халқы бар қаланы дамытуға үлкен үлес қосты. Әдетте кеткен кадрдың соңынан сынның ілесе кететінін жиі байқаймыз. Десе де жемісті жұмысын ұмытуға хақымыз жоқ!
Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.